Ақтауда атышулы қылмыстық топтың белді мүшесінің өліміне қатысты ақпарат айтыла бастады.
Кеше қала ортасында қарша бораған оқтың астында қалған 47 жастағы азамат тілге келмей мерт болған — деп хабарлайды ktk.kz арнасына сілтеме жасап kz.el24.kz.
«Мұнша жарақат алған адамның тірі қалуы мүмкін емес еді», - дейді дәрігерлер.
Әбден қансыраған күйі ауруханаға жеткізілген азамат ота жасау үстінде тілге келместен жүріп кеткен.
Дәрігерлер оған тиген оқтың санына да жете алмапты. Өйткені бытыра оғы ішек-қарын, бауыр секілді ішкі органдарының барлығын тескен. Ажал құшқан азаматтың атышулы «Төрт ағайынды» қылмыстық тобының белді мүшесі екені айтылып жатыр.
Аталған топ бұған дейін талай рет мұнай ұрлау, рейдерлік әрекет, ақша бопсалау мен қару жарақ саудасында көзге түскен. Марқұмға оқ атқан адам ұсталып, қамауға алыныпты.
Нұрбол Оқуов, Маңғыстау облыстық ДСБ баспасөз хатшысы: - Аталған жағдай бойынша Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясына ешкім телефон шалған жоқ. Жарақат алған кісі алғашында жеке көлікпен Маңғыстау облыстық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Бытыра бірнеше жерге тиіп, бауырын, біраз жерін тесіп, екі жарым литр қан жоғалтқан.