"Таңшолпан" - экранда 25 жыл.

 Қаракөз Айдаш

ҚР Журналистер одағының, ҚР " Бас редакторлар" клубының мүшесі, "Sultan magazine" қоғамдық-саяси,ақпараттық-танымдық республикалык журналының бас редакторы.

 

-  " Таңшолпан" бағдарламасына келу тарихыңыз жəне сіздің ғұмырыңыздағы таңшолпанның алар орны қандай?  

- Жалпы телевизия саласына 1995 жылы эфирге деген - үлкен  махаббатпен  келдім. Ұлттық арна "Қазақстан" мен " Хабар"  арналарында біраз бағдарламалар жасауға ат салыстым. Ал, таңғы бағдарламаның таңғажайып əлеміне енуге 2001 жылы мүмкіндік туды . " Жаңа күн" атты таңғы бағдарлама  Дана Нұржігіттің басшылығымен ашылып, мені шақырған болатын. Егемендігіміздің 10 жылдығы қарсаңында көптеген сюжеттер дайындап, айдарлардың атын таңдап, тіпті бас шапканың өзінің бейнекадрын түсіру үшін  қаңтар айының басында таңғы  3 тен Үшқоңыр тауына сьемкаға аттанған кезіміз әлі есімде. Режиссер Қайрат Қуанышбаев, оператор Сағындық, көлік жүргізуші Мұxтар аға болып еді.

        Таңның қызарып атып келе жаткан секундық кадрды сағаттап аңдығанымыздың өзі əсерлі сəт.

        Ол кезде бізге ұстаз , аға буын болып эфирге алып  шыққан  Тыныс Өтебаев, Бақытжамал Ермановаларды құрметпен ауызға аламыз. Сол кездегі жаңғырған  таңғы бағдарламаның тізгіншілері -  Нұрлан Ока, Назира Бердалылар болған-ды.  Сондай-ақ,  əрбір таңғы бағдарламада біздер  ауыл-аймақтарға іс сапарға шығып, сүбелі тақырыптарды тарқатып беруге тырысып отырдық. 

     Тарихқа көз салсақ, 2005 жылдан " "Оян қазақ",  2006 жылы "Көңілашар" деген атаумен эфирге шықты.  Негізі таңғы бағдарламаның экранда орны бөлек. Көрермен кез - келген уақытта телевизорды қосқанда өзіне керекті ақпаратты ала білуі керек. Үйден жұмысқа қарай шығып бара жатып, мынаны көріп алайын дегендей экран алдында қалуы керек.

      Мен үшін таңғы xабар нағыз телевизияның бастауы. Ол жерде жасы да, орта буыны да, тәжірибелісі де біте қайнасып жұмыс істейді. Жастарға тәжірибенің таптырмас орны. Үш  сағат тікелей эфирді тізгіндеп,көрерменді қызықты сюжеттермен ұстап отыру екінің  бірінің  қолынан келе бермейтін дүние. Жиырма бес бет сценарийдің ішінде кез келген тақырып қамтылады. Көптеген арналар таңғы xабарды алдын ала жазып, алып беріп жатады. Бірақ,  мен үшін таңғы xабардың тікелей эфирде шыққаны  ұнайды. Таңғы жұмысқа  төрттен  келіп, қонақтарға xабарласып ,өмірі таң атпай тұрмайтын әншілерді  ұйқысынан ояту - ең қызықты жұмыстың бірі.  Жалпы

 көрермендерге таң атпай көңілді  күй сыйлаудан асқан қуаныш жоқ. Əрбір көрерменнің  бір күніне  сәттілік тілеу -  көңілдің нəуірзек гүлін гүлдету емес пе? Жақсылық тілеу  - бұл да бір ғанибет іс емес пе?!

    Менің анам да жұрт қатарлы көрермен ғой. Сол кісі ылғи  xабарласатын да  сені  үш  минут қана көрсетті ғой. Сонда басқа уакытта боссың ба деп.

"Таңшолпан"  25 жылдығың құтты болсын! 100 жыл эфирден түспе!  Көрерменің көңілді болсын.