Бақтыгүл Ауданова
(Әңгіме)
КСРО ыдырағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың өз алдына «күн көріп» кетуі оңай болған жоқ. Бір жүйеге түскенге дейін біраз қиыншылықтарды бастан кешті. Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарын ащылау бастаған елдердің бірі Тәжікстан болса, ондағы азаматтық соғыс көптеген адамды есінен тандырып, есеңгіретіп тастады.
Бүгінгі тақырыпта тәжік жерінде болған соғыстың куәсі болған қазақ азаматының бастан кешкен қиыншылықтары баяндалады.
Көшуімізге Желтоқсан көтерілісі себеп болды
Мен ол кезде әскерден жаңа келген жігіт едім. Әкем мен ағаларыма арқа сүйеп кеткенім сонша миыма оқу, жұмыс істеу деген нәрсе келмепті. Астымдағы көк тұлпарыма мініп алып қай жерде отырыс болса сол жерден табылатынмын. Өзі аз ғана қазақтың бәрі мені таниды десем өтірік емес еді.
Тәжікстан негізінен қысы жылы, жазы ыстық, табиғаты тамаша таулы өлке. Міне, сол өлкеде өзге де ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп жатқанбыз. Мен сол 1986 жылдың күзінде әскерден келдім. Бір айдай баяғы әдетіме салып сауық-сайран құрып жүргенмін. Бірде екі-үш күн той-тойлап кеткен мені әкем қабағын түйе қарсы алды.
– Секеңдегеніңді қой, жұмысқа тұр, - деді өктем үнмен.
– Қайдағы жұмыс? – дедім іштей. – Оқу оқымаған болсам, қолымда диплом жоқ. Дипломсыз маман кімге керек?
Әкеме сөз қайтаруға дәрмен жоқ. Екі-үш күн жоғалып кеткен кінәм бар. Үндемедім. Кешке дейін ұйықтадым. Кешкі ас үстінде әкем тағы әңгімесін бастады.
– Ойландың ба? – деді алдымен сабырлы қалпы.
– Нені?
– Нені болушы еді? Қандай жұмысқа баратыныңды!?
– Жоқ. Білмеймін...
– Онда фермаға бар. Саған бір жұмыс табылар.
Шошып кеттім. Бала күнімізден фермада сиыр сауып өстік. Анам сауыншы. Әкем сол фермада мал дәрігері. «Құдай сақтасын» дедім іштей. Ендігі өмірім тағы да сол фермада, сиырларға шөп тасып, тезек күреп өтпек пе?!. Жо-жоқ...
– Сиырды жақсы сауатын едің ғой. Бала кезіңнен ферманың бар тірлігімен жақсы таныссың. Басқарма саған бір жұмыс тауып берер.
– Фермаға барғым келмейді.
– Неге?
– Барғым келмейді.
– Енді не істейсің? Осылай той қуып, шаңғытып жүре бермексің бе?
– Онда құрылысқа кел, - деді ағам.
Қуана қойған жоқпын. Сонда да болса сиыр сауғаннан жақсы ғой. Басымды изедім.
Таңертең әдеттегідей қаннен қаперсіз ұйықтап жатқанмын. Ағам оятты.
– Тұр.
– Әлі ерте ғой.
– Жұмысқа жүр.
– Қайдағы жұмыс?
– Құрылысқа...
– Ала ма өзі?
– Алады. Қара жұмысшы қажет. Ескерткенмін.
Амалсыз орнымнан тұрдым. Бір күнде қарабайыр құрылысшы болып шыға келдім. Бір басымда жетіден көп өнерім бар. Ән айтатындар көп болғанымен домбыра тартатындар некен-
саяқ бізде. Ол да болса шалдар. Қолдан ойған домырасын алып Құрманғазының күйлерін құйқылжытады келіп. Мен де сол домбыраның құлағында ойнаймын. Күйді көбіне шалдар жағы той-жиында маған тартқызып, малдастарын құра көздері сығырайып тыңдағанды жақсы көреді. Әскерде жүргенде ротамызда екі-ақ қазақ болдық. Бірі – мен, екіншісі – сонау қазақ жерінен, Павлодардың жігіті. Менің қазақша сөйлегеніме ішек-сілесі қата күлетін. Жалғыз қазақ сол болғасын мен оған іш тартып жүрсем, ол мені мазақ етеді. Өзге елде туылып өскен соң тілімізде ауытқушылық болады ғой енді.
– Мен қалаға шығып келемін, - деді бір күні ол.
– Менам барам, - дедім әдеттегідей оған жармаса түсіп. Ол айқайлап күліп жіберді. Түсінбедім.
– Не дедің? – деді екі езуін жия алмаған күйі.
– Менам барам.
Тағы күлді.
– Не болды? Неге күлесің? – дедім ызаланып.
– Не деп тұрғаныңды түсініп тұрсың ба?
Мен ештеңе де түсініп тұрған жоқпын. Басқа жігіттер де аңтарыла қарады.
– Говорить что он...
