Бақыт Жаншаева Желтоқсан қатысушысы,Ақтөбе облыстық "Үш таған"журналының редакторы

 

-"Еркіндік - ер жүрек ұл мен қыздың еңсесінің түспеуі". Бұл - армян халқының  нақыл сөзі.  Осы нақылды қалай түсінуге болады?

-Армян халқының «Еркіндік - ер жүрек ұл мен қыздың еңсесінің түспеуі» деген нақыл сөзін бұрын естімеппін.   Маған қатты ұнады. Ер жүрек ұл мен қыздың еңсесі түссе, қоғам құриды. Осыны анық түсінуіміз керек.

     Еркіндік дегеніміз кең мағыналы ұғым,  дербестік, егемендік, тәуелсіздік, бостандық, азаттық және т.б. білдіреді. Еркіндік адамның ішкі болмысы, рухани жан дүниесінің қаншалықты бай екендігіне байланысты.  Өзінің тарихын мүлдем білмейтін, ұлттық түп-тамырынан ажыраған, салт -дәстүрін білмейтін, тілінен айрылған, адамда өзіндік сана да, еркіндік те болмайды. Ол өзінің құлдық сана жетегінде жүргенін сезінбеуі әбден мүмкін. Қолында билігі бар мансапты адамның алдында жасқаншақтап, жағымпазданып, өзінің қарақан басының қамынан басқаны ойлай қоймайды. Сөйтіп, жағымпазданумен қол жеткізген байлығы мен  аузынан аққан мол ішіп- жеміне малданып, ел мүддесі үшін, халқы  үшін қызмет ету дегеннен ада болады, басқа да адамзатқа пайдасы тиер  ізгі істер жасау ойына кіріп те шықпайды. Жақсы іс жасағанның өзінде  өз ұпайын түгендеп, атағына атақ қосып, басқалардың алдында мақтанып қалу жағын ғана ойлап тұрады. Мұндайлардың көкірек көздерін шел басып, боқ дүниеден басқа ештеңені аңсамайтындығы және бар.  Өзінің күйіне қарап, арамдықпен жинаған малымен, байлығымен біреуге үстемдік еткеніне,  малданып,  шетелге шығып, қыдырғанын еркіндік деп,  өзін еркінмін деп жүреді.  Сол себепті де қазір ондайлар рухани құндылықтарын ұмытқандар қатарында, олар  адамгершіліктен оңай аттайды, тіпті ұлтын, отанын сатуға дайын тұрады. Оған тіпті арланбайды. Өз тілінде сөйлей алмағаны жанына батпайды, қорланбайды. Өз елінің болашағына алаңдамайды. Сондықтан бұлар жүрген  жерде әділетсіздік орнайды. Өсек-аяң, өтірік, арамдық, ақымақтық кең етек жаяды. Есті адам, жүрегі таза, өзі рухани бай адам бұны айқын сезінеді. Сезінген сайын жүрегін мұң басып, ішінде наразылық көбейеді. Сөйтіп бұл азғындануға қарсы бой көтереді. Еркіндікті, тазалықты аңсап, ержүректері күреске ашық шығады.  Қашан да қоғамды алға сүйрейтін, дамытатын, азғынданудан сақтайтын да сол ержүректер.

Қандай да бір жаңалық ашу үшін, ия болмаса кез келген бір істі қолға алу үшін нартәуекелге бару керек емес пе. Қорқып, бұғып ия болмаса қолымнан келмесе қайтемін деп жалтақтап отыра берсең, не болады?  Түк те болмайды. Сондықтан ер жүрек ұл-қыздарымыз көп болсын. Солардың еңсесін түсірмейік. Қолымыздан келгенше қолдайық." Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді" деген сөзді бабамыз бекер айтпаған. Кішкентай баланы жасқай берсең, үнемі ұрсып, ұра берсең жасқанша, ез болып өспей ме? Қанаттандырып, мақтап, демеп отырсаң, еңсесі көтеріліп, одан сайын айбындана түспей ме? Жақсылыққа ұмтылады. Ол жақсылыққа ұмтылған сайын, тұлға болып қалыптасады. 

Өкінішке қарай, бізде әсіресе биліктегілерге ойын еркін айтып, өзіндік пікір айтатындар ұнамайды. Олардың аузын жауып, шектеп, барынша үнін өшіруге тырысады. Өмірдің қай саласында болмасын дамымай тұралап, кері кетіп жататындығымыздың баты себебі осында деп санаймын.  

Тəуелсіздікті қадір тұтып, баққа балау - əр азаматтың міндеті. Əпке, дегенмен біз тəуелсіздік мерекесін қалай тойлап жүрміз?

