Гүлжан Амангелдіқызы
Пандемия адамзаттың өмір сүру тәртібін, ғадетін түбегейлі өзгертіп, әсер еткенін байқадық. Тіпті өз басыма, отбасыма әсерін тигізгенін жасырмаймын.
Қалекең екеуміз онлайн жұмыс істеп жатсақ та өзімізді іссіз адам құсап сезіне бастадық. Өйткені газетке материалыңды жіберіп тастаған соң, басқа уақытта боссың дегендей. Содан идеяның авторы мен баяғы "жер салайық" деп бірдеңенің шетін қоңырсыттым) Ол басында қарсы болғанымен, соңында "өзің біл" деп құтылды. Сонымен көшет еккенімді бәріңіз білесіз. Сатуға келгенде біраз қиындықтар болды. Өйткені базар арендасы қымбат, әрі ол жерде орынды бұрыннан "қоныстанып" иеленіп алған ұйғыр, түрік ұлты көп екен. "Іштен орын керек емес, сыртта-ақ тұра берейін" дегеніңе контроллер қазақ жігіттері төбеңнен жоғары қарап, бір шырт етіп жерге түкіріп қойып, тістерінің арасынан әр сөзін сыздықтатып шығарып, сыздана сөйлегенінен-ақ жігерім құм болды. "Тұра алмайсыз, мың жарым арендасын төлейсіз" дегенде "ойбай, ол сырт жағы ғой. Тым қымбат емес пе? Бауырым, мың теңге қылсаңшы" дедім жалынышты үнмен. "Жоқ" деп кесіп айтқан соң, көнбесіме амалым қалмады. Тұрдым. Қала қазақтары көз қиықтарын салмастан, түрік, ұйғыр жаққа қарай кетті. "Е, менікінің түрі нашар болған ғой" дедім Бірақ, орыстар көңілімді көтеріп, біраз алып кетті. Бірақ орыстар аз ғой, қашанғы алсын күнге шыжып тұрып қалдым. "Мың жарым төлеңіз" деп контроллер жігіт келіп, қалтамды қағып кетті. "Бауырым, әлі өтпеді ғой" деп едім "Менің проблемам емес" деді. Мақұл дедім.
Қалада өтпейтінін білдім де орын ауыстырып, ауылдарға сата бастадым. Ауыл қазақтарында бәрібір бір жылылық бар. Қарамайды, алып кете береді. "Қалай егуді білесіз бе?" деп сұрасаң, "жер қазам да еге салмаймын ба" деп тұрады. Оларға ерінбей тәптіштеп түсіндірем. Қазақ апалар келсе ақшасын санамай ұстатып жіберем уыстап. Бір күні бір апаның "Жарығым-ай, қазақ екенсің ғой. Бұл кәсіпті де игере бастапты ғой қазағым. Айналайын жемісін көр, еңбекқор бала екенсің. Бұндайды қазақ жасай алмайды. Мұны түрік, ұйғыр, өзбектер егіп, сатады" дегенде, мен де бір толқып, бір намыстандым.
Көшет те таусылайын деді. Ауыл адамдары да алып болды. Енді Байсерке жақты бір көрейін. Өтсе өтті, өтпесе қазақтарға бес тиынға таратып берейін деп келсем, о Құдая тоба, ылғи түріктер. Жайып тастаған. Бір шетіне кеп тұра қалып едім, бірі шап етіп, айқай салды. "Бұл менің жерім, ары тұр" деді. Ары түрайын десем, екінші жағымдағы түрік айқай салды. Әлгі жерде сасып қалдым. "Енді қайда тұрам? Бұл жерді сатып алдыңыздар ма?" десем, "Бұл жер -,біздікі" деді ғой🥺 Әлгі жерде қаным басыма шауып-шауып барып қайтты. Сөйтсем, бұл жерді әкиматқа кіріп жүріп заңдастырып алған екен)) Әйтпесе, қуып тұрғызбаған екен. Мықты!.
"Жер қалай сенікі болады. Бұл менің жерім! Менің ата-бабамның қанымен келген жер!" деп айтайын-айтайын деп тұрдым да тілімді тііістеп тұрып қалдым)) Қазір мен бірдеңе десем, мені ұрайын деп тұр жардай болған түрік қатындар. Әрі ұлтараздыққа ұластырған өзің кінәлісің деп, жауып тастар құрысын деп, аузымды жауып тұрдым. Төбелесіп, таяқ жесем, осы жерде де білгіштер "Өзіңіз кінәлісіз. Өйткені олар сізден бұрын тұрғандар. Бүгін келе салып, жер менікі әрі тұр деуге сіздің хақыңыз жоқ" деп өзімді айыптайтынына шүбәсіз сеніп тұрдым.
