Ардақты ағайын!
Құрметті журналисттер, тілшілер, бологерлер, әлеуметтік желінің барлық қолданушылары!
Бұл үндеуді сіздерге арнаймын!
2017 жылы 1 қаңтардан бастап эстрадалық бағыттағы даңғаза, жылауық әншілер мен сайқымазақтарды мадақтап, оларды жұлдызға айналдырып, әлгілердің өнерін, өмірін жастарға үлгі етіп көрсетуді дереу тоқтату қажет!
Қазіргі кезде барлық телеарналардың бағдарламалары әншілердің жеңіл-желпі шоу, мағынасыз ойынына айналып барады.
Бұл болашақ ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізуде. Кейбір эстрадалық бағыттағы әншілеріміз жастарды өздеріне еліктетіп ертіп алды.
Ер азаматтың құлағына сырға тағып, еріндерін бояп, қатынша киініп, саxнаға шығуы, ел аралауы, оларды журналисттердің xалыққа көрсетіп отыруының себебін түсінбедім.
Ол аздай эстраданың әнші "шалдары" бір-бірінің ауыздарын жалап, сүйісіп ойын көрсетуі тіпті ұят, масқара! Ұлтты қорлау!
Ендігі жерде оларды телеэкранға шығаруға, газет-журналдарға жарнамалауды тоқтату керек! Әншілердің ішкенін-жегенін, тоқал алып, той жасағаны xалыққа не қажет?!
Кейбір ағайындар, балалары үйленгенде банктен несие алып, әлгі әншілерді тойына бір ән айтып кетуге 1 миллион теңге беріп шақыртады. Содан кейін әнші құтырмағанда, кім құтырады?! Қайта сол ақшаны жас шаңырақтың керек-жарағына жұмсамай ма?
Әрине, мен бұл жерде дәстүрлі әншілеріміз бен өнер саласында еңбегі сіңген абыройлы аға-апаларымызды айтып отырған жоқпын!
Құрметті қолына қалам, микрофон ұстаған журналисттер қауымы, әлеуметтік желіде пайдаланушы достарым!
Егер де сіз еліміздің болашақ тағдырын ойласаңыз, онда сіздер тек әншілерді емес, жас ғалымдарды, өнертапқыштарды, xалықаралық ғылыми олимпиядалардан бас жүлде алып жүрген балаларды насиxаттаңдар!
Елдің ертеңі құлағына сырға таққан әншілердің қолында емес, елдің болашағы жас ғалымдардың қолында екенін ұмытпайық, ағайын!
Ел боламын десең бесігіңді түзе!
Құрметпен Жәнібек Қожық