Лаззат Ахатова
Қазақта қалт айтылған сөз жоқ екен, байқасақ.
“Есіркеме жетімді..”деп басталатын мәтел бар ғой. Содан кейін “қанына тартпай тұрмайды”-дейді біздің халықта. Бұл ретте детдомда өскен адамдардың барлығын бір санатқа жатқызатын ойым жоқ. Десе де, Андрей Разинді Юрий Шатуновтың өліміне кінәлі күдікті ретінде ұстағанын естіп, көз алдымнан бір отбасының оқиғасы тізбектеліп өтті..Оқиғасы емес, трагедиясы десе, болар. Сотта қаралған істердің бірі.
Біздің облыста өңірге белгілі полиция қызметкері, генерал кісі бар еді. Оңтүстіктің тұрғындары баяндалған оқиғаны оқыса, қай отбасы, кім екенін де түсінетін шығар..Сол кісінің туған келіні біздің сотта сот мәжілісінің хатшысы болып істейтін. Атасы басқа облыста полиция Департаментінің басшысы еді, ал енесімен бірге тұратын. Яғни атасы мен енесі екі бөлек тұратын. Кейін білгеніміздей, қайын атасының басқа отбасы, ол жақта екі ұлы бар екен. Ал А..(хатшы қызымыздың атын атамай-ақ қояйын, осы желіде бар, ыңғайсыз болады)
Қош, сонымен бір күні төрағамыз ұжымды жинап, А..-ның енесінің екі күннен бері жоқ боп кеткенін, іздеп жатқанын, келіні жұмысқа келе алмайтындықтан, судьясына басқа хатшы тағайындалатынын ескертті. Ертесіне әйелдің қаладағы пәтерлерінің бірінен өлі күйінде табылғаны белгілі болды. Жаназасына бардық, ұжым болып. Жетісін өткізіп, А..жұмысқа келді. Енесінің жылын өткізіп, оны өлтірген қылмыскерді тапқанша, жұмыстан уақытша кететінін мәлімдеді. Содан оқиғаның қалай болғанын сұрастырып жатырмыз.
А..енесімен, күйеуі, екі қызымен жер үйде тұрады екен де, қаладағы екі-үш пәтерлерін жалға береді екен. Сол пәтердің бірінде ремонт жасалып жатқан ба, жоқ бірдеңе істемей қалған ба, сондай. Сантехник керек болған, қысқасы. А..-ның күйеуінен басқа бір қызы, яғни А..-ның қайынсіңлісі бар екен. Сол қызы Алматыда оқиды, бірақ сол уақытта қалада болады. Мамасы екеуінің арасында конфликт бола ма, сабақ кезінде неге келдің деп ұрысқан ба, сондай бірдеңе болған. Жалғыз қызының жеңіл жүріске салынып кеткенін байқап, соңғы кездерде сорлы анасы іштен тынып, ешкім жоқта өксіп жылайды екен. Сонда да жалғыз қызы болған соң, шешесі қызына деп бір бөлмені толтырып, “приданое” (қазақшасын ұмытып қалдым) жинап қойған екен. Қымбат ыдыс-аяқ, қымбат тондар, сейф толы алтын, бриллиант дегендей..Қазақтың, әсіресе оңтүстіктегі “жыртыл қазақ” дейтін пафосный ғұрыптардың бірі ғой. Қызы үшін бәріне даяр болыпты байғұс әйел.
Сол күні қызы шешесіне хабарласып, сағат 17 00-де қаладағы пәтерге жақсы сантехник баратынын ескерткен. Таныстар арқылы таптым депті. Енесі А..-ға звондап, жұмыстан сәл ерте сұранып келуін, кіші немересінің ысытпасы көтеріліп тұрғанын, әйтпегенде өзімен алып кеткісі келетінін, амалсыз үйде қалдыратынын айтқан. А..жұмыстан шығып, үйіне келгенде, үйінде кішкентай қызы ғана болыпты. Енесінің соңғы қоңырауы 17 30-дарда “пәтерге кіріп бара жатырмын. Құдай қаласа, сантехник бәрін жасап берсе, барып қалам ғой.” деген сөзбен аяқталған.
