ГҮЛБАҚЫТ ҚАСЕН 1975 жылы 18 тамызда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Ө.Жолдасбеков атындағы Құқық және экономика академиясында білім алған. 1995-2008 жылдары білім саласында, 2008-2015 жылдары Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында қызмет атқарған. 2015 жылдан Алматы облысы әкімдігінде облыс әкімінің бас инспекторы қызметінде. Облыстық, республикалық деңгейдегі тілді насихаттайтын шараларды ұйымдастыра жүріп, өткізілген жыр мүшәйраларының жинақтарын («Поэзия, менімен егіз бе едің?», «Сен менің еліме бар», «Жұматай – жыр қағаны») құрастырған. 2011-2014 жылдары облыстық «Жетісу» телеарнасында «Асыл сөз» зияткерлік телебағдарламасын ұйымдастырып жүргізді. «Алуа», «Бақыт гүлі», «Құсқанаты» атты жыр кітаптарының авторы. 2014 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2016 жылы Тәуелсіздікке 25 жыл мерекелік медалімен марапатталған. 

Сіз үшін ақын деген кім? Өлең дегеніміз не?

  Ақын, ең бірінші, Ар өлшемін өмірде де, өлеңде де тең ұстай алған мінезді, таза жүректі жандар деп айтар едім. Туа бітті ақынның мінезінде өзге жұрттан бір өзгешелік болатыны аян. Оның сыртқы бейнесінде де өзгеден оқшау белгілері болары сөзсіз. Ұстаным-пайымы, ой-парасаты пенделік тірліктен биік, саңлақтанып көрінеді. Мен үшін, міне, ақын деген – осындай тұлға. «Қылышынан қан тамған батырды, тілінен бал тамған ақын алуға» тиіс.

   Ал, өлең дегеніміз, ой мен ләззатты сезімнің қосындысы сияқты. Өлең өзегіңді өртеп, тұла бойыңды шымырлатып, жүрегіңді уылжытып кетуі керек. Шын өлең жанайқайың, жүрек үні, өйткені, өлең мен өмір – егіз жаратылыс, домбыраның қос қағысындай. Сағат Әшімбаев айтқандай, «өлең - өмірдің үзіліп түскен мөлдір тамшысы».

Өлең өлкесіне қалай келдіңіз?

 Өлең өлкесіне келуім менің киелі туған өлкем мен әдемі балалық шағымнан басталса керек. Менің туған ауылым – Айдарлы. Қаймағы бұзылмаған ауылымның қазыналы қарттары – шежіре, адамдары – өнерлі, ұстаздары – ұлағатты еді. Ауылымның сұлу табиғаты, салт-дәстүрі, әсіресе көктемде алма, өрік, шиенің гүлдеп, бүкіл бақтың гүлге орануы – маған қатты әсер ететін. Сұлулыққа тамсана жүріп, сол бақ ішіне орнатылған алтыбақанда тербетіліп отырып, ұйқасы келісе қоймайтын жырларымды жасырып, гүлге, аспанға, бұлтқа, құстарға арнайтынмын.

«Балдырған», «Ұлан», «Ақжелкен» – менің айнымас достарым болды, балаң жырларым жарияланып тұрды.

"Өлеңдердің белгілі мұраты болмаса, сөздің қуаты болмайды" Бұл - Гамзатовтың сөзі. Келісесіз бе?

 Келісуге де, келіспеуге де болады. Өлең – асқақ ойдың ұшқыны, ол қай сәтте де биікте. Өлең туғанда белгілі бір мұрат, мақсат, меже қуып тумайды ғой, ол жаныңды тебірентіп, тулап туады. Ал, сөз ешқашан қуатынан ажырауға тиіс емес. «Поэзия – адам баласының мәдениетін дамытудағы ең қуатты, құдіретті кұралдардың бірі» деген түсінікпен қарасақ, өлеңнің қуаты, өлеңнің пәрмені қашанда жоғары.

 Сіз сүйетін мезгіл қай мезгіл?

Көктем мезгілі.

Бір өлеңімде:

Сүйіп кеткен, сүйікті еткен, көктемім –

Мен өзіңмен биіктемін, көктемін.

Қалап тұрам құс біткеннің ән салып,

Алтын күннің шұғыласын төккенін,- деп жазған едім.

Қатарластарыңыздан кімдерді оқисыз? .

 Әлібек Шегебай, Роза Сейілхан, Дәурен Берікқажыұлы, Бақыт Беделхан, Алмат Исаділдің жырларын үзбей оқып тұрамын.

    Барша жұрт Мұқағалиды неге іздеп оқиды, өйткені, пенденің өзіне түсініксіз, бірақ, жанын жай таптыратын иірімдер басым. Санаңдағы адамзатқа тән толғаныстарыңды қымбат сезімге араластырып, оқығанда өзіңе жұмбақ күй ұсына алған жырлар – өлең. Замандастарымның осындай рухани азық беретін нағыз өлеңдері қуантады.

