Кеселмен күресте алдыңғы шептегілердің өзі ауру алдында қауқарсыз. Елордада коронавирус жұқтырған медицина қызметкерінің саны артып жатыр.
Ал Ақтөбеде бір тәулікте 61 тәртіп сақшысы мен әскериден аталмыш дерттің белгісі анықталды. Атырау облысында вахталық ауылдағы 71 жұмысшыдан Covid-19 вирусы анықталған.
Ал олармен байланыста болғандар саны мың жарымнан асады. Елдегі соңғы эпидемалогиялық ахуал мынадай:
Дерт дендеген дәрігерлердің көптігінен көш бастаған Алматыны енді Нұр-Сұлтан қуып жетуі мүмкін. Бас қалада бүгінге дейін 150 медицина қызметкерінен СOVID-19 вирусы анықталған. Бірақ соның 30 пайызы ғана жұмыс барысында жұқтырыпты.
Дерт дендеген дәрігерлердің көптігінен көш бастаған Алматыны енді Нұр-Сұлтан қуып жетуі мүмкін. Бас қалада бүгінге дейін 150 медицина қызметкерінен СOVID-19 вирусы анықталған. Бірақ соның 30 пайызы ғана жұмыс барысында жұқтырыпты.
Қазір арнайы құрылған комиссия сақтықта ағаттық жібермеуі тиіс ақ халаттылардың қалайша жаппай аурудың апанына түскенін анықтап жатыр. Сәуле Қисықова, Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: - Комиссия қазір болған жағдайды толық тексеруде. Дәрігер науқасты емдеу барысында жұқтырды ма, әлде қаланың кез келген тұрғыны секілді өз көршісінен жұқтырды ма – бәрін анықтаймыз.
Құс ұйқымен аптаның жеті күні дамыл таппай жүрген сақшыларға да ауру ауыз салды. Ақтөбеде бір тәулікте 61 тәртіп сақшысы мен әскерилерден вирус расталды. Ешқайсында дене қызуы көтерілмеген. Жөтел болмаған. Экспресс тестті тапсырмағанда, бәлкім білмей, ауру одан әрі асқынып кетер ме еді.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: - Осы экспресс-тестілеу нәтижесінде өзінде клиникалық белгілері білінбей жүрген көптеген біздің тұрғындардың арасында осы тест оң мән беріп, оны тереңірек тексеру нәтижесінде қазір қосымша 61 адамда коронавирустық инфекция анықталды.
Қазір коронавирустық инфекциямен 126 адам тіркеліп отыр. Оның 11-і жазылуына байланысты үйіне шығарылған. Теңіз кен орнында да кесел өршіп тұр. Мұнда 71 жұмысшының Covid-19 вирусын жұқтырғаны анықталды. Ал, науқастармен байланыста болғандардың саны мың жарымнан асып кеткен. Олар кеніштегі вахталық қалашықтарға 14 күнге карантиндық стационарға жатқызылды. Кейін үйлеріне қайтарылмақ.
Мұнда коронавирус қылаң берген 16-шы сәуірден бастап 17 мың жұмысшыны шығару көзделген. Олардың жартысына жуығы Атырау тұрғыны. Ержан Төлек, Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы: - Бүгінгі күнге дейін солардың 10 мыңнан астамы шығарылып үлгерілді.
Олардың 6 мыңнан астамы Атырау қаласының тұрғындары. Сонымен қатар бұл жұмысшыларды шығару 5 мамырда аяяқталады деп жоспарланып отыр. Семейде бүгін тіркелген үш науқастың бірі – үш жасар бала. Ол кеше ғана осы үйде коронавирус анықталған әйелден жұқтыруы мүмкін.
Қазір бәрі инфекциялық стационарға жатқызылып, оқшауланған. Шығыс Қазақстан облысы әзірге Covigd-19 вирусы ең аз тіркелген облыстардың тізімінде. Мұнда 20 тұрғында вирус расталған. Коронавирус Қазақстанда шарықтау шегіне жақындағандай.
Өйткені күніне ондап қосылатын науқастардың саны күрт көбейіп барады. Бір тәуліктің өзінде 250-ден астам азаматтың вирус жұқтырғаны белгілі болды. Көбі – Алматы қаласында. Ауру айылын жимаса, мамандар болжаған 5300-дік межеге 1-2 аптада жетуіміз мүмкін. Соңғы статистика бойынша елде 3356 адам коронавирусқа шалдыққан. 858-і жазылып шықса, 25-і көз жұмды.