Фариза Амангелдіқызы

Жанат қарапайым қыз. Үйінің кенжесі. Әжесінің қызы болып өсті. Алдында екі әпкесі және жалғыз ағасы бар. Жастайынан өте білімді болып өсті. Кітаптан бас алмайтын, сәл уақыты бола қалса әжесінің жанына жүгіріп келеді.
Жәмилә әжей 15 жылдан бері көзі көрмей төсекке таңылған. Келіні Айнакүл(Жанаттың анасы) қарт ананың қас-қабағын бағып, көңіліне кірбің түсіргісі келмей осы уақыт аралығында бір ауыз артық сөз айтпай бағып-қақты. Қария кісі әсіресе аурушаң болса жас балаша болып қалады емес пе? Барлық қажетін орындап, күн жылыда сыртқа шығарып, аты-үстіне түсіп немерелері де бәйек болатын. Әсіресе Жанат әжесін ерекше жақсы көрді. Себебі, әжесі келінін қатты жақсы көретін. Үнемі:
- Өзің секілді адал келін бұйырсын саған,- деп батасын беріп отырады. Айнакүл ананың жалғыз ұлы болғандықтан, іштей «әумин» деп қуанып қалады. Бірақ арманындағы келін бұйырмайтыны оған беймәлім еді...
  4 - перзенті үшін аянбай еңбек еткен Сағындық аға(Жанаттың әкесі) мен Айнакүл жеңгей  қарапайым тұратын. Отағасы такси айдап, жеңгей дүкенде сатушы болды. 3 баланы оқытты, қажетін өтеді. Үйдің кенжесі Жанат та мектепті аяқтап, оқуға түсуді армандады. Бірақ, ҰБТ балы жетпей ауылда қалып қойды. 1 жыл ауылда қалып әжесіне қарады, сол жылы әкесі қатты ауырып пышаққа түсіп қалды. Қыстай отын тасып, қуығына суық тиіпті. Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады деп, анасы да сиыр сүтінен бруцеллез ауруына шалдығып, ауруханадан бір-ақ шықты. Сонымен, үйдің бар ауыртпалығы, малға қарау, отын жарып, от жағу, 95-тегі қарт әжейге қарау бәрі, бәрі Жанаттың мойнына түсті. Әпкелері тұрмыста, ағасы оқуда. Осы уақытта бүкіл ауылда сыбыр-күбір тарай бастады. Сағындық та, Айнакүл де ауырып жатыр, бар ауыртпалық қаршадай қызға түсті ау, одан да құдай кәрі кемпірді ала салмады ма деген әңгімелер гу-гу есті…
 Жанат мойымай, үй тірлігін де, сырттағы жұмыстарды да, ата-анасына, әжесіне де қарауды ұмытпады. Одан сәл қолы қалт етсе кітапқа жармасады. Қалайда биыл оқуға түсуім керек деп. Бірақ, бұл жылы да оның бағы шаппады. Математикадан ақсап, тағы грант иегері атана алмады. Тамағына ащы өксік тығылып, еңіреп қоя берді. Неге құдай маған көп көрді екен деп налыды. Бұл кезде ағасы қалада жұмыс жасап үйге қаражат жіберіп тұратын. Ата-анасының жағдайы түзеліп, беті бері қараған соң, Жанат қалаға ағасының жанына жұмыс жасауға кетті. Ақша тауып, ақылы болса да оқимын деп шешті. Әжесінің батасын алып, қалаға келді.  Ағасымен бірге көкөніс сатып  ақша топтады. Ағасы Санат өте жуас жігіт. Тірлігін істеп үнсіз күліп қойып жүре береді. Мінезі ауыр болғандықтан бүкіл ауыл оны жақсы көретін. Жақсы жар кездесуін тілейтіндердің қарасы көп. Ақыры сауданың арқасында Жанат та оқуға түсті(бір жылдан соң ақысыз оқуға ауысты), ағасының да жұмысы дөңгеленіп күннен-күнге жақсара берді. Алғашында пәтер жалдап тұрды, сосын жер алып, үй соғып бастады. Барлығын Жанат екеуі бірге жүріп істеген соң ба, ағалы-қарындас екеуі өте мейірімді болды. Ата-анасына да қаржылай көмек берді. Енді Жанаттың тек бір ғана арманы, ағасына керемет келіншек жолығып, сырлас жеңге табылса екен дейтін. Әжесі өмірден өтіп, ауылдағы қой-ешкіні қасқыр талаған соң, соңғы қара малды сатқызып, ата-анасын қалаға көшіріп алды. Үйдің құрылысы аяқталмаған соң барлығы пәтер жалдап тұрды. Жанат оқуды аяқтап, қаладағы мектепке тарих пәнінен мұғалім болып орналасты. Осы уақытқа дейін не жігітке қарамапты, не қыдырмапты. Үй аяқталып, енді бәрі Жанатты ортаға алып тұрмыс құруын айтып құлақ етін жей бастады.