- Қазақ –мықты еліктегіш халық деп жатады. Еліктеймін деп, басқаның қаңсықтарына таңсық болып, өзінің тамаша қасиеттерінен айырылып бара жатқандығы рас.  Неше жылғы  бодандықтың салқыны әлі денемізде тұр. Оны ойламаймыз, бастысы сезінбейміз. Сілкінбейміз. Сол себепті тәуелсіз ел болсақ та, баяғы сарынмен келеміз. Ең басты мерекеміз Тәуелсіздік күні келгенде, оған бей-жай қараймыз. Керісінше Жаңа жылға өліп-талып дайындаламыз. Соңғы тиынымыз қалғанша үйіп-төгіп азық-түлік аламыз, сыйлық аламыз. Билік қаланы безендіруге көшеді. Самаладай жарқыратып шамдарды іледі. Әрі кеткенде бір әртісті шақырып, Тәуелсіздік күнінде концерт ұйымдастырып, марапаттарды ұсынудан әрі аспайды. Басқаға құлық жоқ.

Сондықтан, жаңаша мән беріп, жаңаша түрде Тәуелсіздікті бүкіл қазақ қуана тойлайтын мерекеге айналдыру қолдан келмей-ақ қойды.

- Желтоқсанның  жан азаптар қайғы-сызын  сезген жансыз. Сол  желтоқсандағы көрген бейнетіңіз жайлы айтсаңыз...

- Біз шектеулі әлемде, шектеулі ақпарат алып, тіпті өзіміздің әдебиетіміз бен тарихымыз туралы шектеулі мәліметтерді ғана оқып өскен жастармыз ғой.  Әдебиет сабағында  С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов т. т.  ақын- жазушыларымыз туралы оқғанда олардың барлығының қайтқан жылы 1937-38 деп тұрғанын көріп, қатты таң қалып, барлығы қалай бір жылы өлген деп түсінбей, мұғалімдерімізден сұрасақ, түк жауап ала алмайтын едік. Олардың репрессияға ұшырағандарын кейін білдік. Ата-әжелеріміздің өте сараң түрде аштық туралы айтқандары біз үшін түсініксіз болды.  Өкімет өлтірмейді, асырайды дегенді естіп өскен жастар   сол желтоқсанда алаңға шыққанда да, билікке сеніп бардық қой. Олар бізге қарсы қару қолданып, қасқыр иттерін айтақтайды деген ой басымызға кіріп шықпады. Көкейдегі сұрақтарға жауап алғымыз келді. Лап берген солдаттардан алғашында ығып, қашқанда тайып құлап, аяқтың астында тапталып қалдым. Тұра алмай жатсам, бір солдат төніп келіп, дубинкасымен басымнан ұрып жатыр. Оның сол кезде маған кіжіне ұмтылған бейнесі көз алдымнан кетпейді. Тап бір мен оның баға жетпес құнды бір затын алып қойған сияқтымын. Асқан бір өшпенділікпен  қараған көздерін де ұмытпаймын. Бар жоғы қолыммен басымды қорғап, тыпырлап жатқанымда екі жігіт қолтығымнан ұстап, сүйрете таяқтың астынан  суырып алып шықты. Сол бір танымайтын екі жігіттің арқасында  мен тірі қалған едім десем болады. Сол күні мен сияқты аяқ пен таяқ астында қалғандар қанша болды.

Желтоқсандағы жан түршігерлік көріністерді, одан кейін жатақханада мың сан иненің үстімен жүргендей, қыспақта болғанымызды, көшеге емін-еркін шыға алмағанымызды, бізді мазақ қылып, бетімізге түкіргендерден естіген зәбір сөздеріміздің  бәрін жіпке тізгендей айтсам, ұзаққа созылады.  Мен сол қасіретті күндерден соң,каникулға үйге барғанда сол кездегі Семей облысы  Мақаншы ауданына кіре берістегі тексеру пунктінде түнгі 11-де автобустан түсіріп алып қалып, таңғы 5-ке дейін тергегенде, одан  бес шақырым жерден аудан орталығындағы автовокзалға боранда жалғыз өзім жаяу барғанымдағы, одан ауылыма әрең жетіп, табалдырықтан аттап үлгерместен комендатурадан келген солдат Уазик автокөлігіне қылмыскердей салып алып кеткендегі, Антонов деген майордың сегіз сағат бойы айналдырған үш –төрт сұрақты өңін айналдырып қоя бергендегі сезімдерім, қорланғаным әлі жүрегімді сыздатар жара болып қалып қойды. Барынша жаңылыстырып, ұйымдастырушылардың кім екенін білгісі келді, кіммен барып, кіммен жүргенімді айтқызғысы келіп, әбден жүйкеме тиді.  Сол тергеу кезіндегі қорланған күйімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ақыр соңында «Бауырларымды, шешемді сағынып әзер келдім.  Мен қылмыскер емеспін, жай ғана студентпін, неге сонша тергейсіздер?» деп шыңғырып жылағанымда  барып, босатқан еді. Оның өзінде коммунист ағам  «Ешкіммен сөйлестірмеймін, ешқайда шығармаймын. Каникулы біткен соң, қайтарамын» деп қолхат жазып берді. Бүкіл ауыл менен теріс айналды. Өйткені, оларға солай деп ескертілген.

