Сефа Кырмызы
(Аударма)
Аударма Қайрат Айдаш ағаға арналады
Ұлытаудың ұлары,
Жан жүректің құмары.
(әзірбайжан халық əнінен)
Естеліктен құралғандай ғұмырым,
өткен күнім өр санамда кешегі.
Жанарымда жасырынып тұлым мұң,
көңілімнің аңсар бұлты көшеді.
Иə,көңілімнің бұйра бұлттары көшкелі қашан?! ... Көшіп-көшіп бұлтта жауынға айнала алмады, өшіп-өшіп естеліктерім де санамнан жоғалмады. Жауар бұлттан аумастан бір ғұмырлық аңсарға айналды... Аңсар деген - жүректің алданышы ғана... Өмірлік мәнін сөзбен суреттеу ешбір пенденің қолынан келмейді. Кейде, сезімді тек қана сезінеміз. Кеудеміздегі жұмыр еттің бар екенін ұғып, кейде оның да санадан үстем болатынын іштей бір сәт түсінеміз.
Ұлытау!!! Мен əлі де ұмытқан жоқпын. Сенің қойныңнан түлеген қос перзентің - ұлар құс пен мен ұлар болмыс ұланыңды. Сайыпқыран сақ бабамның ізі қалған даланың ғажаптығын ғұмыр бойы ұмытқан емеспін. Ұлытаудың қасиетті топырағын алғаш басқан шағым бес жасар бүлдіршін кезім еді. Білсеңіз, бір кездегі солақай саясаттың кесірінен бір түнде менің нағашы жұртым – ата жұртқа жер аударылған екен. Қандас-туыстың бір-бірінен алшақтауы ең ауыр дүние. Тамыр үзілмес үшін көп хәрекет керек. Ата жұртта қоңыр тірлігін кешкен нағашыларымыздың шаңырағына алғаш қыдырып келген тұсым . Жезді өлкенің жәннаты - Сəтбаев қаласы. Жазғы шілденің ми қайнатар ыстығына ұрынып, жалдамалы көлікпен әупірімдеп әзер жеткеніміз есімде қалыпты . Бұл - тоқсан төрттің жазы еді.
Əкем мені жаз бойына әжемнің бауырында азды-көпті тәлім алсын деген оймен қалдырып, өзі - Ескішехирге кері қайтқан. Анам – дəл мен секілді дертті болатын. Жанары семген. Анамның қыдырған кезін ешқашан көрген емеспін. Ол кісі жол көтере алмайтын. Бұл жолғы ұзақ сапарға шыдай алмасы аян еді. Ата жұртқа әкем екеуміз ғана сапарлағанбыз.
Тілім енді ғана шыққан, жанарым жайлы мүлдем айтпай-ақ қоялын. Мен алғашқы апталар жаңа ортаны қатты жатырқадым. Бұрын мүлдем келіп көрмеген бөтен елде кішкентай еркесін қалдырған əкеме балалықпен қатты ренжідім. Тіпті, қайран қалдым. Көңілімді сағыныш дерті шарпыған сәттер жылап та алдым. Əкем - нағашы əжеме сенген-ау?!.. Расын айту керек, марқұм әжем мені қатты жақсы көрді. Құрт пен қаймағын, тəтті дəмдісін ылғи аузыма тосатын .
Сол алғашқы апталардың бірінде мен жаңа дос таптым. Менен жасы екі-үш жас үлкен. Бөлелеріммен ойнауға жиі келетін. Сол көрші бала ойнап жүріп, менің бір орынан сағаттап қозғалмай отыратыныма таң қалса керек. Бір сәтте қасыма жақындап келіп, неге олармен қосылып бірге ойнамайтынымды сұрады. Мен - қазақша түсіне алмадым. Әңгімемізді тыңдап тұрған әжем оған бар мән-жайды жасырмай айтып берді. Кішкентай көрші әжемнің сөзіне естияр адамша тыңдады. Әжем : «бұл көршімнің есімі - Қайрат . Естияр бала» -деп, айтып біткені сол еді. Ол д есімін бір әдемі әуезбен айтып, маған қолын ұсынды. Кішкентай мырзадан ондай әрекет күтпесем керек, əжем қолымды ұсынуымды сұранған да қолымды ұсына алмадым. Содан сол бала əр келген сəтінде менің хəлімді жақынымдай бір ыстық ықыласпен сұрайтыны ұнайтын. Əжем –аудармашымыз . Мен іштей өз жасынан ақылды көрінетін сол балаға ерекше құрметпен қарайтынмын. Əлі күнге жан дүнием құлазыса, Ұлытауға ойша сапарлап кететінім де содан шығар?!...
