Болған оқиға  ізімен...

Ғани Әлихан

Асылбектен келдім деген хабар алғалы жаным жай таппай қойды . Ойлап қоямын , тап осы жерде аяғымды шалыс басқаным ба,әлде ол менің құтқарушым ба ? Міне осыны қанша ой елегінен өтірсемде жауабын таба алар емеспін . Өйткені басымды шырмап алған қорқыныш онан сайын үдей түсуде . Мұның өзіндік бірнеше себептері бар . Егер мен Асылбекпен осы жақын күндері кездеспесем онан соңғысының бәрі кеш болуы мүмкін .

Ал кездессем , оны мыналар білсе мені бұл үйден қуып шығары сөзсіз . Ол маған анық көрініп тұр . Бірақ ондай жағдайда мен бұл үйден кетем де өзім сүйген жігіт Асылбекпен өмірімді бастаймын . Бірақ мұншама байлықтан құр қалып қарапайым көптің бірі боп өмір сүремін . Ал кездеспейтін болсам , онда менің болашағым тұманды . Баламды туған күні бұлар менің көзімді құртуы мүмкін . Ол кезде бәрі де кеш болары анық . Бірақ бұл анық сондай болады дегенім емес . Сондай болуы мүмкін дегенім . Өйткені осы өткен түнде көз ілмей шықтым . Ал анау бәйбіше есігімнен қайта - қайта сығалап үрейімді ұшырды . Бұл оның жаны ашығаныма әлде қашып кетпесін деп аңдығаны ма ? Егерде шынымен де жаны ашығаны болса онда байсымағымды неге жібермейді . Ол неге келіп менің қасымда түнеп басымнан сипамайды . Неге керегімді әперіп қолқабыс болмайды . Құрсағымдағы бала соның бел баласы емес пе? . Оның үстіне маған келуге бәйбіше көз алдымда тыйым салды ғой . 
- Бізге бала керек қой Саке . Ол үшін сіңліме тыныштық керек екен . Доктор жақындауға болмайды деп айтты деген . Ол, ол ма осыншама сөзді айтып алып Сәкеңе қарап жымиғаны тағы бар . Оны мен мына қос көзіммен көрдім . Міне бұл екеуінің ым - жымы бір деген сөз . Жасырғандары бар деген сөз . Сондай ақ жеке доктормен сөйлестім , аптада бір келіп қарап береді . Ақшасын төлеп тұрамыз деген . Сонда бұл қалай ? Неге мені ауруханаға апарып көрсетпеске ? Неге мені өз еркіме қоймасқа ? Демек мұның бәріне бір себеп бар . Ол себеп мені көзден тасада ұстап тудырып алу ғана . Онан соң көзімді құртатыны анық . Мамаңа да айтпай - ақ қой , сюрприз жасаймыз дегенінің сыры осында . Қой ендеше , өз қамымды өзім жасайын . Есің барда еліңді тап деген ғой атам қазақ , Асылбекке хабарласайын деп хабарлама жаздым .
- Қайдасың ?- дедім ә дегеннен аман - саулықтан бұрын . Өйткені таң атар - атпас онымен хабарлама арқылы хал сұрасып тастағанбыз . Іле шала жауап келді .
- Астанадамын- дейді . Міне осыдан - ақ белгілі . Асылбегім телефонға телміріп әрең отыр ғой . Ол аздай тағы да хабарлама жетті .
- Қашан жұмысыңа келесің , мен правыйдамын- дейді . Ойбай правыйда болса ол маған тиіп тұр ғой . Жаным - ау телефонын құшақтап осы маңда жүр екен ғой өзі . Қап енді қайттім . Мына жерден қалай шықсам екен . Қандай жолы бар . Мына бәйбішеге не деймін ? 
Күте тұршы менен хабар болмағанша жазба , өзім жазамын жаным деп жазып жібердім .
Әрине ол күтпей қайда барады , оған мен керекпін . Бірақ осы мен бе керегі ,әлде менің ақшам ба , ол жағы маған тап қазір қараңғы . Өйткені өткендегі кездесуде мен одан :
- Құрдастардан қалған үшеу едік , міне мен де кеттім . Ал сен неғып үйленбей жүрсің деп сұрағанмын . Сонда ол маған :
- Сені күтіп жүріп кеш қалдым- деген . Осы сөзі рас па, өтірік пе , білмеймін бірақ өткен кездесуде қатты қолқа салғаны бар .