- Бірінші ағам үйленсін, жеңгемді көріп, сырласып біраз жүрейін,- деген Жанатқа ағасы:
- Қарындасым, осы уақытқа дейін көмек бердің, өзіңді ойламадың, сенің жолың жіңішке, тұрмысқа шық,- деп рұқсатын берді.
  Жанат тұрмысқа шыққан соң, анасы келін алуды армандап Санатқа жар іздей бастады.
- Балам, бір күн ауру, бір күн саумын, білесің. Қашанғы соқа басың сопайып жүресің? Үйің бар, жұмысың бар,  енді мен де келіннің рақатын көріп, немере бағып отырайын,-деп күнде айтатын болды.
  Содан Санат ауылдың қызын жар етіп, бір-ақ күнде бойдақ күнмен қоштасты. Өзінен 13 жас кіші сұп-сұлу келіншегіне қарап, сүйсініп қояды. Алғашқы күндер жақсы өтіп жатты. Жас келін болған соң, майда-шүйде олақ тірлігіне енесі көз жұма қарады. Өзі жуас кісі, келін келген соң мүлде тұйықталып кетті.
Санаттың мінезі анасына тартқан болатын. Келіншегі бастапқыда үндемейтін, бертін келе "неге сонша мінезі ауыр, неге үндемейсің, тілің бар ғой айтсай, неге сонша сүмелексің" деп жайлы мінезін басқаға жорып тиісіп жүрді. Әле жас қой деп Санат та үндемейді. Оқуын аяқтап, дипломын алып берді. Екі балалы болғандықтан жұмысқа тұратындай болмады. Балалары әле кішкентай. 3 жылдан аса отырды үйде болды.
- Үйде отырып жалықтың ғой, балаларға өзім қараймын. Жұмысқа тұрып, бір мезгіл сыртта болып кел,- деп енесі келініне қолдау білдірді. Жақын жердегі мектептің басшылығымен сөйлесіп, жұмысқа тұрғызды. Басында бәрі әдемі еді. Бір күні ойламаған жерден жұмыстан шығып келді. Үйдегілер сұраса тіс жармайды. Бар айтатын жауабы:
- Істегім келмейді !- дейді. Қайынатасы мән-жайды білу үшін мектепке келді. Басшылыққа жазылған ол, жиналыстың аяқталуын күтіп отыр. Бір кезде директордың бөлмесінен топырлап мұғалімдер шыға бастады. Орнынан көтерілген Сағындық аға кіруге беттеді. Алдынан шығып үлгерген директор мұны көрді де:
- А сіз ба? Келіңіз,- деп бөлмесіне қайта кірді.
- Айналайын балам, менің келген себебім... Келінім осында оқытушы болып жұмысқа тұрып еді. Көп болмады. Таңертең  күнде жұмысқа бармайм деп жатып алады. Себебін сұрасақ айтпайды. Мектепте бір жағдай болды ма?- деді сұраулы жүзбен.
- Келініңіз жұмыстан шығарылды. Ауданнан сондай бұйрық келді. Өзі неге айтпады екен, хабары бар еді ғой. Ата-аналардың бірі шағым түсіріпті. Егер маған шағымданғанда шешіп беретін едім, істі насырға шапқызбай. Бірақ ол ата-ана тікелей ауданға шығыпты. Айтуынша, баласына қол көтерген көрінеді. Оны келініңіз де растап отыр.
