Абылай ЕСІМБАЙ, жас жазушы

 – Абылай əңгімемізді өзіңізбен қысқаша танысудан бастасақ...

– 1994 жылы, Қазақстан әлі етек-жеңін жинай алмай, халық ашығып жүрген тұста дүниеге келіппін. 2012 жылы Алматы облысындағы Сүлейман Демирел университетіне оқуға түстім. Мұнда журналистика мамандығы бойынша білім алдым. Қазір «Рейтинг» газетінде жұмыс істеп жүрген жайым бар.

«Тұлпар топырағым деп, жер тарпыр» деген парсы халқының нақылы бар. Сіз де киелі мекеннің перзенті екенсіз. Туған жеріңізге жиі ат басын бұрасыз ба?

– Мейірхан, мен пафос сөздерді мүлдем ұнатпаймын. Меніңше, тек тұлпар емес, жай ғана есекке дейін туған жері үшін жер тарпиды деп ойлаймын. Бәлкім, базбіреулер жастық жалынмен, уақытша мастықпен, сырт елде басына қонған бақты көтере алмай «туған жерімді онша сағына бермеймін, мүлдем бармаймын» деп айтатын да шығар. Дегенмен, жүрегінің алыс бір түкпірінде ол туған жерін сағынады. Аңсайды. Тіпті, түсінде көретінді шығады. Әсіресе, басынан бағы тайып, шашы ағарып, қайраты қайта, айналасындағылар жаймен жылыстай бастаған кезде аңғарады. Марқұм Шерхан Мұртаза түсіне табаны сан мәрте тиген Париж, Мәскеу, Техас, Нью-Йорк емес, Мыңбұлақ кіретінін айтқан. Себебі, туған жер – ыстық болады. Киелі. Сондықтан да, өзім туып-өскен Түлкібас қана киелі, өзге жерлер киесіз демеймін. Жаратушы жаратқан дүниенің түкпір-түкпірін киелі деп білемін.

Қаланың күйбеңінен шаршағанда туған ауылыма тартып тұрамын. Түлкібасқа кіре бере арқа-басым кеңіп, өзімді еркін сезінемін. Сәл болмаса көкке самғап кететін құстай. Егер көңіліңізді кірбің басса туған жеріңізге барыңыз деп кеңес берер едім. Қыр басына, тау басына шығып табаныңыз тиген, табаныңызға шөңге кіргізген далаға көз жүгіртіңіз. Сонда қоқысқа толған жан-дүниеңіз тазарып қалады.

Туған жеріме жиі ат басын бұрамын.

– Сіздің ұғымдағы қалам мен қағаз қандай дүниелер?

– Адамға мотивация сыйлайтын дүниелер. Мысалы, баста жүрген сансыз ойлар сізді мүжи бастайды. Ойланған сайын жауап таппай әуреге түсесіз. Өз-өзіңізді жей бастайсыз. Міне, сондайда көмекке қалам мен қағаз келеді. Басыңызға толып қалған қоқыр-қоқысты аппақ қағазға қаламмен түсіресіз. Сонда тонна-тонна қоқыр-қоқыс арасынан грам-грам алтын түйіршіктері шыға бастайды. Алғашқы алтынды қолыңызға ұстаған соң, тойымсыздықпен ал кеп іздейсіз. Тағы шыға ма деп. Тоқтамай іздей берсеңіз, қаза берсеңіз түйіршіктер шыға береді, шыға береді. Мінекей, қалам мен қағаз – адамды ізденіске жетелейді. Қағазға түскен ой - текке ойлана бермей, нақты әрекет етуге үйретеді. Еңбекке тәрбиелейді.

Күнделік жазыңыз. Күнделікке бүгінгі күнге, келесі аптаға, келер жылға жоспарыңызды түзіңіз. Сол кезде өмірден не қалайтыныңызды аңғарасыз. Жоспар жаза отырып, таңдаған жолыңыз сізді тау шыңыңа жетелей ме, әлде тартылып кеткен теңіз түбіне апара ма, бәрі анық біліне бастайды.

