"...Мен өлермін бәрін де талақ қылып,

Мен өлермін аспанға қарап күліп.

Біреу айтар: жарықтық от еді деп,

Қыршын ғұмыр жасымды санап тұрып" , -

деп жырлап өткен Табылды Досымовтың дүниеден озғанына міне сегіз жыл толып отыр. Аспанға қолын созған қыр баласының артында аяулы есімің ұмыттырмас Абылдай ұрпақ қалды. Аяш Абыл Табылдыұлы он алтыншы ақпан күні өзінің "Тұңғыш рет..." атты кешін өткізді. Қазақстанға бард жанрын алғаш алып келген Табылды Досымов болса, бард жанрындағы кешті Абыл Табылдыұлы өткізді.

-Сұхбатты бастамас бұрын сізді кешегі өткен кешіңізбен шын жүректен құттықтағым келеді. Өте биік деңгейде , керемет атмосферада өтті. Енді, негізі өзіңіз туралы жалпы мәліметпен бөлісе отырсаңыз.

-Рақмет көп-көп. 1996 жылы 22 маусым күні Атырау облысы, Индер ауданында дүниеге келдім. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрада бөлімін бітірдім. Ал қазіргі таңда "Қазақ концерт" мемлекеттік концерттік ұйымында қызмет етіп жатырмын.

-Балалық шақ-балдәурен, ешқандай жауапкершіліксіз, ойын қуып , асыр салып жүретін кез. Осы балалық шағыңызда қандай қызықты сәттер болды ?

-Әрине, қызықты шақтар көп қой. Алайда, қапыда ойға түсе де қоймайды екен. Әкеме қатысты бір оқиғаны айтып берейін. Үш қыздың арасында бір ұл бала болғандықтан мен ата-әжемнің қолында өсіп, тәрбиелендім. Әкеме ағамдай қарап, анама "апа" дейтінмін . Анамды құдды жеңгедей көретінмін. "Мама" деп айтсақ кемпір-шал қызғанып,балаша ренжіп қалатын. Әкем де жүрген жерінде достарына інім деп таныстыратын. Жолдастары таң қалып "Сенің туған бауырың бар ма еді ?" десе, "Негізі жалпы өзімнің балам ғой, бірақ Абыл екеуміз тек қызға бірге барған жоқпыз, қалғанының бәріне бірге барып келе жатармыз "дейтін.

-Мұқағали әкеңіздің сүйікті ақыны екенін білеміз. Ал сіздікі кім?

- Қадыр Мырза Әлі ағамыздың шығармашылығы жаныма жақын. Тіпті кешегі кеште де осы ағамыздың сөзінен мысал келтірген болатынмын. Әр

шығармашылық адамының өз болашағын болжай алатынын "Жазмыш" атты кітабында жазып өткен. Мысалға әкемнің де Астана астана болмай тұрып,"Астаналық ару" атты ән қалдыруы осыған дәлел.

-Негізі кешегі кешті қашаннан бастап жоспарлап едіңіз?

-Шынында, эскизі, дизайны, форматы бұрыннан ойымда дайын болатын. Ал кешке дайындықты бір ай қалғанда ғана бастадық. Жалпы дайындықтың барысында өзім жүріп, портреттерді де өзім іліп, басы-қасында болдым. Мен үшін қиындық туғызған дүние кешті өзім жүргізіп, өзім ән айтқаным болды. Белімді тым ерте буғандай болып көрінгенмен, келесіде қайталамаймын-ау дейтіндей сабақ алдым.Келесіде бұдан да жоғары деңгейде өткізе алатыныма көзім жетті. Мен үшін ең бастысы халықтың мені сынап емес, қолдап келгенін сезіне алдым. Сахнада еркіндік ала алдым деп ойлаймын. Әкемді сыйлап, әкемнің өнерін бағалап келген халыққа айтар алғысым шексіз.

- Кеше "Жалғыздық" деген әнді орындадыңыз. Өзіңіз жалғыздықты жиі сезінесіз бе ?

-Негізі бір ұл болғаннан кейін бе, табиғатымнан жалғыздықты, қараңғылықты, жалғыз жүргенді ұнатамын. Кешегі кеште де өзімнің жан дүниеммен бөлісіп, халықпен емін-еркін араласқым келді. Жүректеріне жетті деген ниеттемін.

- Кештің "Тұңғыш рет.." аталуының себебі неде ?

- Біріншіден, өнер жолындағы алғашқы кешім болса, екіншіден, әкемнің көзі тірісінде бард жанрындағы кеш Қазақстанда бұрын сонды болған емес. Бір жағынан әкемнің арман- мақсұды болса, екіншіден менің алғашқы қадамым. Сол үшін әкемнің рухына арнап "Тұңғыш рет.." деп атадым. Менің бұл жердегі мақсатым- әкемнің өнерін қаза қылмай, жарыққа шығарар ұрпақ барын білдіру,дәлелдеу.