Өзі де сымбатты жігіт қой , жоқ деп бірден айта алмай қатты қиналғанмын . Сонда да бұйымтайым бүтін тұрғанда арымды былғағым келмеген . Сол үшінде дегеніне көнбей , айдауына жүрмей қойғаным бар . Тап қазір оған не кедергі ? Мына үйден шығатын жол тапсам болды , емін - еркін құшағына құлай саламын . Оныңда көксегені сол болса қарғып шығар . Сонда мен оған , мына бала сенікі десем уысымнан шығармай ұстап қаламын . Ол оны қайдан біліп жатыр . Балам деп қабылдап жатса құба - құп . Міне бұл табылған ақыл емес пе ? Бірақ бұл менің ойымдағы бірінші вариант . Ал екіншісін оны кеше айтып өткенмін . Ол мына Сәкеңнің көзін құрту . Сол үшінде мен онымен қалайда кездесу үшін , мына қапастан шығуым керек . Міне менің басымның қатқаны осы . Не деп айтамын , ауылдан жақын бір құрбым келіпті десем бе екен ? Жооқ , олай деуге болмайды . Онда сол құрбыңды үйге шақыр өзі келсін десе не деймін . Ал керек болса , басқа қандай жолы бар ? Айтқандай жауап таптым . Ия ия таптым , таптым . Ауруханаға барып тіркеуге тұруым керек демеймін бе ? Өйткені құрсақ көтерген қыз - келіншектерді мемлекет жеке бақылауына алмай ма ? Әрине мемлекеттің бақылауында болады . Сол үшін де тіркелу қажет . Міне бұл табылған ақыл дегенімше болмады , қолына стаканмен таблетка қорабын ұстаған бәйбіше жетті . Мен болсам көзімді жұмып алып үнсіз жатырмын . Міне алақанымен маңдайымды ұстап көрді . Үстімдегі жамылғымен аяқ қолымды қымтай түсті . Онан барып терезенің пердесін ашты . Көріп жатырмын түс боп қалыпты . Сонда ғана ұйқыдан оянып көзімді ашқандай болдым . Мұны көрген бәйбіше бетіме кеп қайта үңілді . Ойбай не деген қорқынышты еді мына қатын . Құдды бір жан алғыш жалмауыздың тап өзі қарап тұрғандай болды . 
- Сіңілім , мына дәруменді ішіп жіберші . Жәй ғана витамин ғой . Қызуың түсіп бетің бері қарапты . Қарныңда ашқан шығар . Кешелі бері нәр татпадың , ас бөлмеге барып тамақ ішейік . Болмаса осында әкелейін - дейді . Әрине мұнысы дұрыс - ақ . Менің де өз аяғыммен барып тамақты сонда ішкенім жақсы . Осылайша өзім жүре алатынымды дәлелдегенім жақсы . Себебі ауруханаға барамын деп сұранғалы отырғаным жоқпа ? Сол үшінде орнымнан тұруға асықтым . Бәйбіше болса қолымнан тартып көмектесіп жатты . Сонан соң екі жарымжан сүйемелдесіп сүйресіп асханаға жеттік . Шыныменде қарным ашыпты . Сорпаға бас қойдым . Маңдайымнан ақ тер бұрқ ете қалды . Міне осыдан соң әңгіменің төтесіне көшіп , сұрақты үйіп - төктім .
- Мен жұмысқа шығамын . Мына үйде қарап жата алмаймын . Жұмысқа үйренгенмін - дедім .
- Болмайды- деп селт ете қалған бәйбіше үзілді - кесілді қарсы шықты . Саған мүлдем қозғалуға болмайды сіңлім- дейді . 
- Неге болмайды-деймін менде қасарысып . Ол болса бәрін түсіндіріп әлек . Сондағы түсінгенім мынау ғана . Менің құрсағымнан балам түсіп қалуы мүмкін екен . Мұндай ауру өмірде бірен - саран кездесіп тұрады екен . Оған экология нашарлығымен менің организмімнің әлсіздігі себепші екен . Тоғыз ай бойы көп қимылсыз жүріп қана бұл баланы аман - есен босануға болады екен . Ақылға сыймайды әрине . Бұл өтірік , бұл бос сөз ! Бұл жәй ғана алдарқату мені . Айттым ғой көзден таса ұстамақшы болған түрлері осы . Әйтпесе менің денсаулығымда кінәрат жоқ , аяқ қолым балғадай қызбын . Қысқасы сұрақ көп бірақ жауап жоқ міне . Сол үшінде тағы да алқымнан алып сұраған үстіне сұрай түстім .