– Жас прозашы ретінде біраз жұрт біледі. Сіздің алғашқы адымдарыңыз қалай басталды? Қоржыныңыздағы əңгімелердің жиі кейіпкері болатын жандар кімдер?

Алғашқы адымым – бастауыш сыныпта оқып жүргенде басталды. Сынып жетекшіміз «Менің анам» деген тақырыпта шығарма жазуға тапсырма берді. Сонда мен алғаш рет өз ойымды қағазға түсірдім. Алғашқы ойым – анам туралы болғанына қуаныштымын. Одан кейін орта сыныптарда көрші достарым, сыныптастарым жайлы әзілге негізделген шимайларды шатпақтап жүрдім. Бұл шатпақтарым достарыма ұнады. Бұл мені ерекше қанаттандырды. Нәтижесінде жай-жай прозаға өттім. Аудиторияма қарай жазар дүниелерім де әр түрлі. Кітапқа салмақты дүниелер жазуға тырысам. Ал, әлеуметтік желілерде жеңіл тақырыпта жеңіл жазам. Әйтеуір, көпшілік мақтайды. Бұл мені қуантады. Бірақ, сирек те болса сын айтатындар бар. Сен сондай жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Олар тек мақтау естіп-естіп шелденіп кеткен көзімді ашады. Сыннан соң жазғандарыма басқаша көзқараспен қарап көремін. Сонда ғана қателіктер бадырайып-бадырайып шығады.

Әңгімелеріме жиі кейіпкер болатын жандар – ата-анам. Әсіресе, әкемді көп жазамын. Әкем – менің кумирім. «Алма ағашы» деген әңгімемде бастан-аяқ әкем туралы жазып шықтым.

– Жазушы - ізденіспен ғана жазушы болатыны даусыз. Бүгінгі сіздің ізденіс қақында аз кем айтып өтсеңіз...

– Адам өз басынан өткен оқиғаны жазғанда ғана дүниесі сәтті шығады. Себебі, мұнда оқиға да, сезім де, бәрі шынайы. Шынайылық жерде қалмасы анық. Сондықтан да, өз басымнан өткенді, айналамда жүрген дос-жарандарым, тамыр-таныстарымның басынан өткен сәттерді жазамын. Ізденіс деген осы. Жазушы қоғамды шеттен бақыламай, бел ортасында жүрсе, сәтті дүние жазады деп ойлаймын.

– Əрбір шығармашылық адамы өз қоғамының суретін салады. Сіздің сөзбен салған суреттегі бүгінгі қоғам қандай?

– Қазір біз капиталистік қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, әңгімелерімде материалдық дүние мен рухани дүние бір-бірімен тайталасып жатады. Нақты жеңімпаз жоқ. Кейде материалдық құндылық жеңіп кетсе, кейде руханият жеңеді. Тек қана руханиятты жеңіске апара бермеймін. Мысалы, «Жазушы» деген әңгімемде жасы 30-ға толған жазушы жігіт өткеніне көз жүгіртеді. Тындырған ештеңесі жоқ секілді көрінеді. Себебі, әйелі мен жалғыз қызы қу кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Ал, ол қиялға беріліп, қағаз кеміріп жүр. Бірақ, қиялы – мираж секілді. Жеткізбейді. Бастапқыда сабырлы болған келіншегі уақыт өте бере жүндей түтіледі. Ауыр тұрмыс жүнжітіп жібереді. Содан әйелге тіл шығып, күйеуімен жиі ұрысатынды шығарады. Жазушы күйеуі оған дес бермейді алғашқыда. Кейіннен қызының кедейшілікте өмір сүретінін ойлап, қайғыға батады. Өзін емес, әйелін емес, қызын ойлап, көңіл-күйі түсіп кетеді. Сөйтіп, жазушылықты тастап, кәсіпкерлікке бет бұрамын деп шешеді.

Мінекей, кейде осындай жағдайларда кейіпкерлер уақытша болса да материалдық құндылықты алдыңғы орынға шығарады. Себебі, сананы тұрмыс билеген заман.

– Қоғамдағы сіз жалғасын тапса екен дейтін жəне мүлдем жойылса дейтін дүниелер бар ма?

