... Бүкіл әлем әдебиетінде махаббатты жырламаған поэзия, махаббатты суреттемеген шығарма болмаған шығар.
Жер бетіндегі жаратылыс атаулының ең биігінде тұрған адамзат десек, сол адамзатты биіктететін де, құлдырататын да сезім екенін мына жазбаларды оқып отырып тереңірек ұғынғандай күйде отырмыз.
 
Ар мен имандылықтарын сақтаған ғашықтарды ауыз әдебиетінен ғана оқып тамсанушы едік.
Біздің қолымызға ешкім жазып жеткізе алмайтын мағынасы мен құны тым жоғары ҚҰПИЯ ХАТТАР түсті. Бұл хаттар-21 ғасырдың ең шынайы,ең көркем шығармаларының бірі деп бағаласақ артық болмас.
 
Ұсынғалы отырған қос ғашықтың құпия жазбаларынан біз тазалықтың , іңкәрліктің , имани сағыныштың осы заманда да бар екеніне көз қуанып, жүрек толқыды.
Сіздер де оқып екі жастың іңкәр сезіміне куә болыңыздар...
 
Прозалық поэзия
 
Қоштасу қандай қиын еді. Барды бағаламай , қолдан бағым ұшқанын түсініп отырмын.Ешкімді кінәлай алмаймын.Қолыммен жасаған қателікті мойыныммен көтеретін кезім келді. Азанда соңғы диалогты жазғаныңды оқыдым.
Бір- екі жол ойтолғам жазғаның  жанымды жаралап, жүрегімді жұлып алып кеткендей кешке дейін ессіз жандай жүрдім.. Шынайы  сезім, ақ адал көңіл,ерекше мейірім, қомқорлық бәрін- бәрін өзіңнен  сезінгенмін.
 
 
...Бір жылдың ішінде біраз өлеңдерді бірге алып келдік.Сенің менде жоғыңды, енді диалог жазылмайды дегеніңді ойласам жынданып кете жаздаймын. Шамасы өлең жазуды қоямын-ау.
Бақытты болуға лайықты жансың.Бақытты бол.
Кешірім сұрар адам болса ,ол- мен.
Кешір мені.
Бұл жазуымды мың өшіріп, мың жаздым.Қандай қиын қоштасу.
 
 
 Соңғы хат
 
 Қыз:
Күз келгендей жаным жүдеп жылаймын,
Көрінбейді бұл күндері нұры айдың.
Сені  мәңгі ұмытуым үшін мен,
Көктен медет төзіміме сұраймын.
 
Жігіт;
Бұл шешімге қалай келдің бір күнде?,
Соңғы жырың болса, жырла, іркілме.
Сыр жағасы. Қазан айы. Қоңыр кеш...
Сол сәттерді ұмытуың  мүмкін бе?
 
Қыз:
Бәрін кештім қателікті біздегі,
Естіледі өлеңімнен күз демі.
Сенің әрбір бірге өткізген сәттерің,
Болсын енді кино лента тізбегі.
 
Жігіт:
Енді кайта көрмеймін бе жүзіңді?,
Ғашықтарға көрсетпедік біз үлгі.
Жүректегі махаббаттың лентасы,
Жүректерге жетпей неге үзілді?.
 
Қыз:
Қоштасудың білмеппін- ау қиынын,
Тағдыр- тәлкек жібергендей құйынын.
Енді маған хат та жазба..сұранам,
Салма әсте көзіңнің де қиығын.
 
Жігіт:
Мен мұңайсам түн мұңайды қосыла,
Бәлкім, бәлкім, дұрыс шығар осы ия.
Қимасаңда қоштасуды қалайсың,
Соңғы хатың, соңғы жырың осы ма?.
 
Қыз:
Бәрі өткінші, бәрі жалған білгенім,
Өмір-өзен тоқтатпайды дүрмегін.
Кінәсі жоқ жүрек тыныш болсыншы,
Мен бар жерде енді қайта жүрмегін.
 
Жігіт:
Өткен күндер сақталады естерде,
Шыдамды бол, сезіміңе дес берме.
Кеуделерден жыр сөнбесе жалынды,
Әлі талай кездесеміз кештерде.
 
