Жексенбі күні өзім тұратын көшедегі моншаға келдім. Жиырма шақты тізіліп салынған жеке кабинкалардан тұратын моншаның алдында кезек күтіп ұзақтау отырып қалдым. Шыдамсыздана бастап едім, сыртқа буы атқылап бір есік ашылды. Кең иықты, ақсары келген жігіт, жоқ, жігіт жасынан үлкендеу келген жасы қырыққа таяп қалған жігіт ағасы шықты.
Салқын ауаны кеудесін келіп тұрып, рахаттан жұтып алды да темекісін тұтатты. Еден жауатын шелегін қинала көтеріп бара жатқан тазалықшы әйел кабинканың ішін жинастырғанша мен сыртта отыра бердім. Темесікін бір езуіне қарай ығыстырып қойып, көзін сығырайтып маған қарады. Темекі түтінін құшырлана сорғанындай, маған да ішіп-жеп қарағанын сездім. Неге олай қарағанын түсінбейтіндей ештемесі жоқ, көзін сүзген танадай болып отырған әйелге қай еркек қарамасын? 
Өз ісін ғана білетін көп сөзге жоқ тазалықшы әйел кабинкадан шыға бере «Ішке кіре бер» дегендей ишара жасап басын кілт бұлғаң еткізді.Мен ішке кірдім, ауа алмассын деп ашық қалдырған терезе көзін жаппадым. Моншаға келгенде жеңіл шешіну үшін сыртымнан іліп алған жұқа көйлегімді шештім де арғы жуыну бөлмесіне өтіп кеттім. Үйден шығарда қараған пөрнөграфияның әсері ме, әлде екі айға жуық еркек назары түспегендіктен бе сыртта темекі шегіп тұрған жігітті шақырып алу туралы азғын ойым маза бермеді. Ашық тұрған терезенің алдына көлбеңдеп қайта келдім. Сыртқа көз тастамасам да оның әлі тұрғанын сезіп тұрмын.
«Қалай шақыру керек?» Дәл осы сауал миға шабуылдап маза берер емес. Кинолардағыдай терезеден сүзіле қарап, сұқ саусағымды ерініме апарып, көзімді ойнақшытып шақырып алуға актерлық шеберлігім дамымаған, сүйкімді, қылықты әйел болып тумағаныма аздап ренжіңкіреп те алдым осы жерде. Қиялды ойға, қырға шаптырып отыратын уақыт тым аз, әрекетке көшу керек. Жалаңаш денеме халатты іле салып, басымды қылтитып сыртқы есікті аштым. «Ыстық судың кранты қатты жабылып қалып, күшім жетпей тұр» деп айтқалы жатыр едім.
Мәссаған… Шоғы сөніп үлгермеген темекі тұқылынан басқа түк те жоқ сыртта. Жігіт ағасы кетіп қалыпты… Ішімде лап-лап етіп тұтанып үлгерген құштарлық оты қинала-қинала түтіндеп барып басылғандай болды. Есікті кері жауып жатып, «Мені іздедіңіз бе?» деген дауыс естіліп қала ма деп, біресе есікті жаптырып үлгермей жатып тұтқасын қайратты қолдарымен кері өзіне қарай тартып қала ма деп те алаңдап қоямын. Жоқ, олай болмады. Өмір – кино емес екен...