– Кез-келген қоғамды іштен ірітпей-шірітпей ұстап тұратын иммунитет – иман. Иман жоғалған жерде азғындық орнайды. Зорлық-зомбылық, ұры-қарылық, жезөкшелік, көгілдір еркектер легі. Ішкиіммен түскен фотосын әлемге жар салып жариялауды ұят көрмейтін, керісінше, заманауилық деп есептейтін қыз-келіншектер. Өз-өзіне сүйсініп, өз «сұлулығына» айнадан көз алмай қарайтын еркектер. Мейлі, бұлар ештеңе етпес. Ең сорақысы – жап-жас балаларды зорлау көбейіп кетті. Бұл барып тұрған қатігездік. Мұндай педофилдерді өлім жазасына кесу керек деп есептеймін. Ойланып көріңізш, зорланған баланың өмірі не болмақ? Психологиясы бұзылған жас бала ешқашан 100 пайыз қайта қалпына келе алмайды. Жан жарасы жазылмайды. Ондайдан ерлік шыға қоймайды. Педофилдер оның бүкіл өмірін тас-талқан етеді. Міне, осының бәрі имансыздықтан шығады.

Ата-ана баласына кішкентай кезінде имани тәрбие берсе деймін. Мысалы, әкем Советтік заманда өмір сүрсе де, біз 5 сыныпқа көшкен кезде мешітке жіберді. Құран оқуды үйреніңдер деді. Мешітке қулық-сұмдықты білмейтін кішкентайында барған бала бойына иман нәрің сіңіреді. Иммунитеті иманмен қапталған бала өліп кетсе де арсыз әрекетке бармайды. Дүниені арақ-шарап жайлап, топан болып ақса да, ішпейді.

– Адам ретіндегі ең асқақ арманыңыз?

– Асқақ арманым – екі дүниеде де бақытты болу. Ол үшін ешкімді ренжітпей, кісі ақысын жемей, наласына қалмау керек. Бәрінен бұрын ата-анаңды өле-өлгенше сыйлап өткен абзал. Ата-анасының разылығын алмаған адам өзін бақыттымын демей-ақ қойғаны абзал.

– Сіздіңше, жалынды жас пен жалынсыз жастың айырмасы?

– Қазір жалынды жас деп – алаулатып-жалаулатып жүрген белсенді жасты айтып жүр. Бұл қате ұғым. Жалынды жас деп – істеген ісінен нәтиже шығарған жасты айтар едім. Жақында бір жаңалық оқыдым. «Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсымын» деп плакат көтеріп, флешмоб ұйымдастырған бір шенеунік парамен ұсталыпты. Сонда әлгінің істеп жүргенінің бәрі – екіжүзділік болып тұр ғой. Екіжүзді жасты – жалынсыз деп есептеймін. Себебі, ол қанша лапылдап жанса да, айналасына жылу таратпайды.

Ал, енді төңірегіне аз да болса жылу сыйлай алғанды – жалынды адам деуге болады. Ол ешкімге айтпай көмекке мұқтаж жанға жасырын ғана қол ұшын созады. Ешкімді алдамайды. Көпшілікке пайдалы іс істейді. Ізденеді. Мысалы, «2GIS» мобильді қосымшасын ойлап тапқан адам қаншама жұртқа шапағатын тигізді. Жұрт іздеген жерін ұялы телефондағы картаға қарап адаспай табады. Міне, осы картаны ойлап тапқан адамды – жалынды адам деп есептеймін. Мүмкін, ол 10 жылдап тапжылмай бір орында отырып жасаған шығар. Қоғамда белсенді болмай, томаға-тұйық жүрген шығар. Бірақ, ол – білімімен шырақ жақты.

Әйтпесе, кафе-ресторандарда, клубтарда кальянды бұрқыратып, жұлқына билеп, ән айтып, төбелес, ерегісте өз орнын нақтылап жүрген жастардан қоғамға ешқандай пайда жоқ.

 – Биылғы жастар жылынан не күтесіз?