Қыз:
Жанарыма жасымды іркіп соңғы рет,
Саған деген шығар ыстық соңғы леп.
 
Жігіт:
Өтінемін кінәлама түк мені,
Өкінішті махаббаттың біткені.
 
 
Соңғы хат- 2

Біздің қоштасқанымыз бүгін екінші күн.Сенің дауысыңды естімей,ұялымнан хабарламаларыңды  оқымаған алғашқы түнім өтті.
...Түн адам баласына көз іліп, таңға дейін демалу үшін берілсе, мен үшін көз ілу қорқынышты көрінді.Менің іштей қиналғанымды көріп ,миллион жұлдыздың көзінен жас тамып,ай қабағын ашпады.
Қазіргі күйімде ешкім жұбатуға сөз, емдеуге дәрі таба алмасы анық.Кеңірдегіме тірелген құса мұңнан күні бойы бір жұтым су, бір қасық ас татпадым.
Тағы кеш батып барады.Тағыда түн сенің әрбір бейнеңді, көзіңді , сөзіңді , күлкіңді есіме салып азаптайтынын ойласам, денем суынады.
Білмеймін сен қандай күйде жүр екенсің...
 
 
 Соңғы  хат-3

Бүгін сенің желідегі жазбаңды оқыдым.Парақшаңды енді ашпаспын деп едім. Қайратым жетіп тұрғанмен жүрегім мен қолдарымды басқара алмадым.Есіміңді еріксіз тергізіп, түнде жазған жазбаңды оқытты.
 
...Өткінші сезім,өткінші өмір"  депсің. Өмір өткінші шығар, бірақ мендегі сезім —ол мәңгілік!  Өткінші емес.
"Мейлі өтін, мейлі жыла " деген жазбаң да бар екен.Кешірім сұрау, өткен үшін өтінуді ар санамаймын.Деседе қыз алдында сезімімді айтып жыламаймын, жылағанда емеспін .Мен Алланың алдында ғана "Жүректегі жиналған қайғыдан құтқара гөр"  деп тілеп жылаймын. Адамның алдында емес.
Сені ұмыту керегін білсемде сағынғаннан шыдамай хат жаздым.Оқыдың.Үнсізсің.Айтқаныңдай төзімді екенсің. Арадағы алтынға айырбастамас сәттерді ұмытып кеткеніңе қайранмын.Көнесің , менде көндігермін.Бірақ біл сен осының  үшін өкінетін кезің келеді.
Ол кезде барлығы кеш болмақ....өте кеш.


 Соңғы хат-4

Біздің қоштасқанымызға бүгін тура жеті күн.Жеті күнде жүрегім жетпіс жылдық қасіретті көтергендей күйдемін..Махаббаттың мұншалық мұңды боларын білмеген екенмін.Көзімді жұмсам өліп кетем бе деп қорқып,жеті таңды атырып отырмын.
Менің қазіргі күйімді көрсең, өкпені ұмытып кешірер едің- ау.
Бірақ сен Сырда, мен Алматыда... қайдан көріп білесің.
Жеті күнде жеті жол да өлең жаза алмадым.Жарасы терең жанымды қыстың суығы емес  сенің салқындығың тоңдырды.
Ия , ия,ияя маған сенсіз қиын, қатты қиын екен..
 

Сен кеткелі

Біз жүргенде кешелерде жарасып,
Сүйсінетін көрген адам қарасып.
Өмірімнің шамшырағы өзің ең,
Шамшырақсыз қалдым бүгін адасып.

Сен кеткелі жүрмін менде көңілсіз,
Жайым осы қалғандаймын өмірсіз.
Ай сұрланып жұлдыздардан жас тамып,
Қара түн де ұғынады тек үнсіз.

Терезеде көгершіннің тырсылы,
Адал құстың бар білемін бір сыры.
Өзіңменен өткен күнді еске алсам,
Жиілейді жүрегімнің дүрсілі.

