- Желтоқсан көтерілісіне қатысушы, ақын, белгілі журналист, халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Жұлдыз    Тойбекпен сұхбат

- Əпке, əңгімемізді ұлылықты бойыңызға дарытқан мекен - туған жеріңізден бастасақ...

- Мен Алты Алашты ауызына қаратқан кемеңгер би - Қазыбек би

бабамның топырағында туған қызбын. Нақтырақ айтсам, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ өңірінде дүниеге келгенмін. Егіндібұлақ кезінде өз алдына аудан болды. Кейін Қазыбек би ауданы аталды. Ұзаққа бармай Би баба атындағы аудан жабылып, Қарқаралының құрамына беріледі. Киелі топырақта туып өскен соң бұл жердің тарихы, тағдыры жаныма жақын. Аңыз адам Қазыбек би туралы ұзақ толғауға болады. Менің айтпағым бұл емес. Баба елінің бағынан соры басым болды. Тереңге тамыр тартпай-ақ өзім көзім көрген жайттарды баяндайын.

Ес білгелі бабамның туған топырағы - Егіндібұлақ ауданы деп аталды. Бұл аудан Семей полигонының зардабын тартты. Полигон алаңы үш облыспен: Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодармен шектесті. Барлығы 18,5 мың шаршы шақырым жазықтықты алып жатқан сынақ аймағы – бұл бұрынғы Абыралы ауданының, сондай-ақ онымен шектес Абай, Бесқарағай, Жаңасемей, Шұбартау, Май, Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарының жері.

Мектепте сабақта отырғанда «Ертең жер сілкінеді, бір қабат киімдеріңді, тіскебасар азықтарыңды алып, жазық далаға шығып кетіңдер» деп ескертетін ұстаздарымыз. Айтқанындай таңғы сағат 8-де «Воздушное тревога» беріліп, жұрт тайлы-таяғы қалмай үйден қашып шығушы едік. Алаңқайға жетіп алған біз мәзбіз. Анамыздың пісірген бауырсағын жеп, құртын сорып ойнап кетеміз. Сол күні Күн көзін көре алмайтынбыз. Қап-қара болып тұтасқан аспан әлеміне ұзақ қарайтынбыз. Кешкісінде үйге оралғанда іргесі сөгілген үйін көрген әке-шешем «Осы үйді жамаудан шаршадық» деп аһ ұратын. Мына оқиға жақсы есімде қалыпты. Менің 13-14 жастағы кезім. Әдеттегідей дабыл қағылып, үйден қашып, шыққанбыз. Сөйтсек, өзімнен он жас кіші кенже сіңілімді ала қашуды ұмыт қалдырыппыз. Жүгіріп үйге кірсем, сіңілім Назгүл үйдің бір бұрышында бүктеп қойған киіздің үстінде тербеліп отыр.

Көтеріп алайын десем, «Мен кәтет (кататься. авт) болып отырмын» дейді. Сықырлап тұрған қабырғалардың бірі құлап қалмай тұрғанда, үйден сытылып шығайық деп кенже сіңілімді құшағыма қысып алып, сыртқа ұмтылдым.Кейде мектепте сабақ жүріп жатқанда оқыстан жер сілкінетін. Абыржыған оқушылардың бірі партаның астына жасырынып, бас сауғаласа, бірі шығар есікке ұмтылып, кептелісте қалған кезіміз де болған. Бірде осындай жер сілкінісінен әке-шешем сыртқа шыққан жоқ. «Бұларыңыз не, қазір үй құласа, үйіндінің астында қаласыздар ғой» деген ересек әпкелерімнің сөзіне «Қашанғы қаша берейік. Сабаннан жасалған үй ғой, жазым қыла қоймас. Ажалымыз осыдан болса көріп алдық» деп отырған орындарынан қозғалмады. Бір емес, бірнеше рет қайталанған бұл жағдай үлкендерді әбден титықтатқан болуы керек. Бірақ, біз ол кезде баламыз, іргеміздегі полигонда атом сынағын жасап жатқанын қайдан білеміз. Үлкендер күзге қарай құлауға шақ қалған үйлерді жөндеуге кірісетін. Әсіресе, ашылып кеткен үйдің іргесін қосу оңай болмайтын. Жұрт үйлерін жамап жасқаса да, қыста іргесінен суық ызғар ішке еніп тұратын. Анамыз отты үзбей жақса да үйдің іші жылымай, пештің түбіне жиналып, жылынатынбыз. Әкем ауылда бас зотехник болды. Семейдің ет комбинатына мыңғырған мал айдағанда соған жауапты болатын. Мен мектеп бітірген 1984 жылы әкем Семейге барар жолда құлап, аяқ-қолы тартылып, үйге зембілмен әкелді. Оң қолы мен аяғы жансызданып, он жыл төсек тартып жатып, өмірден өтті. Әкеме ешқандай ем-домның көмегі болмады. Он екі баланы дүниеге әкелген анамның да жүйкесі сыр беріп, ауруханадан көз ашпады. Бұл тек бір ғана мен өскен ұядағы қасірет. Мұндай қасірет, әрбір екі үйдің біреуінде болды десем, жаңылыспаған болар едім. Жергілікті халық тұрғындары анемия, түрлі онкология ауруларына, аллергия, жүйке, жүрек-қан тамырлары, тері аурулары, радиациялық сәуле ауруына ұшырады. Өзім қатарлы замандас келіншектердің қоянжырық ерінді бала туып, жылағанын талай көрдім. Байғұс аналар қыз баласы қоянжырық ерін болып туса, «бойжеткенде қиын болады – ау» деп қиналса, ер бала осылай туса, ертең мұрт өсіп бұл кемшілігі көрінбей қалады деп өзін жұбатушы еді. Дерекке зер салсақ, 1947 жылғы 21 тамызда Кеңес Одағы үкіметінің шешімімен құрылған №2 мемлекеттік орталық сынақ полигонында 1949-