Мұның барлығы небәрі жиырма жастағы қыз үшін оңай болған жоқ.

- Журналист əрі азамат ретінде сізді ойландыратын қоғамдық мəселе қандай?

- Қазіргідей технология дамыған, жаһандану заманында ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнді. Біздің  түп-тамырымыздан ажырап, ұлттық құндылықтарымызды бағалай алмай, тіліміздің қадірін білмей бара жатқанымыз, рухани азғындану жолына түскеніміз алаңдатады. Солай емей немене? Халықтың көзі, құлағы  һәм үні болуға тиісті көптеген ақпарат құралдарында, сайттарда  небір сұмдық қылмыстарды, азғындықты, жылтыраған арзанқол дүниелер туралы ең бірінші қойып, сүйінші сұрағандай, тәптіштеп тұрып жазады. Одан қалды өз аттарын шығару үшін небір ұятсыз іс-әрекетке оңай баратын, өтірікті шындай сапырып жүрген, "беті жылтыр, іші қалтыр", өресі тар, санасы төмен біреулердің түкке жарамайтын істері мен өмірін төсегіне дейін әспеттеп, ел алдына шығарады.  Бұған қалайда тосқауыл қою біздің міндетіміз. Жанымызда жүрген жақсылар жайлы, игі де өнегелі істерді жазып, тарихымызды түгендеп,тілімізді дәріптеп, рухани жаңғыру мәселелеріне ат салысып,  еркін де азат, озық ойлы, ұлтшыл, отаншыл ұрпақ тәрбиесіне мән беруіміз керек. Осы жолда қолдан келгенді жасап, аянбай тер төгіп қалмасақ, басқа істің бәрі бос.

Менің жанымды ауыртатын нәрселердің ішінде адамдардың ұсақталып бара жатқандығы, рухани құндылықтардың артта қалып, материалдық құндылықтың бірінші орынға шығып кетуі бар.

Өз еліне қызмет етуден бұрын, басқаның ықпалымен жүріп, біреудің сойылын соғушылардан, өз ұпайын түгендеу үшін өтірік жалпақтаушылардан, қолынан іс келе тұра қаймығып жасқаншақтап тұрушылықтан арылатын күнді аңсаймын.

- Оқырман қауымға айтар мерекелік тілегіңіз?

Ғабиден Мұстафин «Біз ұлтшылдықпен күрестік, енді сіздер ұлтсыздықпен күресесіздер» деп көрегендікпен айтып кеткен екен. Расында қазір міне біздің алдымызда ұлтсыздықпен күресу міндеті тұр. Бейқамдық, енжарлық, бейшаралық түбімізге жетпесін дейік. Аман болайық, бар болайық, нар болайық, рухани бай болайық.

- Сіздің басшылығыңыздағы басылымның басты ұстанымы деп нені айтар едіңіз?

- Әр нәрсенің тек көлеңкелі тұсы ғана емес, күнгей жағы да бар. Біздің қоғам да сондай. Тек қылмыс жасалып, жаман нәрселер ғана болып жатқан жоқ. Елдің барлығы азып- тозып кеткен жоқ. Кішкентай болса да  елі үшін аянбай тер төгіп, өз үлесін қосып жүрген жақсыларымыз  құдайға шүкір жетеді.Тек олар  ана бір өлеңдегідей:

Жамандар жақсымын деп айқайлайды,

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды.

Басқа ешқандай ұлтта жоқ тамаша салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, тарихымыз,әдебиетіміз, өнеріміз бар. Ақтөбе облысында шығатын рухани танымдық «Үш таған» журналында соны дәріптеп, жазамыз. Ұлт басылымы ретінде жақсылықтың жаршысы болып, ізгіліктің дәнін сепкіміз келеді. Игі істердің ұйытқысы болғымыз келеді. Рухани азық болар, адамға ой тастар, зердесіне тоқығанның санасын оятар  дүниелерді жариялауға тырысамыз.

Дайындаған :Мейірхан Мейрамбекұлы