Енді түсіндім. Тұмсығына жұдырықпен қойып қалдым. Екеуміз апыр-тұпыр төбелесе жөнелдік. Жігіттер ажыратып алды.
«Менам» өзбектің «мен хам» деген сөзінен алынып біздің, шетте жүрген қазақтардың тіліне сіңіп кеткен «мен де» деген мағынаны білдіретін сөз. Туған жерден алыста, сонау Польшаның астанасы Варшавада жүрген біз үшін ол кезде қазақшаның онша маңызы да жоқ еді. Орысша білсең болды. Осыдан кейін мен өз қазағыма үнемі орысша сөйлейтін болдым. Сол жақсы, менің сөздерімді келеке де етпейді, мазақ та қылмайды. Сондай күндердің бірінде біздің әскери бөлімге Қазақстанның өнер жұлдыздары екі сағаттық концерт қойды. Міне сол кезде мен нағыз қазақтарды көрдім. Домбырасын құйқылжыта тартқанда бүкіл бөлім таңдана қалды. Концерт біткен соң домбырашылардың біріне жабыса кеттім.
– Менам қазақпын, аға, - дедім. Бетіме күле қараған қазақ:
– Қай жақтансың? – деп сұрады.
– Тәжікстаннан.
– Атың кім?
– Өтеміс.
– Жақсы есім екен. Ол жақтағылар қазақ болып қала алған екен ғой.
– О не дегеніңіз аға? Бізде қазақтар көп. Сол қазақтарды қуанту үшін мына домбыраңызды сатыңызшы, аға.
– Жоға, бауырым. Бұл менің өнердегі жолдасым ғой.
– Аға, сіз елдесіз ғой, домбыра таба аласыз. Ал біз жақта мұндай домбыралар жоқ. Домбыра жасайтын шалдардың да қатары сиреп барады.
– Біздің елде де жақсы домбыра табу оңай шаруа емес. Орыстанып кеттік қой, түге. Өзің домбыра тарта аласың ба?
– Иә, аға. Қол тигізуге рұқсат етіңіз.
Домбыраны берді ме, әлде қолынан жұлып алдым ба білмеймін, әйтеуір «Балбырауынды» бастап кеп жібердім. Жан-жағымызда үймелеп қалған көпшілік. Домбырашы басын шайқады.
– Халтура, - деді сосын.
– Ол не? – дедім де күйді тоқтата қойдым.
– Дұрыс емес.
– Бізде осылай тартады.
– Кім?
– Шалдар.
– Нота танисың ба?
– Жоқ.
– Хм... – жүзіме сәл-кем ойланып қарап тұрды да: - Жарайды, бауырым, бүкіл тәжікстандық бауырларыма жасаған сыйлығым болсын, - деп домбырасын ұстатты.
– Рахмет аға, рахмет, - деп жатырмын жанарыма жас толып.
Міне, сөйтіп әкелген домбырамды бойтұмардай қастерлеп тәжік жеріндегі бүкіл қазақ ауылдарын аралатып шықтым. Тіпті, бір ұстап көруге талай қазақ үйге келіп кетті. Біздің шалдардың пістенің ағашынан ойып жасайтын домбырасына қарап, мына нағыз домбырадан қаншама алшақ жатқанын ұқтым.
– Біздің домбыра деп жүргеніміз домбыра емес екен ғой, - дедім.
– Олай деме, - деді әкем. – мынадай дайын домбыра бұл жақта қайдан болсын. Сенің қазақ екеніңді, ұлттық аспабыңның домбыра екенін осы шалдар ойған домбыра емес пе саған танытқан. Осы қолдан ойылған домбыра болмаса сен домбыраның не екенін білмес ең.
Міне сол домбыра менің құрылыстан келгеннен кейін шаршауымды басатын серігім. Өмірі серуендеумен өткен мен үшін құрылыс жұмысы оңайға соқпады. Жұмысы ауыр. Оның үстіне кешке үйге келсең бір танысың күтіп отырады. Бағана айттым ғой бір басымда жетіден көп өнерім бар деп. Көлік жөндеуден алдыма жан салмаймын. Бұған да әскерде екі жыл шопыр болғаным себепкер. Сиыр сауғанда анау-мынау әйелің менің шаңымда қалып кетеді. Малдардың ауруын дәл тауып, дәрі еге алатыным да екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Міне, сол үшін де мені жұмыстан кейін бірде көлігін қарап беруімді өтініп жолдастарым немесе ауылдастарым келіп тұрса, бірде малын көріп беруімді өтініп тағы біреу келіп тұрады. Осы ауылдың малдарының «акушеркасы» да мен сияқтымын. Малы туатын болса да маған қарай жүгіретіндер бар.
Жұмысқа тұрғаныма айдан асты. Желтоқсанның ортасы болса да суық әлі түсе қоймаған. Аудан орталығынан салынып жатқан төртқабатты үйлердің ішкі жұмыстары ғана қалған.
Кешкі жұмыстан шыға бере сыныптасым Нәби күтіп алды.
