Карантиннен кейін әскери бөлімшелер мен ұлттық ұлан құрылымдарының кезекшілігін бірнеше айға қалдыру, тіпті күшейту қажет болуы мүмкін.
 
Сенат төрағасы Дариға Назарбаева құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық пен криминогендік ахуалға баса назар аударуды тапсырды. "Әйелдер мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдерінен карантин кезінде үйдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрт өскені туралы ақпарат келіп жатыр.
 
Өкінішке қарай, бұл карантиннің тікелей салдары. Зорлық-зомбылық құрбаны болған әйел мен бала үйінен қашып кете алмайды, көмекке де шақыра алмайды", – деді Назарбаева сенат отырысында. Ол жергілікті билік пен құқық қорғау органдарын осыған ерекше назар аударуға шақырды.
 
Спикер әйелдерді қолдау шараларын күшейту қажет деп санайды. Бұдан бөлек, сенат төрағасы елдегі криминогендік ахуалға тоқталды. "Қоғамды, әсіресе ірі қалалардың тұрғындарын қатты мазалап отырған мәселе.
 
Қазірден бастап карантиннен кейін қалаларда криминогендік ахуалды тұрақтандыру бойынша жоспар әзірлеу қажет деп есептеймін. Әскери бөлімшелер мен Ұлттық ұлан құрылымдарының кезекшілігін бірнеше айға қалдыру, тіпті күшейту қажет болуы мүмкін. Қала тұрғындары бұған түсіністікпен қарайды деп сенемін", – деді спикер. Сонымен қатар, Назарбаева ұрлық пен бұзақылық жасағандарға барынша қатаң жаза қолданып, көрнекі соттар өткізу керек деп санайды.