Сол кеткеннен әйелдің мүрдесі үшінші күні өлі күйінде сол пәтерден табылған..Мүрдеге қарауға жүрек шыдамайды дейді. Әбден қорлаған, тісін қағып тастаған, көзін ойған, сұмдық енді..Бүкіл қаланы дүрліктірген қылмыс болды. Генералдың әйелі ғой, как никак. Жаназасына үлгере алмай, қыстың көзі қырауда ұшақ ұшпай, (нелетная погода) жетісіне сонау солтүстік облыстың бірінен көлікпен келген генерал ағамыздың жас кезінен бергі талай қиындықты бірге өткізген сыңары жайлы жылап тұрып айтқан сөздеріне тебіренбеген, жыламаған жан болмап еді..Сөзінің соңында әйелінің атын айтып, “мені кешіре алсаң, кеш..Бірақ сенің аруағың риза болуы үшін сені қорлаған хайуанды табатыныма, түрмеде тура солай қорлық көрсетіп, өлтіртетініме ел алдында уәде берем”-дегенде, үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды..Өмір бойы полицияда істеген адамның озбырлығы ма, әлде өмірлік жолдасының қазасы есеңгіреткен жанның жан күйзелісі ме, ол жағына баға бере алмаймын, өздеріңіз саралай жатарсыздар. Екеуі де бар шығар...
Содан кейін расында генерал сөзінде тұрып, бүкіл тәжірибесін, абыройын салып дегендей, аталған қылмысты зерттеу Қазақстан емес, СНГ бойынша қолға алынғанын естідік. Полиция шындап кіріссе, кез-келген қылмысты аша алатынына сол кезде көзіміз жеткен еді.
А..-ға күнде болмаса да, күнара тел.соғамыз. Жағдайларын сұрап тұрамыз. Арасында өзі де келіп кетеді. “Күйеуім іссапарға кетті, үйде қайынсіңлім, екі кішкентай қызым төртеуміз қалдық. Кешке қарай қатты қорқамыз. Мама кіріп келе жатқандай болады да тұрады. Төртеуміз құшақтасып ұйықтаймыз”-деді бір келгенінде. Тағы бір келгенінде “қайынсіңлімді тергеуге екі рет шақырды. Допростан келген соң, жасауы жиналып тұрған бөлмеге барып, ұзаақ уақыт өзімен-өзі сөйлеп, “мама”-деп, бірдеңелерді айтады. Уайымдап жүрмін. Анасының өлімі қатты әсер етіп жүр. Психикасы бұзыла бастаған сияқты”-деді.
Сөйтіп жүргенде, апайдың қырқы болды. Бәріміз бардық. Қызы сол жерде анасына арнаған өзі шығарған өлеңін оқып, бәрін жылатты. Бірақ әкесі ғана селт етпеді. Қызына қараған көзқарасы біртүрлі болды. Аяушылық па, түсіне алмағандық па, өкініш пе, көзін алмай, кірпігін де қақпай, ұзаақ қарап тұрды.
Тура қырқы өткен күннің ертеңіне А..тел.соғып, қайынсіңлісінің қамауға алынғанын айтты. Даусынан шошып кеттік. Қорқыныш па, үрей ме, “мына үйде қалуға қорқам” - деп өксіп жылап тұр..”Балаларыңды алып, жұмысқа кел” дедік.
Қызымен қоса, құрбысын және жігітін ұстаған. Сантехник боп келген жүретін жігіті болып шықты. Ресейдің бір қаласында жасырынып жүрген жерінен ұсталды. Ал құрбысы қызбен титтейінен бірге өскен көршісінің қызы екен. Апай екеуін де қызындай көрген. Қалай өлтіргендерін, не себепті өлтіргендерін айтқанда, денең түршігеді.
Сол кезде ғана білгеніміздей, А..-ның енесі тумаған әйел екен. Ұлын бір ағайындарынан, ал қызды детдомнан кішкентай кезінде асырап алыпты. Әкесі мен шешесі ұл мен қызды туғандарынан кем қылмай, бар жағдайларын жасаған. Алайда ер адам өз кіндігінен ұрпақ қалуын бәрібір қалайды екен ғой. Ол - табиғат заңдылығы, ол үшін ешкімді кінәлай алмайсың. Күйеуіне “мен үшін ұрпақсыз өтпе, қуатың барда басқа әйел алып, өз кіндігіңнен ұрпақ қалдыр” деп, рұқсатын өзі берген екен, әйелі. Дана әйел екен, дегенмен..Жарын қимайтындай, жан жүрегімен жылайтынындай бар екен ғой дедік, естігенде.
Бірақ қызының әйелінің өліміне қатысы барын естігенде, асырап алған детдомнан бүкіл тегін тексертіпті. Оған дейін әкелік махаббаты жеңіп, дәті бармаған боп түр ғой. Шешесі - атышулы жезөкше, әкесі - үлкен қылмыстық топтың басшысы, рецидивист екен..Қазақта “қанға тартпай тұрмайды” деген сөз осыдан қалса керек.