Сүйіп тұрып сүймедім деп бұлтардым,
Мені жақсы білесің ғой, іңкәрлім.
Күнәсі жоқ көзден тамып ыстық жас,
Сіңіп кетті жалынына Тұлпардың.


 Соңғы хат -5

Ия,ияя мен Мұқағали Мақатаев,Исрайл Сапарбай ағаларымдай лирик ақын болуды армандаймын. Ол арманымның жарты белесін асып өттім.
....Бірақ сенсіз жеткен жетістігім маған бақыт сыйламайды.
...Қазір түн.  Ақ қарға оранған тұманды дала. Менің кеудемді де сейілмес тұман жапқандай.

Сүйсең егер кешіре біл ,кешіре,
Тәтті шағың түспейді ме есіңе?.
Тәңір өзі қояр жырдың нүктесін,
Қоштасуға асығасың несіне?

Қыс та жетті жетектеп ап шанасын,
Аппақ қарға ораныпты анау шың.
Бір мүмкіндік берсең ,Күнім мен сенің,
Жазар едім жаныңның бар жарасын.

Көңіліңе бола алмайды жыр азық,
Мейлі бар да өзгеменен құра жұп.
Алғашқы қар еске салар өткенді,
Екеумізде күн кешеміз құлазып.

Жанарыңның сөндіріпсің жарқылын,
Қабағыңнан көрем кеуде салқынын,
Мен төмендеп кетсем кете берейін,
Алайда сен аласарма, алтыным.

 
Соңғы хат -6

Қоңыр күз

22-ші қазан айы.Бұл мен туылған күн.
Бұл күн өмірде маңызды таңдауымды таңдаған күн.Он  жыл киген әскери  формамды мәңгілікке шешіп, поэзия әлеміне бет бұрған күн.Осы таңдауды білсең ,сен үшін жасаған едім ғой...әттең. Алтыным, екеуміз осы ғасырдың Мұқағалиі мен Фаризасына айналсақ деген арманым болған.Шешімім дұрыс па, бұрыс па білмеймін. Бастысы сенің туылған күнімде Алматыға келем дегініңнен жаным қалмай  қуанып жүрген едім соңғы күндері.
Бітпейтін оқу жаттығуы,атыс алаңы, автоматтар мен әскери техникалардан, "командир всегда прав" дейтін тупой басшылардан құтылып ,бірінші Алматы вокзалынан сені күтіп тұрған күнім.
 
Алматы-Семей поезі үшінші жолға келіп тоқтады.Он төртінші вагонның алдында сені асыға күтіп мен тұрмын.Үстіңде қоңыр күздік жебегей, шашты иыққа төге түсіріп, мейірімді  жүзің күйреген Алматы күзін жайнатып сен түстің.
 
...Орталық саябақта кеш қарайғанша қол ұстасып ,сағынған қос жүректің сағынышын бастық.Түрлі -түсті әдемі жапырақтан құшақ гүл жасап сыйлағаныма балаша қуанған жүзіңе іштей ынтыға  қарай бердім.
Кенет ,,Музарт" тобының"Сағындым, Алматымды"әнін аллеядағы  музыкант жігіттер ойнай жөнелді.Ән жанды елітіп, бойдағы ғашықтық сезімім саған еріксіз вальске қолымды ұсындырды.Нәзік саусақтарыңды үзіліп ұсындың да, оюлы тастардан қаланған аллеяны күздік қысқа қоныш сүйкімді етігіңмен   тақылдатып билей жөнелдің.
...Бұл біздің соңғы вальс екенін ол кезде кім ойлаған десеңші.

Болдық біздер риясыз шын ғашық,
Талай-талай таңды атырдық сырласып.
Бақ ішінде вальс билеп жүргенде,
Тұрды сонда жүрегімді мұң басып.

Сырың болса дегендейсің айт ашық,
Жанарыңды жапты сонда қайта шық.
Ең соңғы би болатынын сезгендей,
Ажырамай қалды қолдар айқасып.

Сендей жанды қиып берсін жатқа кім?,
Өзің едің атар күліп ақ таңым.
Өзімменен алып кеттім бір сырды,
Жаралауға жүрегіңді батпадым.

