Фейсбуктің белсенді қолданушысы

-Қайырлы күн, Ержан аға! Əңгіме басын өзіңіз көп қаузайтын тақырыптан бастасақ. Тоқал алу үшін ер азаматқа не істеу керек деп ойлайсыз?

- Қайырлы күн, Мейірхан! О, тоқал алу үшін мен құсап құр тоқылдау аз, көп іс тындыру керек қой. Бірінші момын, инабатты, ибалы бәйбіше алу керек. Жыртқыш тектес бәйбіше алсаң, бітті шаруа. Ары қарай тоқал туралы армандап та керегі жоқ. Екіншіден, екі әйелді асырай алатындай дүние-байлығың болу керек шығар?! Әйтпесе, дипломсыз, жұмыс істемейтін екі қатын алып алсаң, Бақытжан Момышұлынша айтқанда; «  жоқшылық есігіңнен сығалағанда, махаббат терезеңнен қашып шығады» Асырай алмасаң, бәйбішең есіктен, тоқалың тесіктен қашып кетуі әбден мүмкін. Бұл «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айрылыптының» кері болады. Өзімізге лайықтасақ, «кедей еркек тоқал сұрап жүріп, бәйбішесінен айрылыптының» нақ өзі болады. Сондықтан тоқал алу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы жерден тоқтайын, әйтпесе, тоқал туралы таңды таңға ұрып жырлауға бармын. 

 - Əлеуметтік желідегі əрбір жазбаңыз ойлыға ой салады. Əзілмен өмір суретін сөзбен саласыз. Мамандығыңыз қандай?

- О баста журналист болғымыз келген. Тіпті атағы дардай жазушы да. Алайда, оқуға түсетін кезде ақылы негізде тапсырып (98 жылдары бюджеттік орынға кімдер түсетіні белгілі ғой) филологияға түсейін деп тұрып, оқу ақысына көзіміз түсіп кеткен еді. Сөйтсек, оқу ақысы филологияға жылына 450 доллар, информатика мамандығына 400 доллар екен. Компьютерді өмірі көрмесек те, оқу ақысының арзандығына қызығып, информатикаға түскен жайымыз бар. Солай 50 доллар менің өмірімді түбегейлі өзгертіп жіберді десем де болады. Информатика мамандығының мұғалімімін.

-Қоғамдағы түйткілді мəселені шешуге əлеуметтік желінің əсері қаншалықты?

- Әсері зор деп айта аламын. Мысалы, былтырғы жер дауының басылуына осы фейсбуктің үлесі зор. Одан бөлек, талай шенді осы әлеуметтік желінің арқасында жұмысынан қуылды. Олардың арасында көшеде «түзге отырған» мілитсәлар да бар. Жалпы оң әсері көп деп ойлаймын. 

- Өзіңіз əлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының бірісіз. Əлеуметтік желіге күнделікті қанша уақытыңызды арнайсыз?

- 5-6 ай жұмыссыз болып қалған кездері 24 сағатымды арнайтынмын. Қазір тек 1-2 сағатым кететін шығар? Әйтсе де, «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген ғой, қолым қалт етсе, жыртиып әлеуметтік желіні бір шолып шығамын.

- Аға, қандай кəсіп иесісіз?

-  Мен «Лучший педагог среди шоферов, лучший журналист среди педагогов, лучший шофер среди журналистовпын» деп қоямын әзілдеп. Әзіл ретінде айтылса да, астарынан шындық сығалап тұрады.

- "Əзілді сүйетін жандарға жақсы жұмыс кезігеді" деген үнді философиясымен келісесіз бе?!

- Мына философияны бірінші рет естіп тұрмын. Дегенмен, өз өміріме зер салып қарасам, шындығы бар секілді. Менің бір қуанатыным, (жағымпаздық десеңіздер, өздеріңіз білесіздер) маған өмірімде тек жақсы бастықтар жолықты. Бастықтар деп қоямын, 15 жыл қызметтік өтілімде тек 3 бастықтың қарамағында істедім. Үшеуі де менің ұстаздарым болды. Малика Абдалиеваны білесіздер, маған бастық емес, қайным деп, маған жеңешелік ізетпен жүрді бастық болған кездері.

  Жұмысым өзіме ұнайды. Құлшына, қуана істеймін. Сондықтан бұл философияның шындығы бар секілді. Философтар тегін адам болмайды ғой, бірдеңені білген соң айтат та

- Оқырманға айтар тілегіңіз...

- Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. 2050-ге төрт көзіміз түгел жетейік. Еліміз қарыштап дамып, жемқорларды тек тарихтан оқиық.