Әңгіме
Ерсін Ерғалиев
Кеңес Одағы тұсында Көкшетау қаласының қазіргі Абай және Горький көшелерінің қиылысында шайхана болатын. Ауылға деген сағынышты осы шайханаға келіп, шай, бауырсақ, қымыз ішумен басатынмын. Бірде дастарханға жайғасып, қымызға тапсырыс берген соң, жанымда отырған жігітке көз салсам, өзім құралпылас жігіт екен. Екеуміз тез тіл табыстық. Есімі Еркін екен. Қымызға мейірімізді қандыра отырып, жылқының бабаларымыз үшін әрі көлік, әрі азық, әрі сусын болғанын және оның бүгінгі күні де халқымыз үшін маңызын жоя қоймағанын, тіптен қымыздың туберкулез, обыр ауруларына да таптырмас ем екенін тілге тиек еттік. Еркін өзінің жылқы малын қатты құрметтегенімен, жылқы етін жемейтінін айтқанда құлағым елең ете қалды. Менің таңғала қарағанымды көрген Еркін әңгіме өзегін әрі қарай жалғастырып әкетті:
- «Ат ер қанаты» дегенді айтқан қазақ үшін жылқы түлігі атам заманнан аса қадірлі және қасиетті болып саналады. Төрт түліктің төресі деп жылқыны ерекше қадір тұтқан қазақтың мінезі де жылқыға ұқсас. «Қазақ - жылқы мінезді» деген сөз бекер айтылмаған.
Достыққа өле-өлгенше адалдық танытатын қазақтың бойындағы төзімділік пен көнбістік, қастарына тарпаңдық пен асаулық көрсететін қазақтың, туған жеріне деген іңкәрлік сезімі жылқы малынан жұққан сияқты. Бірақ тіл мен дін, салт - дәстүр қыл үстінде тұр. Бойымыздағы намыс пен өрлік кеміп бара жатқан сияқты. 1916 жылы қазақ даласында 4 миллион 400 мың бас жылқы болыпты. Ал, қазір 1,5 миллионға жетер жетпес қана жылқы бар. Бұл өте өкінішті-ақ.
Әкем «Қаратал» кеңшарында шопан болып істеді. Мен 6-7 жастағы ойын баласы болсам да, әкеме көмектесіп қой баға жүріп, аттың құлағында ойнап өстім.
Бір күні жаздың арайлы таңында ұйқыдан оянып, далаға шықсам биемнің жанында тәлтіректей басып, жаңа туған құлын тұр. Өзі сондай сүйкімді. Қуанып жанына жүгіріп бардым. Құлынның қарны ашты ма, мені тұмсығымен түрпектей берді. Қарны ашқан ғой деп енесін емуге көмектестім. Қарасам маңдайында жұлдызға ұқсас таңба бар екен. Мен оған бірден «Жұлдыз» деп ат қойдым.
Күн сайын таңның атысы, күннің батысы Жұлдызымның жанынан шықпаймын, ол да маған бойын үйретіп алды. «Жұлдыз» десем елеңдеп оқыранып шауып келеді, тіптен қолымнан печенье, кәмпит, нан үгінділерін жейтін болды. Оған «Жат, тоқта» деген қарапайым әдістерді үйрете бастадым. Әкеме құлынға шақтап жүген істетіп, үстіне жайдақ мінетін болдым. Бір сөзбен айтқанда алғашқы беттен бір - бірімізге үйлесімімізді таба білдік.
Содан, ертегілердегі тұлпардай Жұлдызым, шапқан сайын есейіп, жасына жас қосылып, құлыннан жабағы, жабағыдан тай, тайдан құнанға, құнаннан дөненге, дөненнен бестіге айналады. Пырағыммен бірге мен де есейіп, бұғанам қатайды. Ауыл арасындағы тай жарыс, жорға жарыс, аламан жарыстарға қатысып жүрдім.
