Әңгіме
Тұрдығалиев Қайрат Кәрімұлы
Ауылда тұрдық. Ауылда өстік. Қара Қазанның маңында бауырсақ, құрт жеп есейдік. Сол қазанның отына жылынып, шоғына картоп көміп жеген күндер есімде. Қара Қазан бар тірліктің бастауындай болатын. Таңертең оған сүт пісірілетін. Сол Қазанға піскен сүттің шоғына таба нан жабатын. Мектепке барған жылы таба нан жегенім есімде . Одан кейін таба нан жаппаған сияқты.
 
     Бауырсақ пісіру де бір той сияқты болатын.  Қазіргідей сковородкаға қақтап пісірілмейді. Сырлы шелекте пісте май деген болады. Ол да ортаймайтындай көрінетін. Бауырсақты ысып, жайпақ легенге жая беретін. Сол легендерді тасып жүріп, бір бауырсақты ауызға тыға кететінбіз. Өзі ыстық, жұдырықтай болатын. Ауызға сыймай , тіліңді күйдіріп бара жатса да үрлеп-үрлеп жеп қоятынбыз. Молшылықтың белгісіндей болған Қара Қазанның маңы магниттей тартып тұрушы еді. Балық қуырғанда қандай десеңші. Қазаннның жартысына келтіріп май құяды. Ол әбден қайнағанша балық салмайды. Үлкен сүзгі ожауға толтырып балықты салғанда баж етіп сырты күйеді де ішіне май өтпейді. Міне саған технология . Міне саған балық қуырудың қытайлық әдісі. Қазір соны бәрі "китайский метод" деп малталарын езіп жүр . < Енеңнің бәтәкөйі!> деп айтатын бір тентек жеңгеміздің жоғын-ай десеңші. Шіркін, ауылымның дәмді тамағы... Жұпар ауасы...  
       Сол ата-енесінен қалған Қара Қазан Миялыдағы Қара Шаңырақтың ауласының бір бұрышына көмілді,  жерленді. Жылдар бойы құт болған, төрт құлақты, шойыннан құйылған қайран Қара Қазан, сол жазда тозығы жетіп түбінен тесілді.  Тамақ пісіріп, отқа қоюға жарамай қалды. Қазан сол жазда оттан түскенімен бірге анамызды да ала кетті.  Әжемізге қайдан келгенін мен әрине білмеймін. Бірақ, әкеміздің әпкесі Кәлима Тұрдағалиқызы үнемі айтып отырушы еді . Анамның ошағы, берекесі Үмітжанда қалды ғой. Босағасынан басы  шыққанша Үмітжан әкем мен анама қызмет қылды, алдынан кесіп өтпеді, отымен кіріп , күлімен шықты деп.  Сол Аққыз әжемізден қалған мұра Қара Қазан әулеттің ырысы болған, берекесінің бастауындай болған. Анамды жер қойнына тапсырған соң, әкем марқұм иманды болсын, мені қасына шақырып алып айтқаны әлі есімде . Үміттің қазаны осы жазда тесіліп, оттан түскенде , ішім бір нәрсені сезгендей еді. Бір жайсыздық болмаса екен деп тілімді кәлимаға кетіргем.  Ақыры осылай болды. Қара Қазан елу жыл бойы құлағынан ұстаған Үмітін алып кетті. Енді шешеңді жер қойнына тапсырғанда қалай болса, тура солай мына Қазанды таза жерге көм деген. Айтты.., бітті. Ауланың адам баспайтын жеріне қазан сиятындай шұңқыр қаздым. Қара Қазанды әкеліп, енді көме бергенде, ту сыртымнан әкемнің даусы естілді. Қазанды жерге төңкеріп, үстіне таза мата немесе киім жауып, содан кейін көм деді де шоқаңдап үйге кіріп кетті . Қалай айтса, солай тапсырманы аяқтап, үйге кірдім. Әкемнің бөлмесіне кіріп, тапсырманы аяқтағанымды айттым. Теріс бұрылып, жарға қарап жатыр, еш дыбыс бермеді. Сол жатқан күйінде қалды. Қара Қазанмен бірге жары, анасы қоса жерленгендей сезімде жатты ма екен... Сол уақытта мән бермеппін. Кейін ойлап қарасам,  менікі балалық екен. Пәленшені жерлеп келдік!- деп сүйінші сұрағандай айта салсам керек.  Сол Қара Қазан көмілген жерді әлі есімнен шығарғам жоқ.  Осы күзде Миялыма бармақпын. Сол Қазан көмілген жер аяқастылау болып тұр. Қазып алып, қайта таза жерге көмсем деп ойлап жүрмін .   Қасиетіңнен айналдым, қайран ҚАРА ҚАЗАН...