Жаңа штамм шекараны қайта жабуға мәжбүрлеуде. «Омикрон» деп атау берілген Ковид-19-дың Оңтүстік Африкадан шыққан тағы бір түрі әлемге тарап жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған дейінгі вакцина «омикронға» да қарсы тұра алады дегенімен, алаңдаулы.

Өйткені алдыңғы штамдарына қарағанда бұл жолғы вирус тез жұғады, мутацияғада жылдам ұшырайды екен. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйым басшысымен бүгін Швейцарияда кездесіп, мұқтаж елдерге отандық QazVac-ты ұсынды.
 
Сонымен «омикронның» белгілері қандай? Қазақстан үкіметі қандай шараны қолға алып жатыр? Тоқаевтың Швейцарияға ресми сапары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысымен кездесуден бастаулы кездейсоқ емес. Әлем енді еркін тыныстауға бет бұрды ма дегенде, «омикрон» штамы шығып, әбігерге салатын түрі бар.
 
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның мамандары бұған дейінгі вакциналардың жаңа вируспен күресте әсері бар деген сенімде. Бұл ретте Қазақстан отандық вакцинаны мұқтаж елдерге ұсынуға дайын.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті: - Біз сіздің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Өкінішке қарай, әлем күрделі кезеңді бастан кешіп жатыр. Қазір коронавирустың жаңа штамы – «омикрон» анықталды. Біз індетпен күресте әрдайым бірге болуымыз керек. Әңгімеге арқау болған «омикрон» өткен апта Оңтүстік Африка Республикасында қылаң берді.
 
Оның басқа штамнан қауіпті екенін мамандар қазірден дабыл қағып айтып жатыр. Белгілері: жүрек соғысы жиілейді, бірақ дәм мен иіс сезу жоғалмайды. Алаңдаушылық оның жылдам тарауы мен тез мутацияға ұшырауынан туындап отыр. Оған қоса Ковид-19-бен ауырғандар да «омикрон» вирусына шалдығуы мүмкін екені айтылды. Америка бастап, Канада қостап, Еуропаның бірқатар елі Оңтүстік Африкадан келуші жолаушыларға шекарасын тарс жапты.
 
Аяқ-асты «аш бәледен қаш бәле» деп теріс айналған елдерге оңтүстікафрикалық дәрігерлер даурығуға себеп жоқ деп сабырға шақырды. Анжелика Коетизи, Оңтүстік Африка медициналық қауымдастығының төрайымы: - Ауру белгісін бәсең деп бағалауға болады.
 
Ондай науқастар үйде емделе береді. Әзірге осы жақтағы дәрігерлерден науқасты жасанды тыныс алу аппаратына қостық деген әңгімені естімедім.
 
Шотландияда – 6, Ұлыбританияда – 9, Португалияда – 13. «Омикронды» анықтаған елдер жарыса осылай статистикасын жариялап жатыр. Әзірге жаңа штамды жұқтыру көрсеткіші жағынан Еуропа елдері көш басында.
 
Мамандар «омикрон» тез тарайтындықтан, мутацияға жылдам ұшырауы мүмкін деп топшылайды. Максим Скулачев, М.Ломоносов атындағы ММУ ғылыми қызметкері: - Қатты өзгеріске ұшыраған. Осыған дейін ауырып шыққан «дельта», «альфаға» ұқсамайды.
 
Сондықтан құрамы өзгеруі мүмкін. Басты алаңдатып тұрған мәселе – иммундық жүйеміз «омикронды» танымай қалуы мүмкін. Қолданыстағы вакцинаның өзі көмектесе алмай қала ма деген қауіп бар. Уақыт жоғалтпай, бұл жаңа штамды зерттеп, бір тоқтамға келу қажет. Әлем ғалымдары «омикронға» қатысты басын қатырып жатса, әзірге біздікілер әліптің артын бағып жатқандай. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған ақпаратты фейсбук парақшасында қысқаша аударып жариялаумен шектелді.