Қазақстандық вакцинаның сапасына күмән келтірді.  QazVac-қа секеммен қарап отырған – Medsupportkz деп аталатын қоғамдық ұйым өкілдері. Айтуларынша, коронавирусқа тойтарыс болады деген отандық өнімнің жасалу процесі мен сынақтан өтуіне қатысты деректер тым аз .
Ұйымға мүше ғалымдар мен дәрігерлер толық мәлімет берілмейінше, пікірімізден айнымаймыз деп әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.

Ал отандық өндірушілер мұны бар болғаны ақпараттық шабуыл деп атады. QazVac-тың тиімділігіне олар шүбә келтіріп отырған жоқ. Жас ғалымдардың басын қосқан Medsupportkz ұйымы былтыр құрылған.

QazVac-тың сапасына сын айтып екпені қабылдамауға кеңес беріп отырған осы ұйым өкілдері. Мәлімдемені олар әлемуттік желідегі парақшасында  жариялаған. Medsupportkz өкілдерін вакцина құрамындағы формальдегид алаңдатады.

Аталмыш қоспаның кері әсері болуы мүмкін дейді. Әрі QazVac-ты жасаушылар толық ақпаратты таратпай бүгіп қалуы күмәнді қоюлата түскен. 

Әсел Мұсабекова, Medsupportkz ұйымының өкілі : - Өндірушілер отандық вакцинаның тиімділігін толық зерттеп болған жоқ. Себебі: оған көп уақыт кетеді. Бірақ соған қарамастан QazVac-тың тиімділігі 96 пайыз деп жар салды. Ол мүмкін емес. Себебі: мұндай жолмен әзірленген екпелердің тиімділігі 70 пайызға да жетпейді.

Алайда қазақстандық екпені қабылдаған азаматтарымыз ғалымдардың айтқан дәлелсіз деректеріне алданып сақтық шарасын ұмытқан. Сондықтан өндірушілерден ғылыми дәлелдерді күтеміз. Қазақстандық вакцинаны тас-талқан етіп сынаған қоғамдық ұйым ғылыми-зерттеу институтына өз көмегін де ұсыныпты.

Бірақ өндірушілер жас ғалымдардың жәрдемінен бас тартқан. Сол үшін ғана екпе сапасына күмәнмен қарауы қисынсыз дейді институт басшылығы. Мол тәжірибелі мамандардың жұмылуымен әзірленген екпе барлық сынақтан өткізіліп, сапасына толық жауап береді дейді олар.  

Лесбек Құтымбетов, Биология қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі: - Біз вакцина өндірісімен 60 жыл бойы айналысып келеміз. Оған қоса сапасыз әрі тексерілмеген препаратты көпшілікке егуге жібере алмаймыз.

Біздің вакцина толық тексерістен өткен соң, жануарлар мен адамдарға салынды. Тіпті өзіміз де дәл осы екпені қабылдадық. Вакцинаның қауіпсіз екені толық дәлелденді. Ол иммуногенді белсенділікке ие, яғни коронавирусқа төтеп бере алады.

QazVac қолжетімді болған сәттен бастап дәл осы екпені қабылдап жатқандар жетерлік. Вакцинаның екі компонентін қабылдағандардың жағдайы жақсы. Бүгінге дейін ешқайсынан кері әсері байқалмаған. Бірақ мына сыннан кейін отандық өнімді таңдайтындар азайып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан өндірушілер мұны қазақстандық өнімге жасалған ақпараттық шабуыл деп отыр.

Татьяна Панченко: - Отандық вакцинаны өндірушілердің өзі біріншілердің қатарында ектіргені препараттың сапасына сендірді. Екпені қабылдадым, айтарлықтай кері әсері болмады. Бірақ бүгінгі сынмен келіспеске тағы болмайды.

Меніңше, үкімет тарапынан қаржылай қолдау мардымсыз болғандықтан, тиісті дәлелді құжаттар әзірленбеген. Бір жағынан сынның болғаны да дұрыс. Өндірушілер де сынды жөн деп отыр. Бірақ бір жыл бұрын ғана жас ғалымдардан жасақталған ұйымның деңгейіне күмәнмен қарайтындарын да жасырмады.

Ал дау тудырған формальдегидтің қолданылған мөлшері, QazVac-ты әзірлегендердің айтуынша, тиісті талаптан аспаған. Сондықтан екпенің иммуногенді қабілетіне кері әсері жоқ деп сендірді өндірушілер.


Ақпараттық дереккөз : ktk.kz