Соңғы хат-7

Жаңа жыл...
Жаңа күн басталды.Біз қоштасқалы арада ай өтті.
Өзгелер ескі жылға өкініш жоқ жаңа жылдан үміт көп деп жатыр ғой.Менің ескі жылға көңілім қара қазандай.Деседе жаңа жылдан үмітімнің бары ақиқат.
Ескі жылдағы ұмытар дүниелерді ұмыттым.
Бірақ сені ұмыту мүмкін емесін түсіндім.Сен менің жүрегіме қайта шықпастай кіріп алғандайсың.Менің поэзиям сен екен ғой.Бір айдан бері дұрыс өлең жаза алар емеспін.Әдебиеттен алысқа кетейін десем, іштегі бір күш жібермейді.Құр жүре беруім Алланың берген дарынына қастандық жасау деп білдім.Орман ойдың қойнында жүріп прозаға бет бұрғанды жөн санадым.Бұл өзіңе жазылып жатқан соңғы хаттарыммен өлеңдерім...

Жаныңның жазып жарасын жырмен,
Сенде мені сағынып жүр ме ең?.
Жаңа жыл түні бақытты бәрі,
Мен ғана мұңға малынып жүрген.

Биіктен төмен құлдырап барам,
Сәтсіздік үйір құрғыр-ақ маған.
Есімің түссе есіме сол сәт,
Елесіңді іздеп тұнжырап қалам.

Кешіңді,Күнім батырдың қалай?,
Кеудемде білсең жатыр мұң талай,
Айдағы қызбен сырласып таңды,
Өзіңді аңсап атырдым солай.

Соңғы хат-8

Өткен күндерді ұмыту үшін, санаңды торлаған мұңнан құтылу үшін Ақтауға барғаныңды естідім.Жаныңның жарасын сонда жүрген күндерің жазса, сенен кейін мен бара жатармын.
...Каспий жағасы, аққулардың қасында әдемі суретке түскеніңді көрдім.Аққулар жүрген теңіз жағасына сенің сол бір суретің сән бергендей.Ұзақ- ұзақ қарап отырдым да қойдым.Сенсіз мен сүреңсіз болсын кеш батырып, таң атырып жүрмін.Әсем дауысыңды сағынғаным сонша, құлағыма әлсін-әлсін естіледі.Жасқа тұнған жанарымның әр тамшысынан сенің бейнеңді көрем. Барлығын ұмытып, басқа адам болып ораларың мүмкін шығар.Ал мен..
Ал мен  сені мәңгілікке ұмытпаймын.

Қаттысың

Біз қоштастық, жалғасуда тіршілік,
Біз қоштастық бірімізге қырсығып.
Маңғыстаудан келе жатсың сен бүгін,
Вагон іші... ауық-ауық күрсініп.

Дөңнен асып балалар жүр бой жазып,
Сай ішінде жүрген адам қой бағып.
Терезеге қарап үнсіз отырсың,
Қайта келмес өткеніңді ойланып.

Махаббатты күліп тұрып жерледік,
Жылап жатқан сезім жасын көрмедік.
Уәделесіп қолымызды бермедік,
Екеумізде бір тоқтамға келемедік.

Қаракөзім, қылығыңмен тәттісің,
Жар қыларсың жаның жүдеп жатты шын.
Шойын жол да мың иіліп жатыр ғой,
Иілмейтін сонша неге қаттысың?

Соңғы хат-9

Саған сыйлаған "Мың бір түн"жиғаны менің  мың түнгі сағынышым, бір күнгі бақытымдай.
Алматыдағы кітап сататын дүкендерді аралап ,аяқ шаршатып жүріп алған төрт томдық жинақтарым.Ала салысымен алып- ұшып Алматы вокзалына келгенмін.
Ол кезде көзім күліп тұрғанмен, ішім жылап тұрғанын сездің ғой.
"Мың бір түн"жинағын қолыңа ұстатқан сәтімде көкірегімде сапырылысып буырқанған қаншама сезімдер мен сөзім болды.Сені шығарып салуға келген Тәтеңнен қысылдым ба, әйтеуір үнсіз қала бердім.Жанарыңнан қимастықтың тамшысы төмен сырғанағанда жұбатуға сөз таппағаным есімде.
...Ол кездегі күйімді жазып түсіндіру өте ауыр.Жүрекке жиылып дерт болмасын деп жазып жүрген хатымды, өлеңдерімді оқығаныңдай, менде сенің парақшаңа күніне мың қарап, жүз ақтарамын.
..Бізде кері қайтарға жол жоғын білсемде, сен келетіндей бір үміттің шырағы кеудемнен өшер емес...

