Қырғызстан милициясы жаңа туған сәбилерді сатумен айналысты деген күдікпен бір топ дәрігерлерді ұстаған.
Қазір тергеу абақтысында Бішкек емханаларында жұмыс істеген үш медициналық қызметкер отыр. Оларға қарсы "адам саудасы" бойынша қылмыстық іс қозғалған.

 "Тергеу амалдары жүріп жатыр. Аяқталған соң, мән-жайды толық айтамыз", – деді Қырғызстанның ІІМ өкілі Карима Асанғұлова. Әзірге жаңа туған сәбилерді қандай перзентханада сатып келгені белгісіз. 
 
Ресми емес мәліметке қарағанда, аналарды босандырған дәрігерлер ата-анасына сәбидің өлі туылғанын хабарлап, тіптен сәби мәйітін көрсетіп келген. Ал дені сау баланы сатып отырған. "Құқық қорғау органдарының қолдауынсыз, мұндай ауыр қылмысты дәрігерлер өздері жасай алмайды. 
 
Бұл үлкен қылмыстық топ болып тұр", – деп болжайды Балалар құқығын қорғау лигасының басшысы Назгүл Турдубекова. Турдубекованың сөздерінше, Қырғызстанда әрбір жаңа туған сәби жөнінде ақпарат беретін автоматтандырылған жүйе енгізу керек.
 
 
Дереккөз: centralasian.org