Аңтарылып қалған Сағындық аға үнсіз есіктен шығып кетті. Үйге келгенше дәрмені құрып, аяқтары дірілдеп әрең жетті. Келді де бөлмесіне барып жатып қалды. Кешкі ас үстінде ақырын әңгіме бастады:
- Келін, шырағым. Мектеп директорына барып жолықтым. Айтқандары рас па?- деді сабырлы үнмен.
- Рас,- деп діңк етті келіні. Ішер асына түйіліп қалған қайын атасы ары қарай не айтарын да білмеді. Келіні сөзді өзі жалғады:
- Ұрмай, енді құдайдың ұлы ма еді? Тыңдамай миды ашытады. Ұрдым,- деді ашулы үнмен.
- Не жағдай болып жатыр?- деп сөзге енесі Айнакүл араласты.
- Өткенде бір балаға қол көтергем, сумаңдап жетіп барыпты ғой ата-анасы арыз жазып,-деді де болдым деп бетін сипап дастарханнан тұрып кетті.
- Масқара болдық көрші-қолаңға,- деп енесі бетін шымшыды.
  Осы оқиғадан кейін келіні үйде отырмаймын, жұмыс жасаймын деп ызыңдай бастады. Бір-екі мектепке барып еді, еңбек кітапшасындағы жазуларды көріп қабылбамай қайтарып жібереді. Амалсыз мемлекеттік жұмысқа қабылдамаған соң пельмен цехына жұмысқа тұрды. Ұрыс-жанжалдың барлығы осы жұмысқа тұрған соң басталды. Күйеуі Санат тым жуас. Келіншегіне артық-ауыз сөзі жоқ. Тіпті қайда барасың, қайдан келесің де те сұрамайды. Осы мінезін біліп алған жас келін бір жерге баратынын ескертуді де жөн санамайды. Бірте-бірте күйеуіне де суық қарайтын болды. Жанына да жақындатқысы келмей тыжырынып шыға келеді. Жұмысқа асығып ерте кетеді, кеш келеді. Келгенге дейін Айнакүл апа үй тірлігін тындырып қояды. Тіпті тамағына дейін дайындайды. Көрші-қолаң сөз ете бастады:
- Келін алып қолың да ұзармады-ау, өзің келін боп зыр жүгіресің,- деп ренжиді. Ондайда Айнакүл апа:
- Қайтем енді, байғұс жұмыстан шаршап келеді, бір жағынан болысайын да мен де, құры үйде отыра бергенше,- деп құтылады. Еріндерін сылп еткізген көрші кемпірлер өзің біл дегендей иығын қиқаң еткізіп кетуге асығады. Күндер өтіп жатты. Келіннің жұмысы қауырт. Күннен-күнге тым кеш келетін болды. Ата-енеге жақпайды әрине.
Күйеуі де қадағалап сұрамаған соң, жас келін өз дегенімен жүретін халге жетті. Бірте-бірте мінезі де өзгеріп сала берді. Кеш келсе кептелісті сылтаурататынды шығарды. Бір күні Сағындық аға келіні кешіккен соң сыртқа шығып көрді. Дала тас қараңғы. Анадайдан көліктің жарығы байқалды. Шеттегі дүкенге кіріп темекісін алып шыққаны сол, әлгі көліктен аяғын наздана басып келіні түсті. Сылқ-сылқ күліп қоштасқан ол, аялдамаға қарай жүрді. Өз көзіне өзі сенбеген Сағындық аға дереу үйіне беттеді. Тез-тез басып кірген ол жүзі сұрланып келінін күтіп отыр. Немересін ұйықтатып Айнакүл апа да бөлмесінен шықты. Есікті ашқан келіні ата-енесін көріп тыжырынып қалды. Жақтырмаған сыңай танытып бөлмесіне кіріп бара жатыр еді, қайынатасы тоқтатты:
- Келін, айналайын. Бүгін тым кеш келдің. Оның үстіне...
- Ия жолдың бәрі пробка ғой енді !- деді.
- Неге жұмысшылар таситын көлікпен келмедің? Әлгі мәшинедегі кісі кім?