1989 жылдары 460-тан аса ядролық сынақ, оның ішінде: 30 жер үсті, 88 әуе, 348 жер асты ядролық жарылыс болған. Полигон радиусы 16 шақырым болатын 18 мың шаршы метр жер ауқымын ұстап тұрған. Бұл жарылыстардың қуаты Жапониядағы (1945 жылғы тамыздың 6-сында – Хиросимада, 9-ында – Нагасакида) атом жарылысынан 2,5 мың есе артып түседі делінген деректерде.

Іргемізде жарылып жатқан полигонға қарсы жергілікті халық, ақын – жазушылар даусы жеткенше қарсы шықты. Полигон зардабынан екі қолсыз өмірге келген, мүгедектігіне қарамастан тісімен сурет салған Кәріпбек Күйіков - Қазыбек би елінің тумасы. Қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен бірге «Невада-Семей» қозғалысына қатысып, атом апатының тірі куəгері ретінде Жапонияға да, Америкаға да жол шеккен Кəріпбек атом тажалының қасіреті жөнінде қаншама жүректі шымырлатар суреттер салды. Едірейден ұшып шыққан белгілі ақын Кәрім Сауғабай, қарқаралылық қарымды қаламгер Мақсым Омарбеков, ақиық ақын Тұрсын Жұмаштар көзі тірісінде полигонға қарсылық білдіріп, шырылдап мақала да, өлеңдерін де жазды.

Елбасы Н.Назарбаевтың атом сынақтарына тиым салу жөніндегі тарихи Жарлығы шыққанша, Би баба елінің халқы жарылыстан көз ашпады. 1991 жылы тамызда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойып, ең ірі полигон жабылғанда халық бөркін аспанға атқан еді.

1992 жылы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды əлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданды. Сол бойынша Қарағанды облысының сол кездегі Егіндібұлақ ауданы яғни Қазыбек би баба топырағы жоғары радиациялық қауіпті аймаққа кірді. Бүгінгі күні полигон жабылып, ядролық сынақтар жасау тоқталғанымен жергілікті халықтың азап шегуі одан әрі жалғасуда.

Сексенінші жылдары баба елінің ұрпақтары мектепті бітіре сала қой соңында салпақтады. Қой санын 50 млн-ға жеткіземіз деген Кеңестік жүйенің солақай саясатының салдарынан 17- ге жаңа толған жас қыздар мен жігіттерді комсомол – жастар шопандар бригадасына жіберіп, табанын тіліп тұрып қой соңына салды. Менің өзімде сол саясатпен бір жыл қой баққан қызбын. Қолымызға аттестатымызды да бермеді. Бір жыл қой бағып берген соң ғана арман болған аттестатымызды қолымызға ұстатты. Сонда Қарағанды облысының басқа аудандарында мұндай жағдай болған жоқ. Тек Егіндібұлақ ауданы жастарына жаздың аптап ыстығында, қыстың аяз-боранында шыдас беруге тура келетін шопан таяғын ұстатқанына осы күні қайран қаламын. Аңсаған армандарына жете алмай, табиғаттың дүлей күшінен қыршын кеткен жастар да болды.