- Негізі осы бард деген жанрды толығырақ түсіндіре өтсеңіз

-Бард жанры шетелден келген дүние емес, бұрынғы ата-бабамыздан қалған жыраулықтың жалғасы. Кейін музыка дами бастағасын ол да гитараға ауысып, менің әкем арқылы Қазақстанда бард жанры деп бастау алған. Әкемді көбіне В.Высоцкийге теңейді.Өйткені В.Высоцкий Ресейге бард өнерін әкелген жан. Бард жанрын ең басты рөлді сөздің ойнауымен ажырата аламыз. Сөздің бірінші рөлде болуы. Екінші-әні, үшінші- сөзін де, әнін де автордың өзі жазуы тиіс. Әнді міндетті түрде автор өзі гитара аспабында орындайды. Нағыз бардизмді гитара аспабында ойнаған кезде тани аласын.

Бір адамның бойында барлық қабілеттің болуы,яғни синтездік өнер болуы шарт.

 

-Кешегі кештен түйгенім , негізі сізге үміт артар жандардың қарасының көптігі.Үмітті ақтай алмай қалам ба деп сескеніп,жасқанған кездер болды ма?

-Біреу үшін емес, әкемнің өнері үшін болғандықтан дұрыс жеткізуге тырысамын. Жақсы бір әнмен жақсы бір ой қалдыру мендегі арман.

-Әкеңіздің ашылмаған қырларымен бөлісе отырсаңыз

-Ол кісі қолөнер шебері болатын. Ағаштан ою-өрнек, неше түрлі мүсіндер ойа алатын. Өте әдемі суреттер салатын, дизайндар жасайтын. Одан бөлек, спортпен айналысқан. Еркін күрестен спорт шебері болып, Ресейге Қазақстан атынан жарысқа да барған. Өнері шаң басып қалған қаншама ақындарды елге танытты. Жатқан жері белгісіз қаншама алып тұлғалардың сүйектерінің табылуына септігі тиген жан. Сонда ойланамыз "неге ол кісі қайтқан адамдардың сүйегін іздеп , құлпытас қойып жүреді екен ?" деп. Шыныменде кейін ойлана келсем , сол жандардан өз рухын іздейді екен.

- Жалпы әкеңізге ұқсайсыз ба?

- Әкемді көзі көрген көп жандар "әкең жиырма жасында сендей болған" деп бастайды да, дауысыма дейін ұқсатып жатады. Алайда мен бард жанры болғандықтан осылай орындалуы дұрыс деп санаймын.

-Болашақта сізді эстрададан көре аламыз ба ? Бард жанрында ма әлде эстрада ма?

- Әзірге алдымен бард жанрын насихаттау. Бірақ бұдан бөлек өз шығармашылығыммен де айналысқым келеді. Қазіргі таңда әншілер жаңа бағыт іздеп жүр. Мен неге іздеуім керек? Әкемнің салып берген сара жолын, асыл өнерін насихаттап, атын ұмыттырмау мендік парыз. Себебі жоқтаушысыз қалып жатқан қаншама мықты талант иелері бар. Алысқа бармай - ақ , атыраулық әнұран авторы Жұмекен Нәжімеденовты алайық. Әнұран авторы ретінде ғана білетін ақынның шығармашылық кеші өткен емес. Мен әкемнің өнерін жалғастырар ұрпағы бар екенін білдіргім келеді. Аллаға шүкір , қазір Табылды Досымовтың атында қоғамдық қор бар, жыл сайын фестивальдар, кештер өтеді. Осының барлығы көңіл қуантады.

-Кеште анаңыз әкеңіздің "Биіктік" деген жоспары бар деп айтып өтті. Осы жоспар туралы айта аласыз ба ?

- Иә, "Биіктік" деген кеш жасау менің әкемнің арманы болатын. Дизайны сызылған. Гитара мына жерде осылай тұрса, сахна осылай безендірілсе деп көп армандаған.

- Осы туындылардың арасында жүрегіңізге жақыны қайсысы?

-Маған өте қатты ұнайтыны - Бауыржан Үсенов дейтін қыршын кеткен ағамызды жоқтап жазған өлеңі . Осы әнді мен орындағанда бейне бір әкемді жоқтап отырған секілдімін. Әкем кезінде досын жоқтаса, мен осы әнді орындау арқылы әкеме деген сағынышымды басамын. Жүрегіме жылулық сыйлайды. Әкеммен үндестік сезінемін.

-Кешегі кешті үлкен бір істің бастамасы деп қарауға бола ма?

-Иә, әрине. Бұл бірінші қадам деп анық түрде айта аламын. Алла қаласа, бұдан да жоғары деңгейде болар. Алдағы уақытта мамыр айында Табылды Досымовты еске алу кешін жоспарлап отырмыз. Ол жерде енді әкемнің әндерін орындап жүрген эстрада жұлдыздары да болады.

- Жолдастарыңыз кеш туралы қандай баға берді ?

- "Дос жылатып айтады" дейді ғой , достарым әртіс , әнші болғандықтан сынап та айтқандары болды.Шалыс кеткен жерлерімді де, шабыттана асқақтаған кездерімді де дәл айтты.

- Сұхбатыңызға рақмет !

"Ата-анаға көз қуаныш алдына алған еркесі" деп Абай атамыз айтпақшы Табылды Досымовтың артында қалған ұрпағы, асылдың сынығы Аяш Абыл Табылдыұлына шығармашылық табыс пен сәттілік тілейміз! Әкеден қалған дара жолдың соқпағына шыдап, басты тік көтеріп, Алаштың асыл азаматы болады деген ниет әрбір қазақ жүрегінде шоқ болып маздауда.

Сағадинова Ырысты

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің

журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенті