Елімізде бүгінен бастап тұмауға қарсы екпе салдыру науқаны басталады. Денсаулық сақтау министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарын тегін вакцинамен қамту үшін ресейлік өнімді сатып алған.
 
Ал өз еркімен екпе салдырғысы келетін азаматтарға екпе бағасы 2 жарым мыңнан 4 жарым мың теңге аралығында. Препарат ел аумағында таралған тұмаудың үш түрінің бетін қайтара алады деп сендірді .
Денсаулық сақтау министрлігі тұмауға қарсы вакцинация науқанына жылдағыдай қазан айының 1-інде емес, биыл екі апта ерте кірісті.
 
Ел арасында тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекцияның алдын алу үшін Ресейде шығарылған «Гриппол+» деп аталатын вакцинаны таңдапты.
 
Екпе салу науқаны 15-қыркүйектен бастап, қарашаның 15-іне дейінгі аралықта екі ай бойы өтеді.
 
Жалпы тұмаудың жүзден астам түрі бар десек, біздің ел аумағында соның A типіне жататын «H3N2», «H1N1» деген екі түрі мен B типтес тағы бір түрі таралған. Аталған дәрі тұмаудың сол үш штамының бетін қайтаруға арналған.
 
Ресейлік вакцинаны алғаш болып Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың өзі салдырды. Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: - Вакцинаны жыл сайын осы емханада салдыруға тырысамын. Еш қиындығы жоқ, өзімді жақсы сезінемін. Биылға мемлекет 2,2 миллион дана вакцина сатып алып отыр. Ол халықтың белгілі бір топтарына беріледі. Одан бөлек, жыл сайын ақылы емханаларда миллиондай данасы сатылып отырады. «Гриппол плюсті» мектеп жасына толмаған және мектеп жасындағы балалар, медицина қызметкерлері, жүктіліктің 2 және 3 триместріндегі жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар және жасы 60-тан асқан кісілер тегін салдыра алады. Айта кетерлігі, екпе салдырудан бас тартқан адам әзірге тіркелмеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, әр ел халықтың кемінде 10 пайызына екпе салдыру керек.
 
Біздің ел ол көрсеткішті 11,7 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін бүкіл ел аумағында 5 мыңнан аса екпе салдыру бөлмесі дайындалған. Ал екпені жылдағыдан ерте бастауының себебін былай түсіндіреді.
 
Тимур Сұлтанғазиев, Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы: - Біздің мәлімет бойынша, қазан айының ортасында тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттанатын аурулардың мөлшері күрт көбейеді.
 
Ал вакцинадан кейінгі иммунитет екі аптаның ішінде пайда болады. Сондықтан қазіргі салынып жатқан екі-үш аптаның ішінде бітірсек, сонда сәйкесінше, тұмаудың маусымы келген кезде, жоғарылаған кезде сонда осал адамдарымыз дайын болады.
 
Былтырғы эпидемиологиядық маусымында елде 430 мыңнан астам адам жедел респераторлық вирустық инфекция жұқтырыпты. Соның 60 пайыздан астамы жасы 14-ке толмаған балалар екен. Бұл биылғы екпеге ерте қамданып жатқандарының екінші себебі. Ал әлеуметтік осал топтардың ешқайсысына жатпайтын, яғни, екпені өз бетінше салдырғысы келетін азаматтар үшін ресейлік өнімнің бағасы әр өңірдің баға айырмашылығына қарай, 2,5 мыңнан 4,5 мың теңгеге дейін барады.
 
Сондай-ақ, вакцинаның коронавируспен ауырып шыққан адамдарға еш зияны жоқ дейді министрлік өкілдері.