Ресейдің қорғаныс министрлігі сағыз түрінде болатын коронавирусқа қарсы препаратты дайындауға кірісті.
Бұл жөнінде РИА Новости ақпарат порталына әскери ведомствоға жақын тұлға хабарлаған. Бұл бағыттағы жұмыстар "48-ші Орталық ғылыми-зерттеу институтында" жүріп жатқаны белгілі болды. "Препараттың пайдалы қасиеттерін оны қолданудың қолайлы пішінімен үйлестіру жаңа коронавирус инфекциясымен тиімді күресуді қамтамасыз етеді", - деді ол агенттікке.
 
Сонымен қатар институтта пастила түрінде коронавирусқа қарсы мукозальді вакцина дайындалып жатыр. "Сынақтар аяқталғаннан кейін бұл вакцина түрлі емдеу әдістеріне кіріктіріліп, қазір қолданыстағы профилактикалық емдеу препараттарын қолдану механизміне қосымша ретінде пайдаланылады", - деді әскери ведомство өкілі.
 
Өткен жылы Ресей қорғаныс министрлігінің 48-ші Орталық ғылыми-зерттеу институты Гамалея атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиологияны зерттеу орталығымен бірлесіп SARS-CoV-2 вирусына қарсы рекомбинантты "Спутник V" препаратын дайындады.
 
Дереккөз: Sputnik.kz