Коронавирусқа шалдыққан 500-ге жуық медициналық маман осы дертпен күреске жұмылдырылмаған болып шықты. Сондықтан Бас прокуратурада COVID-19-ды дәрігерлер қалай жұқтырды деген сауал туындаған.
 
Денсаулық сақтау министрлігі оларға 2 миллион теңге берілмейтінін айтып салды. Қазір министрлік прокурорлармен бірігіп тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр - деп хабарлайды ktk.kz арнасына сілтеме жасап el24.kz
Елде Төтенше жағдай режимі енгізілгелі басы ауырып, балтыры сыздағандарға емханаға баруға тыйым салынды. Оның орнына жедел жәрдем бригадасын үйге шақыруға кеңес берілген. Індеттің өршіп кетпеуі үшін министрлік осылай амалдаған еді. Бірақ оның қайыры болмады.
 
Елде қарапайым азаматтарды айтпағанда, дәрігерлер арасында кесел жұқтыру көбейген. Диас Ахметшәріп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі: - Қазақстан бойынша 820 дәрігер және медициналық қызметкерлер  коронавирус індетімен ауырып жатыр. Жұқтырып алды, өкінішке қарай. Қазақстан бойынша тек қана Ақтөбе облысында жоқ. Бұл көрсеткіш қалған облыстардың барлығында бар. Ең көбі – Алматы қаласы.  Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында да covid-19 вирусын жұқтырған дәрігерлер саны көп. Бір қызығы, дертке шалдыққан 820 маманның 500-ге жуығы коронавирус індетін емдеумен айналыспаған. Қазіргі уақытта ол мамандардың дертті қалай жұқтырғанын анықтау үшін  Бас прокуратура қызметтік тексерісті бастап кеткен. Дәрігерлер арасындағы қауіпті кеселдің қанат жаймауы үшін Денсаулық сақтау министрлігі жаппай тексеру жұмыстарын қолға алған. Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары: - Министрлік тарапынан медицина қызметкерлерін скринингтік тестілеуден өткізу туралы шешім қабылданды. Сәуірдің 10-нан бастап 22 мыңнан астам маман тест тапсырды, яғни жоспардың 69%-ы орындалды. Алайда ДДСҰ вирустың белгілері бар медицина қызметкерлерін ғана тексеруге кеңес береді. Министрліктің мәлімдеуінше, еліміздегі дәрігерлер коронавирустың жұғу қаупіне аса мән бермеген. Соның салдарынан көбі науқас. Анығы, басым көпшілігі қауіпсіздік шараларына атүсті қараған. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі растаудың орнына, біз ғана емес, әлемнің басқа елдеріндегі дәрігерлер де covid-19 жұқтырып жатыр ғой деген жауабын әзірлеп қойған. Жалпы бүгінде дүниежүзінде дәрігерлердің 16 пайызы коронавирус дертіне шалдығып отыр. Коронавирус еміне еш атсалыспай ауырып қалған дәрігерлердің жайына қатысты тексеріс қашан аяқталатыны әлі белгісіз. Анығы, айыптылар жауапқа тартылады. Ол не дәрігерлердің вирус жұқтыруына жол берген мекеме басшылары немесе жұмысына салғырт қараған дәрігерлердің өздері болуы мүмкін. Ал уәделі 2 миллион теңге олардың ешқайсысына бұйырмайды. Себебі, министрліктің мәлімдеуінше, ол 500 маманның covid-19-бен күреске еш қатысы жоқ.