Бұл күндері көрем сені түсімнен,
Махаббатым нендей күйге түсірген?.
"Мың бір түнді" естелікке сыйладым,
Мың түнімді ұрлағаның үшім мен.
 
 
Соңғы хат-10

Неге сені ұмыта алмай жүрмін? Арамызда бәрі біткенін білсемде, сені қандай күш ұмыттырмай жүргенін білмей дал боламын.Мүмкін ботадай көздерің,махаббатқа адалдығың,ешқандай қызға ұқсамас риясыз  қылығың,еліктей еркелеуіңнен шығар.Ақпан түні жаураған денелерді жылытып, алғаш рет бетіңнен өпкен едім.Сонда жүрегің тыныштық тапқандай ессіз талып, құшағыма құлай бердің.Мен бәлкім сол әппақ сезімді,бақытты кезімді ұмытал амай жүргендеймін.
Мен сені ұмыта алмадым.

Соңғы хат-11

Сен ерекше жансың

Мен көрген қыздардың ешқайсысына ұқсамайсың.Сені суреттеп шығу менің қолымнан келмес.
Оған тілім де, уақытым да жетпеді.
Мына махаббатсыз сатқын әлемге шынайы сезімді ұқтыру үшін жіберген Тәңірдің періштесі секілдісің..
...Сен жанымда жүргенде жерде емес, көкте ұшып жүргендей жеңіл, әрі бақытты сезінетінмін.Сен ақпанда жауған қардан да әппақ адал едің.Жердің беті тап-таза. Ақ қарға оранып жатыр.Табаныммен таптауға дәтім бармайды.
...Себебі....себебін білесің бе?
Себебі  ақ қар сенің ақ жүзіңдей.

Cоңғы хат-12

Сағынады екенсің...

Біз бақытты сәтті  бастан кеткенде кеш түсінеді екенбіз.Сенің қырсық мінезіңді,болмайтынды болдырып ренжитініңді,апталап бұртиып жүретініңді, қоңырауымды көре тұра алмайтыныңды жыным ұстап
ұнатпайтын едім.Қазір сол мінезіңді,сол қылығыңды сағындым.
...Бақыт деген сол екен ғой.Оны осы күн болмағанда ұғынбас та  едім.
Өткен, оралмайтын бақытты сәттерім... сені сағындым.


Соңғы хат-13

Алтыным, бір-бірімізге салқын қарап, ренжісіп жүргенде міне, қыс та бітуге таяды.
..Бүгін 26-шы ақпан. Қыстың соңғы күндері.Бұл қыс жаныммен қоса тәнімді тоңдырғаны рас.Күндей шуағын шашып, әлемді құрсаған мұздан ерітіп көктем келеді.Сен де өткен өкпені ұмытып, мұз болған жүрегіңді ерітіп келсең деймін.Өткен күндердегі өкпені ұмытайық.Адам періште емес қой. Қателескен сәттерде кешіріммен, қолдау берген кездерде бақытты болмақпыз.Ара қатынасты бұлай ренжісіп ,ұрысып соза бергеннен жалықтым.Мінезім осы ғой  менің. Өзің жақсы білесің мінезімді. Сөйте тұра кешіргің келмейді. Ез емес, еркекше айтып, ақ - қарасын ажыратып үйренгенмін.Осы болмысыммен қабылдасаң деймін.Бұл күнге дейін сен де, мен де бір- бірімізді  ұмыта алмадық. Бұл шындық.Ендігі сәтт…
 
Жігер Асқар
Ажар Садық