Содан түріктердің арасында ұлтарақтай жер бұйырып, сүмірейіп тұрдым. Қысып тастаған. Товарым көрінбейді. Қазақтар кегжеңдеп қасымнан өте шығады. "Е, мынау қазағым екен ғой. Осыдан алайыншы" дейтін бір пенде болатын шығар деп, әркімге жәутеңдеп мен тұрмын...Жоқ, түріктерден алып кетіп жатыр, кетіп жатыр. Жиырма, жиырма бес теңгеден айдап жатыр түрік қатындар. Сезон бітті. Бұлар әлі қымбатқа сатып жатыр. Не деген мықты деп мен тұрм. Көшеттеріне қарап қоям, менікіндей көшет. Рас, маған қарағанда аумағы үлкен. Жәшіктерді үйіп қойған қаптатып. Машиналары бар. Мен сорлы төрт жәшікпен барғам
Бір-екі адам алған болды. Оның өзінде он теңгеден ешкімге білдірмей саттым. Өйткені түріктер "бағаны түсірме" деп шегелеп айтқан. Түске дейін құр отырдым. Өзімді бірдеңемен алдағым келді. Назгүлге бірдеңе деп коммент жазған болдым. Шаршап, қалжырап, ұйқым кеп...есінеп қойып, жан-жағыма қарадым. Қарадым да....бір кезде өз көзіме өзім сенбедім. Қатындарды қойшы, қазақтың еркектері түрік қатындарынан пакет-пакет әкетіп жатыр. Мені көрмей тұр ма деп "Аға, көшет алыңыз. Түсіріп берем, келіңіз" десем, отыз теңгеден түріктің жардай қатындарынан алып жатыр. Өз жерімде сүмірейіп тұрғаным, өз қазағым өзекке теуіп менсінбегені бар бір кезде ана еркекке айқай салдым. "Әй, өзіңізде бір ұлтыңызға деген сезім бар ма? Әлде қазақты танымайсың ба? Тұрмыз ғой, жалғыз қазақ боп мына жерде. Алсаңшы өз қазағыңнан. Сол көшет менде де бар ғой. Патриот болсаңдаршы бір уақыт" деп көгеріп алғам ғой. Ана аға да жуастау ма "Ойбай, қарындас ұрыстыңыз ғой" дид))) "Енді...қайтер екен десем...алмайсыздар ма өзімізден. Түсіріп беріп жатырмын ғой. Тіпті тегін-ақ берейінші" дедім күйіп кетіп) Түрік қатындары бәрі маған алара қарады. Осы жолы қорқар емеспін. Өйткені көк есекке мініп алғам.
Жоқ, әлгі ағам ұялды ма менен алды. Түрік қатыны маған "бірдеңе, бірдеңе"деп шәпілдей жөнелді. Мыңқ етпей тұра бердім.
Аз-аздан өткізіп жиналып жатқам. Гүл сатып тұрған Өзбекстаннан келген қазақпын деп таныстырған келіншек көзіме жылыұшырап тұрған. Дәретханаға кеткенде гүлдеріне қарап, мейірімділік танытып жақын тартқам өзімше. Мен кетіп бара жатқанда түріктен "он тал баклажан, он тал бұрыш беріңізші" дегенін анық естідім. Жалт қарадым. Асығыс пакетіне тығып жатқанын көрдім. Менен алса да болатын еді ғой. Тіпті сұраса қазақ болғаны үшін тегін тастап кетер едім ғой. Бәрібір әкетіп барам үйге(( Жүрек тұсым солқ етті. Өңешіме бір кесек келіп тығылды. Қанжармен біреу ту сыртымнан сұғып қалғандай болды. Мені қазағым да сатып кетті...
Маңайымнан шықпай, аяғыма кеп жататын мына итімді сағындым...Ит те болсаң қиын күндерімде сен келіп қолымнан иіскеп, жәудірей қарап едің...Әттең, "ит өмір-ай..."
Фейсбук парақшасынан