Жылдар жылжып, мен ол жанмен он жылдан соң қайта кездестім. Есейгендігі сонша, жүрегімен мендік хəлді сөзсіз аңғарып, түйсінді. Маған ұлар құс жайлы сырлы бір əңгімесімесі мен өзінің ұлардай ұлы арманымен бөлісті. Есімде, сол сырласуымыздан екі- үш күн өткенін де маған ерекше сый жасаған. Ол сый – таудан жаңа ұстаған өзінің ұларын сыйлауы. Шексіз құрметтің мəнін мен алғаш сол кезде ұқтым. Ұқтыра білді. Маған сый болсын деп, "Көңіл толқыны" күйін де шерткен-ді. Білмеймін, сол бір əуен -мендік шерді дөп басып, жанарымнан жасты парлатқан.
Көңілімді ерекше толғантқан, толқытқан. Сол кездегі жұбату айтқан жылы үн құлағымнан еш кетпеген, санамнан өшпеген!... Және сол бір жұбаныш сөзді ешбір жан баласы ғұмырымда айта алмаған, айтпаған...
Сенім сетінейді дейді,
Үміттің гүлі солғанда.
Рух əлсірейді дейді,
Жүрекке мұң толғанда...
Жай ғана... Сенімді сетінетпеген, үміт гүлімді солдырмаған –ұлар болмыс. Жылдар жылғанмен, жүрегіме ең жақын жан болып қала бермек. ..
ҚАЙРАТ
Сенімді сетінетпеуді,
Үйренсе пенде ұлардан.
Рухты əлсіретпеуді,
Түйсінер еді адам!
Жүректе тұншықпас еді,
Таң шығындай ақ арман.
Төмендеуге қақы жоқ,
аспан көгінде ұлардың.
Жандырар оны арман от,
ырқына көндіріп қиялдың.
Сағыныш тұна жанарда,
Ұлытауымды аңсадым.
Тіршілік еткен тауларда,
Ұлар құсымды аңсадым,
Жүрекке жиыла қарша мұң.
Ұлар болмыс жандарды,
Іздеуден неге шаршадым?!..
Қайрат кеміп күйреуді,
Ұлар құс әсте қаламас.
Өрлікке әркез үндеуді,
Ұлар құс әсте ұмытпас.
Ұлар болмыстың иесін,
кез қылса дегем тәңірім.
Ұға алдым ба ұлар киесін,
Ұларын іздейді көңілім.
Қайратсыз пенде - жүзе алмаған балық сынды.
(əзірбайжан халық нақылы)
Өмір - өзен. Өзендей өрекпір көңілің бар кезде , өзегіңде өлмес арманың өмір сүргенде алға жүру қиын емес. Өмірдің адамға артар сыны - жігеріңді өзің жанып, өз көңіліңе өзің тірек тауып, өзіңді -өзің төмендетпесең болғаны.
Маған өмірді өзгеше қабылдауға үйреткен жандар аз. Жанарсыз-ақ адамды жақын тұтып, болмысын тануға болады дегенге көндігу бір күннің еншісіндегі нəрсе емес екені аян.
Қанша жыл өтсе де, санаңнан өшпейтін жандар болады. Бірақ. Алыстап кетесің. Алыстағанмен оны ұмыта да алмайсың. Мен де Қайратты ұмытпадым.
Түсімде талай рет Ұлытаудың баурайында өткен сол күндерді көрдім. Сол күндердің маған ұқтырғанын ұмытпастан жадымда жаңғыртып күн кештім. Сендім. Адамға деген сенімдерім ата жұрттағы сол оқиғаның əсерінен қалыптасты.
Адамды биіктетін де, төмендететін де - санасы екен. Санамды сансыратар хəм жүрегімді сыздатар санасыздарды көрсем, өзімді өткеніммен сабырға шақыратынмын.
Иə, өмір өзенде талай жандармен тағдырым тоғысты. Неге?!
Он бес жасар жігіттің санасындағы өрлік пен жүрегіндегі кіршіксіз адамға деген сезімді мен басқа ешкімнің бойынан ұшырата алмадым? Ол сияқты, жан көгінен жан нұры төгілген дос ғұмырымда жалғыз. Ол маған екі айда көп нəрсе үйретті.
Əлі күнге күлерімді яки жыларымды білмеймін. Ішімде бір өкініш бар. Əттең... Сол сыйланған ұлардың ғұмыры тым қысқа болды. Иə, мен ұлар құсты барынша күттім. Жемі мен суын уақтылы беруден жаңылмадым. Алайда, екі апта ішінде тағы даланың құсы өліп қалды. Сол оқиғадан соң өзімді Қайраттың алдында қатты кінəлі сезіндім. Кінəлі сезіну мен өкіну - азаптың азабы. Ұлар құстан айрылған соң мен
еліме қайтуға асықтым.
Қайрат
Сефа Кырмызы
Айбаттым,
тірлікте азбаған.
Қайраттым,
Үміт гүлі солмаған.
Жігерлім,
сындырмас сағын жалған.
Жүректім,
ардағы - аққұштап асау арман.
Аударған: Мейірхан Мейрамбекұлы.
Республикалық "Шарапат" шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері