Болған оқиға желісімен....
Ғани Әлихан
Сонау тоқсанның тоқырауы келген заман . Біз мектептен құтылуға ,мұғалімдер бізден құтылуға асығып жүрген кезіміз . Асықпай қайтсін біздің сынып ең әпербақандар сыныбы болатын . Әсіресе қыз - келіншек апайларымыз зар қағатын . Өйткені сабақта тыныш отырмайтын тентектерміз . Сондай -ақ сол кезге келіп : « мұғалімдерге оқушыларды ұрып соғуға болмайды , қол тигізсе сотталады» деп айтыла бастаған еді . Негізі біз жоғарғы сыныпқа келгелі бір - екі ер мұғалімдерден ғана қорқатынбыз.
Ал қалғандары өзімізбен бірге карта ойнап вино ішіп жүретін .Олармен кәдімгідей доспыз ,тіпті кейде қарызға ақша алып карта ойнап, қалған ақшасында ұтып алатынбыз . Немесе ұтылып қалып қарызға қайта ақша аламыз . Олар болса директорға айтпасаңдар болды дейтін . Себебі директордан қорқады ,бізде қорқамыз . Общым мектеп директорынан бәрі қорқады .Өйткені ол нағыз коммунист , нағыз патриот адам .Нағыз басшы болатын қатты қол адам . Оның алдында сөйлеу түгі көзіне тіке қарауға қорқамыз . Бірақ жас шамасы жетпіске таяп қалған кәрі адам . Сондай ақ біздің мектеп,мектеп болғалы отыз бес жыл бойы сол адам басқарған .
Сонымен не керек ,әупірімдеп жүріп 11 класқа көштік . Яғни выпускниктерміз . Қарасақ жаңа оқу жылынан жаңа мұғалім келіпті . Есімі Шолпан (өзгертіп алынды). Институтқа сырттай оқуға түсіп жаңадан жұмысқа келген . Жас шамасы бізден екі-ақ жасқа үлкен , өзі сұлудың да сұлуы . Қысқасы ауылдағы пәленкестің қаладағы түгенкесінің қызы .
Сонымен не керек, абыр да, сабыр болып шулап отырғанда, мектеп директоры осы апайды жетектеп кіріп келді . Содан шыбын ұшпайтын тыныштық орнады .
- Мына қызымыз –дейді-Бәленшиева Түгенше сіздерге мұғалима болады .Өзі Қарағанды қаласындағы пединститутта сырттай оқиды . Жас маман . Ал қызым ,іске сәт . Еңбегіңнің жемісін көр деп, бізге де абыроймен бітіріп кетуімізді тілеп өзі шығып кете барды . Сонымен не керек шулаған он алты ер бала хор қызындай Шолпан апаймен қалдық . Ал қыздар жағында үн жоқ . Жаңа апайды көзбен тесіп , іштей жеп өліп барады . Ал апайымыз болса әңгімесін бастады .
- Қане оқушылар бүгінгі сағатымыз танысу сағаты болсын . Мен журналдан аты жөндеріңді айтамын , сендер мен деп орындарыңнан тұрып өздерің жайлы азын - аулақ мәлімет айтасыңдар .Қане бәрің орын - орындарыңа отырыңдар -деп журналды аша бастады . Журнал “А” дан басталады ғой ,ең басында осы күнгі досым Есбол тұр .
- Айбаров Е - дейді апайымыз . Мен деп орнынан ұшып тұрған Есекең өзі жайлы айта жөнелді .
- Апай мен әнші болғым келеді -дейді бұл албасты .
- Әә ол жақсы ғой ,боламын деп ниет қылған бала болады . Қандай инструментте ойнайсың айтшы -дейді апайымыз күлімдей қарап .
- Домбыра, апай домбыра сосын баян , гитара - дейді біздің қақпас .
- Жаксы екен , келесі бір сабақтарда тыңдап көрерміз отыр- деді . Оған біздің жүгірмек қойсын ба :
- Қазір ше апай қазір , тап қазір айтып берейінші бір өлең- дейді қайта жалбақтап .
