- Қайырлы күн, Болат аға! Қазақ эфирінің соны хабарының бірі - "Информбюроның" жиырма жылдық мерейтойымен "el24.kz"сайтының атынан құттықтаймыз. Аға, "Информбюро" телебағдарламасына келу жолыңыздан бастасақ...

- "Информбюраға" "31 арнаның" сол кездегі Бас директоры Нұржан Жалауқызының және Бас продюсер Жұлдыз Кәденнің шақыруымен келгенмін.Ол кезде "Информбюро" жаңа бағытта шықпақшы болып, жаңа команда жасақталып жатқан. Қазірде бірге істеп жүрген әріптестерімнің көбі бір командаға топтастық. Әрине оған дейін "Информбюроның" бай тарихы бар,үлкен ұжым болатын. Міне сондай үлкен ұжымға жұмыс істеуге келген едік.

- Жалпы, "Информбюроның" бүгінгі ұжымы жайлы айтсаңыз. Қанша адам қызмет етеді?

- Бүгінде "Информбюро" шынымен үлкен ұжым. Еліміздегі басты ақпарат орталықтарының бірі. Барлық аймақтағы журналистер мен техникалық қызметкерлерді қосқанда, бұл ұжымда бүгінде жүзден астам адам жұмыс істейді. Оның көпшілігі елге танымал, тіпті астына титр жазбаса да, қай –қай журналисті болсын, халық жақсы танып жатады.Міне, "Информбюроның" өзі ғана емес, сол журналистердің есімдері де брендке айналған.

- Жиырма жылдағы хабардың басты жетістігі деп нені айта аласыз?

- 20 жылдағы хабардың басты жетістігі деп - "Информбюроның" мейлінше шындықты айтуға ұмтылысын, объективті ақпарат таратуға , яғни бір жақты ғана емес, сол оқиғаға, болмаса сол жағдайға қатысты барлық тараптардың пікірін беретін плюралистік ұстанымын "Информбюроның" басты жетістігі деп айтар едім. Оған қоса жәй ғана жаңалық жасап қоймай "Информбюро" кез –келген сюжеті көрерменге тартымды, қызықты етіп береді. Бұл - хабардың бұрынан қалыптасқан дәстүрі.

- Ақиқаттың алдаспаны болып қарашаның қамын күйтейтін бағдарламасының қазақ эфиріндегі орны?

-Әрине, "Информбюроның" бүгінгі қазақ эфиріндегі орнына баға беретін біз емес, ол көрермен. Сөйте тұра біздің редакциямызға күнделікті соғылатын қоңыраулар мен әртүрлі әлеуметтік желідегі парақшаларымызға келіп түсетін өтініштер, әркімнің жағдайын айтқан хабарламалар немесе тілектерге қарап, "Информбюроның" эфирдегі, қазақ эфиріндегі орнынының үлкен екенін байқауға болады деп ойлаймын.

 - Кадр сыртындағы бір қызық оқиғаңызбен бөліссеңіз...

 -Әрбір редакцияның өзіне тән қалжыңдары болады. Мысалы біз кейде өзіміздің ғана редакция түсірген материалдарды, репортаждарды қалжыңдап "эксклюзив" деп айтамыз. Яғни өзіміз ғана түсірген. Ол шын мәнісіндегі ақпарат әлеміндегі эксклюзивтілікті білдірмейді, ол тек ғана біз түсірдік деген сөз. Бір жолы репортаж Астанадан дайындалған екен, ол әрине, шынымен де біз ғана түсіргенбіз. Бірақ "эксклюзив" деп айдар тағатындай материал емес еді. Дегенмен екі –үш күн сол материал эфирге шықпай қалып жүрді. Студиядағы жүргізуші, ылғи режиссерге эфирлік уақытқа сыймай жатқан соң, анау Астананың материалы эксклюзив қой, ол ертеңге қала берсін, ертең де керек қой деп екі –үш күн қалдырған болатын. Содан бір күні әлгі эфирдегі өзінің сағаты келген болуы керек, материал эфирге шығады. Сөйтсе оған режиссерлер біздің журналистермен арадағы қалжыңды түсінбей оған «эксклюзив» деп үлкен титр беріп қойған екен. Сол оқиғаны әлі күнге дейін еске алып қалжыңдап күліп қоямыз.