Алғашқы өлеңіңіз есіңіз де ме?

Анам мен ұстазыма арнап жазған едім. Төменгі сыныпта мерекеде құттықтау қағазын қолдан жасап, гүл салып, тілек жазатын едік қой.

«Анашым менің, анашым,

Жақсы көрген баласын.

Мен үшін асыл анасың

Мен үшін ана, данасың...» деп басталатын.

Керемет өлең деуге келмейтін болған соң ба, сақтамаппын.

Ару жүректің басты бақыты не?

Ару жүректің басты бақыты – сүйікті болу шығар. Бәріміз жас болдық қой. Ал, қазір мен жар сүйген, бала сүйген Анамын ғой. Менің бақытым – отбасым, жүрегімнің бір бөлшегі балам.

 Соңғы кезде не жазып жүрсіз?

 Құт қонып, бақ дарыған Жетісу жері – киелі мекенім. Осы қасиетті жердің әдемі, көркем жерлеріне, сұлу табиғатына арналған топтама жырлар жазу үстіндемін.

 "Ақын - шарықтау мен тоқырау атты екі сезімнің иесі" деген екен, Назым Хикмет. Осы ойға ой қоса кетсеңіз.

Ақын – адамзат сезімі мен санасына әсем сөздер арқылы ой тастай алатын ерекше құдірет иесі. Оның шарықтап тұрғандағы кейпі басқа, жүректің қағысы бөлек, көзқарасы өзге. Жанып тұрып, оттай лаулап тұрып жазған жырын оқып біткеннен кейін де таңдайыңнан дәмі кетпей, әрі-сәрі хал кешесің. Кейде, ұйқасында міні жоқ сезімнен алыс, ойдан жұтаң жырға кез боласың. Тоқырау деген осы шығар, бәлкім.

 Гүлбақыт əпке, аударма саласында өзіңізді байқап көрдіңіз бе?

Мен негізгі аударма жасауға аса құлық таныта қойған ақын емеспін. Аударма саласына кірісіп, аударма жасап жүрмін деп керемет ауыз толтырып айта алмаймын. Соңғы кездері қырғыздың талантты, дарынды жас ақын қызы Перизат Алмазованың біраз жырларын аударып жүрмін. Сонымен қатар, Ялта жерінде атақты суретші Мая Трубинаның отбасында дүниеге келген, небары 9 жасында Евгений Евтушенконың алғысөзімен «Черновик» деген жинағы шыққан, 10 жасында бүкіл әлемге танылған Ника Трубина деген ақын қыздың өлеңдерімен танысып, талантына таң қалдым. 27 жасында трагедиялық жағдайда өмірден өтеді. Оның өлеңдерін аудару алдағы күннің еншісінде шығар.

Уақыт бөліп,сұхбат бергеніңіз үшін рақмет,шығармашылық табыс тілейміз!


 

Менің жаным

 

Менің жаным – гүлдей нәзік,

гүлдей нәзік үлбірер.

Нәзіктікпен өмір сырын,

әлемді ұғып үлгірер.

 

Менің жаным – күндей жарық,

күндей жарық арайлы.

Арай тұнған жанарыма,

Ай ұрланып қарайды.

 

Менің жаным – айдай нұрлы,

айдай нұрлы әдемі.

Әдемі әлем тербеледі

Әсемдігі – мәні еді.

 

Менің жаным – сарша тамыз,

сарша тамыз күйдірер,

Күйіп-жанған сезім оттай –

ғашық жанды сүйдірер.

 

Менің жаным – ақша қардай,

ақша қардай, ақ тұман.

Жыр әлемге еніп барам,

Жүрегімде шаттық ән.

 

Менің жаным – алуа жыр,

алуа жыр балдайын.

Бал-шырынмен уызданған,

уызына қанбаймын.

 

Менің жаным – сенің жаның,

Сөнбес менің жалыным.

Бар әлемге нұр төгейін –

Шуақ сыйла, Жарығым!

*****

Ғашықтық жырлар қайда мен іздеген -

Жаныма әр жолынан ем іздегем.

Арналса егіз өлең гүлсезімге,

Төгілген шумағынан сені іздегем.

 

Ғашықтық әндер қайда сазы бөлек -

Бұлақтай сыңғыры әсем, назы бөлек.

Күрең күз адастырды, іздеп келем,

Сезімнің мәңгі көктем, жазы керек.

 

Ғашықтық күйлер қайда күмбір-күмбір -

Төгілсе маржан-інжу, көңілім дүр.

Қобыздың қоңыр үні мұңға басты,

Сарынды іздеп жүрмін көңілді бір.

 

Ғазал жыр, ән-күй керек естілмеген,

Алыстан, ауыл жақтан естілді өлең...

Өмірдің домбырасы тозғанымен,

Көңілдің пернелері ескірмеген.

*****

 

Қаншалықты күлсем бәрі «жақсы» деп,

Соншалықты зілмауыр мұң төгілер.

Ақшамнан соң шырағыңды жақшы кеп,

Түн іргесі сөгілер.

 

Сәл мұңайсам,

сезім жібі сетінеп,

Мөлдір тамшы тамса үзіліп кетпей ме?

Құрсағымда жыр-шақалақ шетінеп,

үнсіз ғана өтпей ме?

 

Қайғы емес, қуанышты қалаған,

Ғұмырыма –

ғашық жанның жыры азық.

...түсімде ылғи топты көрем аламан –

жалғыз қалам құлазып...

 

*****

Маған пана – ақ аспан:

Қара түнге жап-жарық Ай жарасқан.

Ай-Арудың нұр көйлегі – лағыл жыр,

Шолпылары – әдемі өлең таласпан...

 

Кеудемдегі – ақ жүрек:

Түн түндікке қонақтаған ақ тілек.

Жұлдыздарға тіл бітсе егер ғайыптан,

Өлең оқып берер еді-ау бақ тілеп...

 

Арман-ойым – ақ сенім:

Жолдарыңда шиырлағам, бақ сенің.

Ғарыш-көкте тұрмын жіпсіз ілініп,

...Шолпан, неткен жарық едің, жақсы едің?!

 

Нұрыңды құй, әппақ арман...

Ақ сенім...

 

Хаттар, хаттар

 

Жүзің қандай...

Нұр шашады пәктікпен,

Ес бола ма, ал жігітте хат күткен?

Мәңгі сені сүйіп қана өтермін,

Үзілгенше көкіректен ақтық дем.

(Алтынымның жырынан)

 

Хаттар, xаттар... алып ұшпай сезімді,

Сағындырдың гүл-қызғалдақ кезімді.

Әппақ құсым мен ұшырған қайтпады,

Қыс ызғары биыл ерек сезілді...

 

Хаттар, xаттар...

Алтынымның сәлемі,

Іңкәр жырлар - жүрегімнің жан емі.

Ақбоз атты Ханзаданы күтпеймін,

Жалықтырды ертегілер әлемі.

 

"Алуашым, шашырайды шапағың,

Қиялыммен сені құшып жатамын"...

Тәтті жыр мен бал сезімге у қосып,

Мен шындықтың кермек дәмін татамын.

 

Сұлусың деп бәрі мені мақтамақ,

Мендік сырға куә - қалам, ақ парақ.

Арзуымды Сүйгеніме жеткізші...

Қайдасың сен, Қарлығашым ақ тамақ?

 

Хаттар, xаттар...

Ақшам түссе есті алған,

Бейкүнә бұл маxаббатым кеш қалған.

Үкіміңе қарсы шықсам сүйдім деп,

Кешіре алсаң, Тағдырымды кеш, жалған!

 

Хаттар, xаттар, Ақшам түссе есті алған... 

*****

Соқыр түйсік қоймады, көкке өрледім,

Ала бұлтты жағалап бөктерледім.

Алуа-қыз, шықсаңшы,

Алаулата Шымқай әппақ қанатын кептерлердің...

(Алтынымның жырынан)

 

Әппақ бұлттар әдемі.

Сені іздедім.

Сені іздедім, дертіме ем іздедім.

Нәр құйылар таңдайға, тамар бал-жыр,

Өлеңіммен, әніммен, егіз бе едің?..

 

Екеумізді әлдилер аңсап арман,

Мың бір бұлақ күтеді ән сап алдан.

Асқақтайды Алатау - көз ұшында,

Әппақ бұлтқа айналам аңсағаннан...

 

Тауысармыз ақпанмен тамам мұңды,

Түбі әйтеуір, білемін табарымды.

"Өзіңді іздеп көк шарлап бұлтқа бардым..."

- Көктем... Әлде құс айтты xабарыңды.

 

Түбі әйтеуір, білемін табарыңды...

 

*****

Жанарың... Жанарыңда жұмбағың бар,

Малынып тұрғандай ма мұңға мұндар...

Мен саған түн ішінде өлең жаздым,

Білмек боп сағынғаннан, сырғалым хал.

(Алтынымның xатынан)

 

Жанарым...

Жанарыма байланар мұң,

Ілдірер кірпігіме Ай ғана нұр.

Сезімің сезіміме құштар неткен?..

Мен сенің Көктеміңе айналармын.

 

Жанарым...

Жанарымда - тылсым қалың,

Ұнайды алға дәйім ұмсынғаным.

Гүліңмін еркелетсең, жайнар бағың

Түсірмей алақаннан жүрші, жаным!

 

Аялап... жанарымды өпкен едің,

Есімде оттай ыстық өпкен ерін.

Дүрсілі жүрегіңнің жеткен сәтте-ақ,

Байқалды Маxаббат пен көктем лебі,

Алтыным!

 

Өйткені, мен Көктем едім...