- Еуу отыр деген соң отырмайсың ба сен ?- дейді оған тағы бір кластасым жекіп сөйлеп . Ол қойсын ба онан сайын сөйлеп жатыр .
- Апай , апай . Сабақтан кейін ше , сабақ біткен соң - дейді көзі жыпылық - жыпылық етіп .
Негізі осы Есбол жастайынан әнге құмар . Той мерекелерде ән айтатынбыз . Содан болар бізді әнші балапандар дейтін . Шынын айту керек , осы күнгі теледиардан шығып жүрген біраз әншілерден жақсы айтпаса жаман айтпайды . Қысқасы Айбаров осымен бітті . Енді Айдарбековаға кезек жетті . Созылып барып “мен “деп орнынан әрең тұрған Айдарбекова қайта отырды . Осылайша альфавит бойынша бірінен соң бірі тұрып - отырып кезек “Ж” ға жетті . “Ж “дегеніміз ол мен . “Ж “дан жалғызбын .
- Жақсыбаев Ғ дейді .
- Мен апай- деп орнымнан тұрдым .
- Ал қане Жақсыбаев , өзің жайлы не айтасың- дейді апайым . Не айтамын ?
- Апай мен бойдақпын -деп қойып қалдым . Кластың іші гу ете қалды . Ал апайым болса түк түсінбей қалды .
- Немене ?-дейді , немене кластарыңда үйленгендер де барма не ?-дейді -аң - таң боп жан - жағына қарап .
- Жоқ апай , үйленгендер жоқ . Бірақ үйленейін деп жүргендер бар- дедім менде қайталап . Апайым сондада түсінген жоқ .
- Жақсыбаев сен алдымен мектебіңді бітір , сонан соң үйлене жатарсың . Үйлену деген оңай , үй болу деген қиын . Үйленуден бұрын отандық борышың бар . Әскерге барып кел. Оқу оқып білім ал.Білім ғылымға жетелейді .Ғылым деген ол абырой ,атақ .Басқа не айтасың ?Cұрағың болмаса отыр - деді .Оған мен отыра қоймадым .
- Апай ,мен әскерге барып ,онан келіп оқып ,білім - ғылым деп жүргенде қызым басқа жігітке тиіп кетсе қайтем?- дедім . Міне мына сөзденсоң апайым сасайын деді . Дедісі нес , қатты састы . Журналдан басын көтеріп көзіме тіке қарап ,біраз үнсіз тұрды .Содан соң ғана тіл бітті .
- Жақсыбаев ! Бұл жер махаббат айтып ,үйленемін дейтін жер емес .Бұл мектеп .Бұл білім ордасы .Ондай тақырыпта сөйлеуге болмайды .Отыр енді - деді қатқылдау үнмен .Бұл кезде клас іші гуілдеп кеткен еді .Ғани үйленсе мен свидетель боламын деп Есбол шықты .Жоқ мен боламын деп Жеңіс шықты .Мен қыздар жағынан боламын деп Қарлығаш шықты . Онан Анар шықты .Қысқасы абыр - сабыр ,уда - шу болды .
Ал жаңа келген апайымнан ес кетті . Біздің қайбірімізге қой десін . Көзі бақырайып жан - жағына алақ - жұлақ қарай бастады . Сол сәт іштей ойласа керек . Не деген әпербақандар, не деген жындылар деп . Содан біраздан соң журналды ашып парақтай бастады . Анық білемін , ол мені іздеді . Жақсыбаев дегенді ақтарып шықты . Үш түгіл бір төрт таппады .Бәрі бес екенін көрген шығар . Ол жағы біздің кластағыларға қызық емес еді . Мен үндемей отыра бердім . Бірақ апайдан көз алмадым . Ол да солай жасады . Бірде журналға қараса ,бірде маған қарады . Міне осы күннен бастап Шолпан апай екеуміздің арамызда ит - мысық ойыны басталды .
Жалғасы бар...