- Айтыңызшы , мамама неге айтпауым керек?-деймін .
- Солай дұрыс - дейді бәйбіше . Тыңдашы дейді . Осы баланы үшеулеп аман - есен өмірге әкелуіміз керек . Бұл біздің басты мақсатымыз -дейді . Егерде жүзі аулақ , баланы түсіріп алсақ онда сенің анаңның алдында біз қандай қарабет адамдар боламыз . Сондай - ақ қызым түсік тастапты деген сөз ,тек бізге ғана емес сенің анаңа да қандай қатты тиетінін білесің бе сіңлім? Ойлашы өзің . Жақын арада мен де кетуім керек еді . Шонжыға екінші емге баруым керек . Тап қазір мен өзімді емес,сені ғана ойлап кете алмай жүрмін . Бірақ бармасам болмайды . Пайдасы тиіп жатыр- дейді . Сол пайдасы тиіп жатыр деген сөзі рас . Ол емшіден жарқырап жадырап келді . Ал қалған сөздері өтірік . Мұның бір өзіндік құпиясы бар . Реті кеп тұрғанда езіп алайын деп созді көбейте түстім .
- Мен ауруханаға барып тіркеуге тұруым керек . Айда екі- үш рет дәрігерге қаралып тұруым керек . Мына үйде жата берсем не боламын . Тысқа шығып таза ауа жұтқым келеді . Арасында жұмыстанда хабар алып тұрмасам бір Сәкең қайбіріне жүгіреді . Астымда жеке көлігім бар ғой ,   барып кеп тұрамын - дедім . Мына сөзімнен соң бәйбішенің салы суға кетті . Тіпті не айтарын білмей қатты састы . Не мақұл демеді ,не қарсы шықпады . Көзіне жас үйіріліп орнынан тұрды . Сол сәт қалтасындағы телефон безілдеп қоя берді . Міне осы қоңырау мені құтқарып қалды . Өйткені үстел үстінде тұрған телефоным зың деп сілкініп дисплей бетіне " Келесің ба жаным ? Күтіп отырмын ғой " деген хабарлама шықты . Абырой болғанда өз телефонына қарап әуреге түскен бәйбіше мұны байқамай қалды . Құдай сақтаймын десе өрт ішіндегі мақтаны сақтайды дегендей құдай өзі сақтап қалды . Ал Сәкеңмен біраз сөйлескен бәйбіше көзін сығымдап үстел басына қайта келді . Міне енді ашық сөзге көшті . 
- Сенің өзің барып тіркелуің шарт емес . Сені осыдан екі - үш күн бұрын тіркетіп қойғанмын . Сондай - ақ ауруханаға баруыңда шарт емес . Саған дәрігер жалдап қойғанбыз . Аптада бір күн келіп тексеріп тұрады . Ал жұмыс Сәкеңнің өзінен артылмайды . Ол үшін қайғырмада қамда жеме . Қысқасы сіңлім , құрсағыңдағы баланы дүниеге әкелесің , сонан соң қайда барсаңда өз еркің . Қазірше мен не десем талқыға салынбай сол болады деп сөзді шорт кесті . Міне осыдан соң үш адам бір балаға таласқан күндеріміз басталды . Менен үмітін үзсе керек Асылбек те хабарсыз кетті . Бірақ ара - тұра хабарласып осы Астанада құрылыс саласында жұмыс істеп жүргенін айтты . Бәйбіше айтқандай жеке дәрігерім апта сайын келіп қарап жүрді . Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда болды . Араға ай салып бәйбіше Шонжысына ұшты . Сәкең бизнесті өзі сүйреп жүрді . Енді маған Сәкеңді өз жағыма жығу ғана қалды . Бәйбіше жоқта оған да қол жеткіздім . Көтерілген қарнымды көріп ол сорлы құрдай жорғалады . Осылайша бәрі өз орнына келіп , өмірім бір қалыпқа түскендей болды . Бірақ , араға ай салып бәйбіше қайтып келгенде бәрі де өзгерді ...

( жалғасы бар )