Баба топырағының тұрғындары кезінде дақпыртпен жабылып кеткен Қазыбек би ауданын қайыра қалпына келтіруді өтініп, ұзақ жылдар бойы

жоғары орындарға жазып, қарекет етіп көрді. 2005 – 2006 жылы республиканың зиялылар қауымы тарихи ауданды қайыра қалпына келтіруді өтініп, Елбасы Н.Назарбаевқа хат жолдаған еді. Хатқа 10 академик, 80 ғылым докторы, ақын-жазушылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, барлығы 123 адам қол қойды. Үндеу хат Парламенттің және облыстық Мәслихаттың депутаттарына да жолданған. Бірақ еш жауап болмады. Егіндібұлақ Қазыбек бидің ғана емес, осы елдің дарабоздары, дауылпаз ақын, сазгер Мәдидің, шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің, қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың елі. Ұлы тұлғаның тарихи атамекенін сақтап, ұрпаққа мәңгілік мәдени мұра етіп қалдыру біздің борышымыз. Қазыбек би ауданын қайыра ашу керек деген мәселе менің қаламымнан түскен емес.

Біздің айтпағымыз Ұлы жүздің "Төле" би ауданы бар, Кіші жүздің "Әйтеке" ауданы бар. Ал Орта жүздің "Қазыбек би" ауданы неге жоқ ? Осы жанымызға батады.

- "Батырлық - елдікпен ұштасқан сəттен мəңгілік мəнге ие". Бұл - Расул Гамзатовтың сөзі. Сіз қалай ойлайсыз? - Жұлдыз əпке, кеңестік кезеңнің іргесін сөккен көтеріліс - желтоқсан көтерелісіне қатысқаныңызды білеміз. Сол кезде сізді алаңға не жетелеп барды?

- Кеңестік жүйенің тізесі батқанын жоғарыда тілге тиек еттім. Семей полигонының зардабын тарттық. Мектеп бітіре салып, қой соңында салпақтадық. Өзге ұлттардың ана тілімізде сөйлегенімізді жақтырмай «По русский не знаешь» деп мысқылдаған сөздерін естіп, булығып өстік. Қазақстанның билік басына Колбин келді дегенде төбемізден жай түскендей болды. Іштегі ашу-ыза сыртқа шықты. Алаңға курстастарыммен бірге атойлап шықтым. Өзім топтың комсомол жетекшісі едім. Елімізді сырттан келген өзге ұлтқа билетпейміз, өз ұлтымызан тілімізді, дінімізді білетін адам басқару керек деген талап әр қазақтың бойында тұрды. Сабақ үстінде хатшы Мәншүк апай оқтын-оқтын тексерумен болды. Сол күні ұстаздар «темірдей тәртіп» орнатып көргенімен курстың басым көпшілігі ебін тауып кетіп қалған едік. Сол кездегі Брежнев атындағы алаң халыққа лық толды.

Алаңға жақындай бере байқағанымыз үкімет үйіне ентелеген қалың жұртты тарату үшін өрт сөндіретін машиналармен суық су бүркіп жатыр екен. Алғашқыда алдында тұрған жастар судан қашып жан-жаққа бытырай жөнелген. Кенет ашулы топ машиналарға тасты қарша боратты. Саңқылдаған ызалы сөздер.Көпшілік ортасынан мінбеге ұмтылып, көкейдегі пікірін білдірмекші болғандар көп. Қолдарына темір қалқан мен сойыл ұстаған солдаттар олардың бірде-біреуін мінбеге жібермей ұстап қалып тұр. Айнала у-шу. Ешкімді ешкім түсініп болмайды. Қараңғы болса түсті. Сырт киіміміз суға малшыланған соң бойымыз тонып, қалтырай бастадық.

Бірақ біз сол сәт халық толқуының арты насырға шабатынынан мүлдем бейхабар едік.

Студенттердің қалашықтан шығып кетпеуі қатты қадағаланды. Университеттің бүкіл факультеттерінің сабағы аяқталған сағат үште сыртқы есік ашылып, баршамызды тайлы-таяғымызды қалдырмай жатақханаға қарай қуалай бастады. Дүкенге барып, азық-түлік әкелуге небәрі 10-15 минут уақыт берді. Келген соң міндетті түрде кезекші әйелге белгілену қатты тапсырылды. Фотоға түсіп қалған курстастарымды тергеуге алды.

Арада екі күн өткен соң осы желтоқсан оқиғасына қатысып, алдымен көзге түсіп қалған Аманғазы Кәріпжановтың мәселесі қаралды.Топтың комсомол жетекшісі ретінде жиналыс ашу маған жүктелді. Аманғазыға қатаң сөгіс жарияланды. Бірақ факультеттің комсомол комитетінің жиналысында Аманғазыны комсомол қатарынан алып, оқудан шығару туралы ұсынысты дауысқа сала бастағанда маңдайымнан суық тер бұрқ етті. Оның үйінің үміт күтіп отырған үлкені, соңынан ерген қаншама бауырлары барлығын мына жұрт қайдан білсін. Сөйлемек болып ұмтыла беріп едім:

– Тойбекова, уже все решено, – деп қағып жіберді. Мына сұмдықты қараңыз, «оқудан шығарылсын» деп бүкіл студент қолын көтеріп отыр. Ызадан ба, әлде дәрменсіздіктен бе – менің көзімнен жас ыршып-ыршып кетті.Сыртқа атып шыққан группаласымның да жанарында жас. Қалш-қалш етіп әрі-бері теңселіп жүр.Сөйтіп бойы өнерге тұнған ақын жігіт оқудан шығып кете барды. Сол Аманғазы Кәріпжан бүгінде қазақтың белгілі ақыны.