– Ештеңе күтпеймін. Кез-келген жас – жылдан емес, өз-өзінен бірдеңе күту керек. Жастар жылын – баяғы Ауыл жылы секілді науқаншылдық деп ойлаймын. Әйтпесе, сол баяғы Ауыл жылдарынан ауылдар гүлденді ме? Жоқ! Миллиардтаған ақшалар талан-таражға түсіп, желініп кетті.

Одан да ешкімге алақан жаймай, сүйекті шығарма жазып, жұмыс істеп, ақша тауып, кітабымды шығаруға тырысам. Әйтпесе, мені «жазушы» дейсіздер, бірақ, әлі күнге дейін жеке кітабым жоқ екен. Осы олқылықты реттеп, биыл кітап жазуды қолға алдым.

– Қалам ұстаған шығармашыл жастарға ең əуелі не керек?

– Көп жазу керек. Жаза берсін, жаза берсін. Сол кезде ғана нәтиже болады. Көп оқымасын, көп жазсын. Сол кезде ғана ұшталады.

– Сіз жиі оқитын қаламгер кім?

– Шыңғыс Айтматов, Шерхан Мұртаза, Мархабат Байғұт. Себебі, бұл кісілер – өте еңбекқор. 1 пайыз талантын 99 пайыз еңбекпен ұштастырды. Жалқау және шектен тыс белсенді, не болса соны жаза беретін, фильтрі жоқ жазушыларды қолдамаймын.

– Сөз бен істің айырымы алыстаған сайын жазушы қиялынан жасанды кейіпкерлер туатыны рас. Жасандылықпен оқырман тарта алмайсыз. Оқырманды тарта алатын шынайы кейіпкер тудыру үшін қандай қарекет жасамақ шарт?

– Және тым шынайы кейіпкермен де тарта алмайсыз. Көркем шығарма болған соң, кейіпкерге де, оқиғаға да аздап бояу жағылады. Көркемделеді. Шындық деп – күз мезгілін алайық. Сұрықсыз. Талдар жапырақтан жұрдай. Еңсеңді басаңды. Ал, көктемде жерге көк бітіп, ағаштар жапырақ жайып, айнала түрлі түске бөленеді. Көркем шығарманы да осындай дер едім. Біз бәрібір 100 пайыз шынайы бола алмаймыз.

– Өмірдегі сізді ерекшелер екі қасиетіңіз қандай?

– Бұл жөнінде айта алмаймын. Өз-өзіме баға бере алмаймын. Мен жөнінде мені білетін адамдар айтса дұрыс болады. Әр адамға әр түрлімін. Біреуге жақсымын, біреуге жаманмын. Біреу үшін ізгі ниетті жан болсам, енді біреу үшін арам пиғылды шығармын.

– Кіммен риясыз сұхбаттаса аласыз?

– Өзім секілді ойланатын адамдармен. Яғни, өмірге деген көзқарастары бір, мінездері, болмыстары мен табиғаттары менікімен сәйкес келетіндермен. Сонда ғана риясыз сұхбаттасып, уақытты көңілді өткіземін.

– Замандастарыңыздың бойындағы қандай қасиетке сүйінесіз əрі қынжыласыз?

– Қазіргі жастар құлдық санадан ада. Еркін. Еркін адамнан еркін ой туады. Еркін ой қоғамды дамуға жетелейді. Қандай қасиетке қынжыласыз деген сұраққа келсек, қынжылмаймын. Әр адам өмірге әр түрлі көзқараспен қарайды. Олар өз көзқарастарын дұрыс деп есептеп, сол көзқарастарын сақтаса, онда дұрыс. Тек, өзіне жақсылық жасаған ата-ана, туған –туыстарын, дос-жарандарын сыйласа болды.

– Соңғы сұрақ, сөз өнерін неге теңейсіз?

– Сөз өнері – адамды мейірімге жетелеуші күш. Сөз өнерін терең түйсіну үшін терең білім болу керек. Сөз өнері – айсберг секілді. Негізгі айтар ойды бұғып ұстайды. Оны терең білімді адам ғана көре алады. Сондықтан да, барша адамды білімге шақырамын. Ғылым-білімге жақын болыңыз.

Дайындаған : Мейірхан Мейрамбекұлы