“Маманы неге өлтірдің?”-деп сұрапты ағасы, артынан барғанда, қарындасынан..
- Ол менің туған анам емес қой..Сенің де туған анаң емес..
- Туған анамыз болмаса да, туғаннан артық еді ғой. Сен кішкентайыңда көп ауыратын едің ғой. Қалай қарағанын, қалай емдеткенін, сені қалай жақсы көргенін қалай ұмыттың?
- Білмеймін..Сабақтан қалма, жігіттермен көп қыдырасың, түнде жоқ боп кетесің деп ұрса беретін еді ғой маған.
- Ұрысса, адам болсын деп ұрысты ғой. Сол үшін өлтіру керек пе еді? Қалай дәтің барды, Р..?- деп жылапты, бауыры. Бірге өскесін, қимастық та болады ғой..
- Жігітім ана сейфтегі алтын, бриллианттарды сатып, бизнес бастаймыз деп айтты. Ал Ә..-ге(құрбысы) өлтіруге көмектескені үшін, пәтерлердің бірін сыйлауға уәде берді..
Жалға беретін пәтерлерін қызының атына жазған екен. Ұлы мем.қызметкер ме еді, соған қарағанда, нақты есімде жоқ.
Ал ана Ә..деген құрбысының әкесі өте бақуат, жағдайлары жақсы отбасы болған. Ол да жалғыз қызы екен, бір үйдің. Әкесі ірі құрылыс компанияларының басшысы.
- Қызым-ау, сен бір пәтерге бола адам өлтірдің бе? Пәтерің жоқ па еді? Қанша пәтер, қанша үй керек болса, сонша пәтер сатып әперуге де, қалауыңша салып беруге де шамам бар еді ғой. Пәлен жыл шәй деспеген құдайы көршімізді, бала күніңнен Р..-мен қосып сені де баққан анаңдай адамды өлтіретіндей не басыңа күн туып еді? Мен сонда қылмыскер қыз тәрбиеледім бе? Елдің бетіне қараусыз еттің ғой, балам”-деп, сотта өкіріп жылапты, байғұс әке..
Қылмыстық сотпен бір ғимаратта отырған соң, көрші залда қаралып жатқан сот процесіне қатысушыларды көріп отырамыз ғой. Бір күні екі қызды алып келді..Өрімдей-ау, өрімдей жап-жас..Сұп-сұлу, екеуі де..Уылжып тұр. Орыстардың “внешность обманчива” дейтіні рас екен. Көшеде көрсең, күнәсіз періште дейтін қыздар.
“Айналайындар-ай, неге адастыңдар? Не жетпеді сендерге?”-дегің келеді..
- Сен Н..-ды (ағасының кіші қызы) қатты жақсы көруші едің ғой. Егер сол күні температурасы көтеріліп, ауырмағанда, мама оны ана кв-ға алып барса, не істер едің? Оны да өлтірер ме едің?-деп сұрапты А..-ның күйеуі, зонаға бір барғанында.
- Иә, жанымдай жақсы көрем, кішкентай лапочка ғой. Бірақ свидетель болса, амал жоқ, оны да өлтірер едік қой...
Сантехник болып барған жігітке сот қылмыстық топтың (ОПГ) ұйымдастырушысы, жетекшісі ретінде 22 жыл берді. Құрбысына - 21 жыл, қызына - 20 жыл берді.
Қызға неге аз берген дегеннің жауабы төменде тұр. Осындағы бір досым, посттарды жазып жатқанда-ақ, екі қыздың түрмедегі тағдырлары жайлы мағлұмат беріп үлгерді) Шымдағы зонада көп уақыт жұмыс істеген екен.
Негізі кісі өлтіру идеясы бастапқыда қыздың жігітінен шыққан. Сот жаза тағайындарда жасаған іс-әрекетінің салмағын саралайды. Қылмысты бастаушы, ұйымдастырушы ең көп мерзімге сотталады. Қызы анасын өлтіргенге қатыспаған..Тек ас үйдің есігін жауып тұрған. Негізгі іс-әрекетті жігіт жасаған. Құрбысы оған көмектескен.
Ақырында түрмеде туберкулезден қайтыс болыпты. Оны естімеген екем, енді біліп отырмын..
Қыздың жеңгесі А..осы оқиғадан соң, өзіне зорға келді. “Бір ай бойы адам өлтірген қылмыскермен бір үйде тұрып, бір төсекте екі кішкентай қызым төртеуміз құшақтасып ұйықтағаным есіме түссе, шоши берем” деп, еңіреп жылайтын7 Байғүс қыз ұзақ уақыт стрессте жүрді..