Алғашқы рет ауданда өткен сабантойға қатысып бірінші орынды ұтып алдым. Расында, Жұлдызым сауырына қамшы салдырмайтын сәйгүлік еді. Жаратылысынан тұлпар болып туған жылқы малы ғой, бірақ заманына қарай, ол тек қойшының аты ғана болды. Егер жаугершілік заман болса, батырға серік тұлпар болар ма еді.
Ауданаралық 30 қаралы ат қатысқан 25 шақырымдық аламан бәйгеде Жұлдызым бірінші орын алды. Содан бастап Жұлдыздың айы оңынан туып аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Аттың шабарманы мен.
Сөйтіп жүргенде көршіміз малымды іздеп келейін деп қиылып сұрап қоймаған соң, бере қойып едім, астына жүйрік ат тиген соң есі шығып кетті ме, шауып кеткен. Кешке дейін тосып, алаңдап жүр едім «мал қуғанда ат аяғын борсықтың ініне тығып сындырып алды»,- деп Жұлдызды машинаға артып алып келгенде не болғанымды білмедім. Сондағы өзекке түскен ащы өкініш кеудемді ашытып, тынысымды буды, сол күйініш көкірегімнен әлі кетер емес. Сол күні мал қорасының маңынан ұзап ешқайда шықпадым. Қайта-қайта айналып келіп, Жұлдызымның жалынан, арқасынан сипай беремін.
Әкем атты сойып алғысы келіп еді, сойғызбадым. Аяғына гипс салдырдым. Әкем «Енді бұл мал болмас»,- деп жүрген. Бір күні таңертең тұрсам үйдің жанында 4-5 кісі жалақтап жүр, қарасам Жұлдызды ашаға байлап қойыпты, алсұрып тұрған ат мені көріп, арқанды үзіп шоқаңдап қаша жөнелгенде, мен «қаш Жұлдызым, қаш»,- деп аттың соңынан қалмай үзілер үмітімді арқалай жүгіргенім - ай.
Жылқымнан қалмай қиқулап келе жатып, оңбай құладым. Бір сәтке есімнен айрылып қалдым. Есімді жисам Жұлдызым тұмсығымен мені түртпектеп жанымда тұр, айналамды қаумалаған жұрт атты ұстауға қамданып жатыр. Мен атып тұрып Жұлдызға «Қаш деймін, қазір сені сойып тастайды, қаш деймін»,- деп сауырынан сипай ұрып жылап жүрмін. Бірақ, иесіне үйренген ат өлетінін білсе де, жанымнан кетпеді-ау!!!
Үстіне мініп қашайын деп едім, тым кеш болды. Атты арқандап әкетіп бара жатты. «Әке «Жұлдызды» соймаңдаршы, ол әлі талай жарыстарға қатысады», - деп еңіреп жылап жүрмін, бір кезде Жұлдыздың шұрқыраған даусымен қосыла алқызыл қанның шапшығанын көргенде дүние дөңгеленіп кеткендей болды.
Қарасам тілсіз, үнсіз егілген жануардың көзінен жас парлап, моншақ-моншақ боп үзіліп жатыр екен. Пырағымның жанарынан жылт етіп көрінген үміт сәулесі, көпке дейін сөнбеді. Құлагерінің басын құшақтаған Ақан сері бабамдай тұлпарымның қанға батқан басын құшақтап «Жұлдызым-ау, неге қашып кетпедің?!.», - деп өксіп жылай бердім...
Қазір жылқы еті бар табақты көрсем болды көзі жасқа толы «Жұлдызым» елестейді. Ол бір төбені бір төбеге қосып мұнартып көрінген «Мұса Қара ағашы» қойнауын бетке алып, зулап бара жатқандай болады да тұрады. Ал Жұлдызымның жаны... Мүмкін, ол сона-а-ау Тәңірлер мекенінде мені іздеп, ауыздығымен құс тістеп, ұшып жүр мә екен?!. - деп терең күрсінген Еркін мұңды көзімен алысқа көз тігіп. Мен де оның жанын жеген мұңына үнсіз қосылдым.