Қазақстандық блогер Эльвира Ергалина Түркияның Измир қаласында тұрып жатқанына көп бола қойған жоқ. Дегенмен, аз уақытта елдің тұрмыш-тіршілігіне үңіліп, түрік елі жайлы қызықты мәліметтерді өз парақшасында топтастырған екен.
Бала бағатын әжелерге арнайы жәрдемақы
Эльвираның айтуынша, Түркияда мемлекеттік балабақша деген жоқ. Тек жекеменшіктер ғана бар, оның өзінде көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін жоғары бағамен. Көбі ақша үнемдеп, бала қараумен өздері айналысатын көрінеді. Соның ішінде әжесіне бала бақтыратындар жетерлік.
Жұмыс күндері өз немересін бағып, үйде отыратын әжелерге жәрдемақы төлеп отырмақшы көрінеді.
«Зейнетақысы 1800 лирадан аспайтын (130 мың теңге айналасы) әжелер өз еңбегіне тағы 100 доллардай ақша алады. Түсінгенім, бұл жәрдемақыны пенсиясы ең аздарға ғана береді. Ең азы, сол, 130 мың теңге» — дейді Эльвира.
«Қазақтың әжелеріне немере баққаны үшін ақша төлесе, шетінен Форбсқа еніп кетер ме еді» —
— деп ой толғайды блогер.
Қыздарына қарағанда еркектері сыланғыш
Эльвираның Измирге келгеніне екі апта болса да, байқауынша, түрік қыздарының көбі (басым бөлігі) боянбайды, шашы жуылмаған, олпы-солпы киінген, тырнақ маникюрі жайлы тіпті әңгіме де қозғалмайды. Әсіресе, киімге талғамы өте қызық екен: қыстық жүн етікпен жұқа теріден жасалған күртешені үйлестіре береді.
«Сырт келбетке көп мән берілетін елден келген соң мұның бәрі көзіме оттай басылды» — дейді блогер.
«Мұнда «Сырт кейпі ештеңе етпейді, бастысы өзіңді бағалау» деген философия жүретін сияқты, себебі бұл жақта қыздар шынымен «өзінше». Өзіне берер бағасы, жалпы сенімділігі мен батылдығы мықты екен» — деп жазады блогер.
Бұл үрдіс жігіттердің қыздардан көп болуынан деп болжайды блогер. Түркияның аруларына қарағанда ерлері көбірек сыланып-сипанғыш екен. Шашын гельдеп, сақалын тегістеп, әтірін себініп, денесін жаттықтырып, қыздарға ұнау үшін барын салатын көрінеді.
«Кәдімгідей бәсекелестік дерсің»
— дейді Эльвира.
⠀
Дегенмен, қыздары шетелдіктерден өз қандастарын қызғанатын көрінеді.
Қазақ еркегі
Сонымен қатар, Эльвира Измирде жүріп, қазақ жігіттері жайлы тағы бір қызық дерекке тап болған. Түріктер арасында қазақ еркегінің образы қатыгездікпен, қаталдықпен ассоциацияланатын көрінеді.
«Мысалы, түріктер біздіңше «қатынының айтқанынан шыға алмайтын», орыстарша «подкаблучник» еркекті «кылыбык» (kilibik) дейді.
Ал, оған қарама-қайшы қатал, әйелін сығып ұстайтын, басынан сөз асырмайтын, айтқанын орындататын, талапшыл еркекті «қазақ еркегі» (kazak erkegi) дейді
Ал, қарапайым еркек – жай ғана «erkek». Қызық, иә?» — дейді блогер.
Эльвираның айтуынша, бұл жергілікті қандас бауырларымыздың төбелес, текетірес дегенге жақын болуынан қалыптасқан екен. Әсіресе мектеп қабырғасындағы жеткіншек қазақтар ешкімге дес бермейтін көрінеді.
Дегенмен, Эльвира мұны өз көзімен көрмегендіктен, нақты ақпарат деуден аулақ. «Бәлкім, мақтанғаннан тоқтай алмай, асыра сілтеп жіберген де шығар, бірақ «қазақ еркегі» деген ұғым бары нақты факт» — дейді Эльвира.
Сосын жеке «kazak» сөзі – свитер. «Қазақ киген қазақ» деп өзара қауқылдасып алатын да көрінеді.