Дархан Сағидуллин Нұрланұлы, Редактор: "Замансөз", "Біздің қала", "Ғаламтор ғажайыбы", "Адам болам десеңіз" атты хабарлардың редакторы, әрі жүргізушісі: "Жаңа маусымнан күтерім көп".
- Ассалаумағалейкум, Дархан Нұрланұлы. Алтын күздегі жаңа маусым құтты болсын! Ақжайық жұртшылығының төл арнасы - "Қазақстан - Орал" арнасының басты жаңа маусымдағы жаңалықтары қандай?
- Рахмет көп-көп.
Біздің арнаның «Ақжайық» атауына ие болуы – рухани жаңғырудың бір бөлшегі іспетті. Кәрі құрлық халқына үрей тудырып, жеті жылдық жорықтың қолбасшысы, Бату Хан қыпшақ халқымен бірге Жайық өзенінен өткен. Әйгілі итальяндық саяхатшы Марко Поло күллі Еуропа еліне Азияны таныстыруына себеп болған ұлы өзен де – Ақ Жайық! Әлем тарихының да, ел тарихының да қалыптасуында бұл өзеннің алар орны ерекше. Қазақстандағы ұзындығы 1000 километрдан асатын ,7 өзеннің қатарына кіретін ,Ақ Жайық өзені атауының өзі жүрегі қазақ деп соққан әр жанның бойына қуат береді. Бәлкім содан болар Кіші Жүз халқы ержүрек, батыр. Бұған тарих куә. Жайық жағасын жағалаған жан – жыр жазуды жөн көреді. Ақ жайықтың Ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереваның: «Ақ жайық, арнаға түс арындамаАру Жайық, ерке өзен, сабырлағын», - деген өлең жолдары жергілікті халықтың мінезін сипаттап бергендей. Ару Жайық, ерке өзен, міне, бүгінде «өз арнасына» түсіп, лайықты орнын тапқандай. Ол – “AQJAI’ҮQ” арнасы. Арнаның басты жаңалығы осы. Логотип өзгерді. Қазақ елінің латын әліпбиіне көшуі – тарихи сәт. Бірден бәрін өзгерті қиынға соғары анық. Алғашқылардың бірі болып дәл осы әліпбиді қолдадық. Ұлттық арна, Қазспорт арналарына халықтың көзі үйренді. Ақжайық атауының өзі жүрегі қазақ деп соққан әр жанды жеңіске, отан сүйгіште, белестерге жетелейді. Арнада жаңа жобалар ашылып жатыр. Саяси-қоғамдық мәселелерді қозғайтын «Ой талқы»бағдарламасы көрерменге жол тартты. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына ену үшін білімді ұрпақ тәрбиелей алу керек. Осы бағытта «Эрудит» жобасы эфирден өтіп жатыр. Халық пен депутттар арасына көпір салатын, қарым-қатынасын жақсартуға арналған «Мәслихат» бағдарламасы да тікелей эфирде болып жүр. Батыс Қазақстан облысындағы ауыл-аймақтардың тұрмыс-тіршілігімен таныстыратын «Өскен өңір» бағдарламасы рейтингі жоғары хабарлардың бірі. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта көрермендерімізді жаңа жобалармен қуантпақпыз.
- Жаңа маусымдағы патша көңіл көрермен қауымға ұсынар нендей тосын сыйларыңыз бар?
Біз қай кезде де халық үшін жұмыс істейміз. Мақсатымыз – патша көңіл көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлау. Бізді биікке жетелейтін де, сынайтын да, шыңдайтын да – дәл осы біздің көрермендеріміз. Осы жақында тағы бір жаңа бағдарлама қатарға қосылмақ. Ол құпия күйінде қалсын. Көрерменге ұнайды деп сенемін. Тосын сый болсын
- Жаңа маусымнан не күтесіз жəне жаңа маусымда эфир көшіне қандай жастар қосылмақ? .
Жаңа маусымнан күтерім көп. Менің бұл салада жүргеніме көп болған жоқ. Жас мамандардың бірі – мен. Теледидарға шығуды армандап жүрген, еліме, туған қалама қызмет етем деп Алматыдан келген балаға осындай үлкен мүмкіндік берген әріптес аға-апаларыма алғысым шексіз. Жастарды үйретуден жалыққан емес. Үйренерім әлі де көп. Биыл тағы да «Танылмаған талант» жобасы көрермендер назарына ұсынылады. Әзірге іріктеу кезеңдері өтіп жатыр. Бұл жоба жастардың жеңіске жетелейді. Өздеріне деген сенімділіктерін оятуға үлкен септігін тигізеді. Біздің ұжым жастармен жұмыс істеуге қашанда дайын. Өйткені, қазіргі жастар – ертеңгі ел болашағы
- Көрермендеріңізге айтар ақ жарма тілегіңіз бар ма?
-Көрермені, ақылшысы, жанашыры бар адам әркез өзін тәрбиелеуге тырысады. Өзінен кіші жандарға үлгі болуға талпынады. Халық үшін адал қызмет етіп, тынбай ізденуге тырысамыз. Қазір адамдардың талғамы жоғары. Сондықтан да олардың талғамына сай жұмыс істеу - біздің басты міндет. Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болып, әркез татулықта, бейбітшілікте өмір сүрейік. Жағымды жаңалықтарымызбен қуантып, сіздерге керемет эмоция сыйлап жүргенге не жетсін шіркін. Сіздің ұжымға да табыс тілеймін. Макиавелли айтқандай: «кімде кім ақпаратты көп меңгерсе, сол жанның әлемді билеуге қауқары бар» Бір салада жүрген соң сіздердің де оқырмандарыңыз көп болсын!