- Бастығым. Көлік бұзылып жұмысшыларды өзінің көлігімен тасыды бүгін , енді бәріңізге отчёт тапсырмайтын шығармын!- деді ашуанып. Осы кезде Сағындық аға қатты ашуланып орнынан атып тұрды:
- Тапсырасың! Осы үйде тұрасың ба, демек бізге бәрін айтып отырасың!- деді қалшылдап. Пысқырып та қарамаған келіні бөлмесіне кіріп кетті. Жұмысынан шаршап келген Санат жемалып жатқан болатын. Оянып кетті.
- Сен не енді келгенсің бе?
- Бүгін бәрің келісіп алып мені тергеп жатсыңдар ма әдейі? Саған не көрінді?
- Ештеңе жатып демалайықшы,- деді Санат.
  Келінінің мына жүрісі ұнамаған Сағындық аға күдіктене бастады. Іштей тына алмады. Барып кемпіріне айтты.
- Ойбууу, мұның не шал-ау? Келінді аңдып жүрсің бе? Бұзылса бұзылған шығар мәшинесі. Құрсын, ешкім естімесін,- деген соң Сағындық аға да сабасына түсіп, үнсіз қалды. Бірақ күнде-күнде жеңіл көлікпен келуін қоймады. Соңында  шыдай алмай кетті.
- Келін, отырыңыз. Әңгіме бар.
- Айта беріңіз.
- Қандай әңгіме?- деді келіні кірпідей жиырылып.
- Келін шырақ! Мені жақсылап тыңда! Бір емес, екі емес, неге күнде-күнде бастығыңмен келесің? Мәшине бұзылды дедің, ал, жарайды сендік. Жұмыстың көлігі болған соң дереу жөндеуі керек шығар? Басқа жұмысшыларды неге ала келмейді? Немене, бастығыңа ерекше адамсың ба?
- Не деп тұрсыз? Ұялмайсыз ба? Не айтып тұрғаныңызды білесіз бе өзі?
- Денім сау, басым жайында. Сол үшін не айтып отқанымды өте жақсы білемін! Ал, жауап бер, неге?
  Қапелінде бұлай жағамнан алады деп ойламаса керек, келіні өтірік шыңғырып, жанжалдасып, кінәсі жоқ адамның кейпіне түсіп жылап қоя берді. Араға енесі түсті:
- Шал-ау, қойшы енді. Жазықсыз кінә тақпайық та. Көзбен көрмеген соң...
- Нені көрмеген соң? Нені? Жастарыңыз 50-ден асты. Жап -жас келінге бұлай жала жапқанша өле қалмадыңыздар ма! Бір аяғыңыз көрде бола тұра, маған кінә тағып!-деп ашуланды келіні.
- Мен көзбен көрген соң сұрап жатырмын неге күнде бастығың әкеледі деп. Басқа сұрақ қойдым ба? Жала жаптым ба? Мен тек не үшін дедім? Ал, сен өзің жауап бере алмай жанжал шығарып отырсың.
Осы кезде өтірік ашуланып, бұл тақырыпты жаппақшы болды да, дастархан үстінде тұрған шәй ішетін кесені алды да, қайын атасына қарай лақтырып кеп жіберді. Қақ маңдайға тиген кесе шытынап кетті де, маңдайынан қан бұрқ ете қалды. Зәресі ұшқан кемпірі атып тұрып бинт әкеліп, йод әкеліп зыр жүгіріп жүр. Өз ісіне ұялмаған келіні бөлмесіне бара жатыр еді, атасы:
- Көргенсіз!- деді атасы көзі аларып.
- Кім көргенсіз? Маған жала жапқан сіз бе, әлде өзін-өзі қорғаған мен бе?- деді келіні.
- Болды, енді шыдай алмайды екем,- деп бөлмесіне жүгіріп кетті. Артынан енесі барды. Келіні заттарын жинап жатыр екен:
- Қызым-ау, мұның не? Атаңнан кешірім сұрамайсың ба? Неге заттарыңды жинап жатырсың?
  Ләм-мим деп жауап қатпаған келіні тез-тез басып шығып кетті. Қайда кетті? Кіммен кетті? Келе ме жоқ па? Бәрі белгісіз... Кешкісін күйеуі келген соң мән-жайға қанық болды да, үнсіз қалды.
Жалғасы бар...