- Ызғарлы күндерден соңғы жайыңыз не болды? - тəуелсіздіктің арайлы таңы атты. Сол тəуелсіздігімізді баянды етпек үшін қандай қаракет еттіңіз?

- 1990 жылы ҚазМУ – ді бітірген соң белгілі жазушы, публицист Нұрмахан Оразбековтің шақыртуымен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жұмысқа орналастым. Әлеуметтік мәселелер бөлімінде тілші, кейін бөлім меңгерушісі болып, облыстағы тіл, білім, ғылым, өнер, мәдениет, денсаулық салаларындағы өзекті мәселелерге қалам тарттым. Алдымен қазақ тілін қайтсем алға сүйреймін деген ой санамнан кетпеді.Өзге ұлт көп қоныстанған Қарағанды қаласында қазақ тілінде екі мектеп – интернат қана жұмыс жасады. Бірден қазақ мектептерін, сыныптарын ашу мәселесімен айналысып кеттім. Қалалық білім басқармасындағы Райса Елеусізова, мектеп директоры Бағдат Қыстафина сияқты санаулы белсенді ұстаздармен араласып, әрбір қазақ отбасыларының есігін қағып,балаларын қазақ сыныбына беруге үгіт-насихат жұмысын жасадық. Орыстілді ата-аналарды көндіру оңайға соққан жоқ. Орыс мектебінің ішінен ашылған қазақ сыныптарының да жағдайы сын көтермейтін. Оқырмандарым біледі, жаңадан салынатын мектеп құрылысы басталса, «қазақ мектебі болуы керек» деген дабылды облыстық газеттің бетінде көтеріп, салынып біткенше осы мәселені

назардан сырт қалдырмай жазып отыратын едім. Соның бір дәлелі, Жанділ Ахуанұлы директорлық ететін №68 орта мектеп бүгінде үлкен білім ошағына айналды. Қазақ тілінің тағдырына алаңдап, газет ішінен «Тілтұмар» деген арнайы бет ашып, ана тіліміздің өркендеуіне күш салдық. «Қазақшаң қалай, мекеме?» деген арнайы айдар ашып, облыстық тіл басқармасымен бірлесе отырып, мекемелердің іс қағазын тексеріп, сын материалдар беріп отырдым. Қала, аудан көшелерінің атауын қазақша жаздырдық. Жарнамалардың мемлекеттік тілде сауатты жазылуын қадағаладық, керек жерде сынға алып, түзеттірдік. Газеттегі ширек ғасыр өмірімді ана тілімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениет пен өнерімізді дәріптеуге арнадым. Еңбегімді елеп облыс әкімі «Тіл жанашыры» сыйлығымен марапаттады. Шүкір қазір Қарағанды қаласында қандастарымыз қоныстанып, балаларын ана тілінде оқытып, қазақша сөйлейді.

Менің жаныма бататыны – осы уақытқа дейін Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың атын бере алмай отырғаны. Осыдан 17 жыл бұрын Әлихан атауын бермек болып, өтпей қалған соң өзімнің кішкентайыма Әлихан есімін беріп едім. Бүгінде 17-ге толған жігіт болды. Биыл Алла бұйыртса, мектебін бітіреді. Бұл мәселе жөнінде бірнеше мәрте жазылды. Ал Октябрь ауданы өзгерместен қаз-қалпында әлі тұр!

- Бүгінгі жайыңызға тоқталсаңыз. Қайда жүрсіз, не кəсіппен айналысасыз?

- Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жұмыс істеймін. «Еуразия университеті» газетін шығарып, журналистика және саясаттану факультетінде дәріс беремін. Шәкірттеріме Алаш көсемдері, желтоқсан көтерілісі туралы айтып, жаңа ұрпақтың бойына отансүйгіш дәнін себуге тырысамын. Бүгінгі тәуелсіз елдің жүздері жарқын балаларын көріп, өзімді бақытты сезінемін.

- "Рухы өлмеген ұлттың келешегі жарқын" деген парсы нақылы жадыма оралып отыр. Сіздің санаңызда əркез жүретін нақыл бар ма? Бар болса, қандай?

- Нақылдан көрі ұлы данышпан Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі менің басты ұраныма айналған.

- Оқырмандарға айтар тілегіңіз...

- Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын. Тыныштық болса, адамның арманы, жүрек қалауы бәрі, бәрі орындалады.