«Фоккер-100» ұшағының апатқа ұшырағанына бір жыл. Сол қайғылы жағдай талай жолаушының өмірін күрт өзгертті.

12 адамның өмірі қиылды. Жарақатымен әлі алысып жүргендер де жетерлік. Өтемақы алмағандар да аз емес. Ал ұшақтың тиесілі «Бек Эйр» әуе компаниясы жолаушыларымен де, жерде қираған үй иелерімен де соттасып келеді деп хабарлайды ktk.kz арнасына сілтеме жасап el24.kz.



Қазірге дейін нақты шешілгені – әуе компаниясы лицензиясынан түбегейлі айырылды.

Енді олардың әуе тасымалымен айналысуға құқығы жоқ. Бір жыл ішінде тағы не өзгерді? Фоккер-100 ұшағында болған кішкентай Әділханнан бастап бұл отбасы мүшелері түгел жарақат алған. Дәрігерге бұрын көп бармайтын ерлі-зайыптылар бір жыл бойы буыны қатпаған баласымен бірге емхана жағалаудан әбден қажыпты.

Айсұлу Гатиат, Алматы қаласының тұрғыны: - Өз-өзіме келуіме ұзақ уақыт кетті. Бірнеше ай балдақпен әрең жүрдім. Әлі күнге дейін сүйегім сырқырап ауырады. Тоғыз айлық балам сол кезде басынан жарақат алған. Қазір отбасымызбен бірге дәрігерге жиі барамыз. Дәрі-дәрмекке көп ақшамыз кетті. Ұшаққа отырудан да қорқып қалдық. Ұшақ соғылған үйдің иесі Решет Қалибек өтемақыны кімнен аларын білмей әлі басы қатып жүр. Отбасымен далада қалған жігіт енді жерді сатуға рұқсат берген әкімдік өкілдерін сотқа бермекші.

Решет Қалибек, үйдің иесі: - Енді әкімшіліктің адамдары жерді сатты. Өздері құжат жасады, қол қойды. Мемлекеттік актісін жасады. Біз сатып алдық. Мына жердегі үйлердің бәрін сол мен сияқты сатып алды. Талғар ауданының әкімшілігін сотқа береміз. Сот процесі өтсін. Сол біткеннен кейін ары қарай өзіміз жұмыс істейміз. Негізі бұл жерде сол жер сатқандар кінәлі. Әуежай маңында түтін түтетіп отырған басқа отбасылар да жанын шүберекке түйіп өмір сүруге мәжбүр. Барлығы кезінде ақшасы жеткен жерден үй алған. Қолында құжаттары да бар.

Әйгерім Жұмаділова: - Қорыққанымен, не істейміз енді? Бала-шағамыз бар. Осы жерді алдық, тұрып жатырмыз. Жаңа үйлер түсіп жатыр, фундаменттері түсіп жатыр.Біз үйді салып жатқанымызға 5-6 жыл болды.   Жалпы заң бойынша ұшып-қону жолағынан төрт шақырым радиуста қандай да бір нысан салуға арнайы рұқсат керек. Алайда стратегиялық нысанның айналасындағы гектар-гектар жер шаруашылық мақсатында жекеменшікке өтіп кеткен. Кейін өл бөлшектеп сатылып, үйлер салына бастады. Талғар ауданының шенеуніктері « бұған қатысымыз жоқ» деп, жауаптан жалтарғысы келеді.

Дегенмен бірнеше азамат осы жер бөлу қаулысын заңсыз дайындады деген күдікке іліккен. Тергеу аяқталып, іс сотқа да жетті. Бірақ сот бірнеше мәрте кейінге шегеріліп, әлі басталмай жатыр. 

Қайрат Қыдырбаев, Алматы облыстық жер қатынастар басқармасының бөлім басшысы: - Сол жердегі үйлер сүріле ме?

- Жоқ, ол жұмыс әлі жүргізіледі. Әуежайда кездесулер өтеді. Содан кейін шешіледі. Не үшін рұқсат бергені сот процессі кезінде анықталады. Құзыретті органдардың берген қорытындылары бар. Талай жанның жүрегіне сызат түсірген ұшақ апатының себеп-салдары әлі анықталған жоқ. Тергеу жұмыстарын халықаралық авиация комитетінің өкілдері мен Фоккер-100 ұшағы жасалған Нидерланд елінің сарапшылары жүргізіп жатыр. Әзірге тек болжаммен шектелген құзырлы орган тергеудің сағызша созылуына пандемия әсер еткенін жеткізді.

Нұрлан Абқұлов, ҚР ИИДМ әуе апаттары мен оқиғаларды тергеу басқармасының бас маманы: - Апатқа қатысты екі болжам бар. Біріншісі – адами фактор. Екіншісі – ұшаққа мұз қатқан және ілеспе желдің кесірі. Бірақ әзірге нақты қорытынды айтуға әлі ерте. Тергеудің тұралауына пандемия әсер етті. Алдағы уақытта барлық сараптама  мен зерттеуді топтастырып, апаттың себебін айтамыз. «Бек Эйр» әуе компаниясына тиесілі «Фоккер-100» ұшағы бір жыл бұрын 27-желтоқсанда Алматы іргесінде таңғы сағат 7-ден 21 минут өткенде апатқа ұшыраған.

Әуе кемесінде 98 адам болған, оның 9-ы – кішкентай бала. Апат 12 адамның өмірін жалмады. Қалың елдің қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғадан кейін «Бек Эйр» компаниясы лицензиясынан айрылып қызметін толық тоқтатты.