Әйеліммен жастайымнан қосылдым.Осы уақытқа дейін арамызда, жәй ұрыс –керіс болса да,жанға тиер ренжісу болған емес.Балаларымыз әлі жас.Аяққа тұрып кеткен жоқ.Ал келіншегім ауру.Сауығуынан  күдер  үзген ол,маған үйлен дейтінді  шығарды.

-Уақытым аз қалды.Балаларымды жетілдіре алмай барамын.Көзіммен көріп,аманаттайын,үйленші- дейді.

Қатты қиналып жүрмін.Не істерімді де білмеймін.Шарасыздықтан,тығырықтан шығар жол таппаймын.

-Әлі –ақ,сауығып кетесің.Ондай сөз айтпа –деп жұбатқан боламын.Бірақ ол да,мен де енді ештеңенің көмектеспейтінін білсек те,үмітпен әр таңды өткізіп келеміз.

Кішкентайымыз енді ғана, беске қарады.Ертең басқа біреу келіп, бауырласа бауыр басып кете ме? «Тумағанның түбі шикі» дейтін қазақ,өз баласындай қарай ала ма?« Ер адам түздікі»демекші, бала –шаға қамымен жұмыста жүріп, оларға қарауға мұршам болмай қалғанда, қағажу көрмей ме?Анасының орнын баса ала ма?Сұрақ көп.Ақыл қосыңдаршы.Келіншегімнің айтқанын жасап үйленейін бе?Әлде балаларым үшін, бірдеңе болып кеткен жағдайда да бәрінен бас тартамын ба?