Рахымбай Мәди:

         «Өзімді соншалықты танымалмын деп айта алмаймын»

- Мəди мырза, қайырлы кеш! Сіз жайлы білгісі келетін оқырман қауымға  өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз.

- Менің аты - жөнім - Рахымбай Мəди Назарұлы. 1994 жылы 13 сəуір айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келгенмін. Осы Алматы қаласында 2000 жылдан бері ата - анаммен бірге тұрып келе жатырмын. Өзім Алматы қалалық Парасат кəсіподағында төраға орынбасары болып жұмыс атқарамын. Жасым 23 - те, үйленбегенмін. Бірінші мамандығымды  Алматы технологиялық оқу орнында "мейрамхана ісі жəне қонақ үй бизнесі" бойынша бітірдім.  Екінші магистратураны Қазақ Ұлттық аграрлық университетін "аграрлық техника жəне технология" мамандығы бойынша бітіргенмін.

- Танымалдылық сізге не берді?

- Айтарлықтай ештеңе беріп жатқан жоқ. Адамдар көшеде таниды, суретке түседі, туған күндерімен құттықтау видиоларын сұрайды. Өзгелері тілектерін білдіріп жатады... Сол ғана шығар. Бұрынғы кездері көп араласпаған адамдар жақын араласуға тырысып жатыр. Айта берсек, көп ондай жағдайлар. Өзімді соншалықты танымалмын деп айта алмаймын. Өйткені өзім бір өнеріммен танылып жатсам, халықты таң қалдыратындай бір зат істеп жатсам мейлі екен, сондықтан өзімді айтарлықтай жұлдызбын деп те  айта алмаймын.

- Əлеуметтік желіге тəуелді болмас үшін не істеу керек?

- Əлеуметтік желіге тəуелді болмас үшін өзіңе ұнайтын бір істермен көбірек айналысу керек деп ойлаймын, яғни бір хобби пайда болу керек. Содан кейін отбасыңа, достарыңа көп көңіл беру керек. Əлеуметтік желіге күніне кем дегенде 2-3 сағат бөлген дұрыс деп ойлаймын.

- Əлеуметтік желілермен қаншалықты доссыз?

- Əлеуметтік желілерде шыны керек, жиі отырамын. Əсіресе "в контакте", "инстаграм" жəне де  "ватсап" желісін көп қолданамын . "Фейсбук", басқа да əлеуметтік желілерін де қолданамын.

- Инстаграм желісінде сізге танымалдылық сыйлаған жоба  - «Қалаулым". Əлеуметтік желіде сізге хабарға қатысты жұрт жиі пікірін білдіре ме?

- Бұрын, осы "Қалаулым" жобасының алдында менде, яғни инстаграм парақшамда 3000 оқырман болды. "Қалаулым" бағдарламасына келіп, қатысқалы бері менің инстаграм парақшамда  100 мыңнан жоғары оқырман болып келе жатыр. Күніне жоқ дегенде 1000 адам қосылады. Халық көбінесе өз ойын интаграм желісінде комментарий арқылы жазады немесе дайректке шығады.

-  Сіз үшін сезім дегеніміз не?

- Егер адамда сезім пайда болса, онда ол ең керемет нəрсе. Сезімнің сыйлар сыйы көп. Ол адамның ішкі сезімі түрленіп, жүрек қағысы да жай кездегіден де басқалай болады, күнделікті көңіл-күйің де басқалай болып жүреді. Жалпы, сезім деген -  сөзбен айтып жеткізе алмайтын нəрсе. Сондықтан ғашық болған адам түсінеді деп ойлаймын.

"el24.kz" жалын дирекциясы