– Қызмет құтты болсын, - деді әзілдеп.
– Не жаңалық, ауылға келмей қойдың? - дедім жағдай сұрасқан соң.
– Жұмыс, уақыт жоқ. Бүгін әрең шықтым. Алматыдағы жағдайға бола тәртіп қатал.
– Не жағдай ол?
– Естімедің бе? Қонаевтың орнына басқа адам келгеніне қарсы көтеріліс болып жатыр ғой.
– Қой-е, кім келіпті?
– Кольбин деген біреу.
– Көтеріліс қатты ма?
– Үкіметке қарсы бұзақылар дейді. Әзірге қауіпті емес. Дегенмен тәртіп сақшылары әрнәрсеге дайын тұрсын деген тапсырма бар.
Онша мән бере қойған жоқпын. Кеңес үкіметіне қарсы тұру деген оңай шаруа емес. Сондай бір ақымақ бұзақылар болмаса сау адам сөйте ме?
– Қолдарынан не келер дейсің? Жаншып тастайды ғой, - дедім өз болжамымды айтып.
– Басқа республикалардағы қазақ жастарын да бақылауда ұстауды бұйырыпты.
– Неге? Басқа жастардың ол бұзақылармен қандай байланысы болуы мүмкін.
– Бұзақылар емес, жастар көтеріліп жатыр шамасы. Тек оны жасырып отырған сияқты. Ағам солай дейді.
Кешкі ас үстінде әкем әдеттегідей «Время» көрді. Әншейінде оған құлақ та салмайтын мен жаңа ғана досымнан естігендердің мән-жайына қанығу үшін теледидарға көз тіктім. Бүкіл одақтың басты жаңалықтарын жеткізетін хабар Алматыдағы жағдайды да бүге-шігесіне дейін айтып, көрсетіп, қазақ жастарының маскүнемдікке, нашақорлыққа салынып, ұлы одаққа қарсы шығып жатқандарына өз наразылығын білдірген журналист бұзақылардың қаланы қиратып жатқанын хабарлады. Қалқанды сарбаздармен қоршалған топты сыртынан көрсетіп өтті.
– Атаңның басы, - деп кіжінді әкем төрде отырып. – Үкіметке қарсы шықты дейді ғой. Үкіметің халыққа қарсы шығып отырмаса қайтсін...
– Жөніңе отыршы, - деп жекіп қалды анам. – Алыстағы Алматыда нең бар. Мына сөзіңді ешкім естімесін. Ана жұмыстағы балаларыңа кесірі тиер.
Анамның айтқанының жөні бар. Халық жауының қызы. Айтып отырса талай қитұрқыны көрген сияқты. Атасын көз алдында атып салған. Әкесін атқа жегіп айдап әкеткен. Бес жасындағы осы көрініс бүкіл ғұмыр «үһілеп» отыруға соқтырған. Сол үшін де өкімет дегеннен өлердей қорқады.
Жаңалықтардан соң әкем орнынан қозғалды.
– Мына Жаңғабылдың үйіне барып келейін.
– Түн ішінде ме?
Шешемнің қарсы шыққан түрі.
– Әке ауылға Нәби келген. - «Ол кім» дегендей әкем жүзін маған бұрды. – Махмұд көкенің баласы. Немат аға жіберіпті. Басқа республикалардағы қазақтарды да бақылауда ұстаңдар деген тапсырма бар екен. Соған ауыл жастары әлденеге ұрынып қалмасын, жиын, кеш өткізбесін деп інісінен хабар жіберіпті.
– Е, өкімет өзінен қорықса онда бір шикіліктің болғаны ғой. Жаңғабыл екеумізді көре қоятын үкімет дүрбі ұстап отыр деймісің.
Әкем шығып кетті. Мен де жинала бастадым.
– Сен қайда?
– Нәбиге барамын.
Нәбидің үйіне бардым. Махмұд көкенің де қабағы салыңқы. «Әкең аман ба?» деп сұрады салған беттен.
– Аман, жаңа Жаңғабыл шалдың үйіне кетті.
– Шал дейді ғой. Ата десең, қарт десең, қария десең тілің түсіп қала ма?
Махмұд көке тіп-тік кеудесін керіп өктем сөйледі. Даусында әзіл де жоқ емес.
– Сіздің алдыңызда олардың шал боп көрінетіні рас қой, - дедім көңілін көтергім келіп. Расында да солай еді.
– Мен ала таяқтан басқа ештеңе көтеріп көргенім жоқ. Ал олар... Мына ауылды құрған солар, мына каналды қазған солар. Оңай деймісің?.. Бүгінгідей техника жоқ ол заманда. Қолмен, кетпенмен, күрекпен қазды олар... Ал сен, шал дейсің...
Нәби екеуміз кетуге ыңғайландық.
– Тоқта, - деді өктем дауыспен. – Әкеңе айт, бір қойын асып дайын отырсын. Ертең кешке өтемін. Ауылды айтсын.
– Әке, - деді Нәби қарсылық білдіргісі келіп.
– Ет жеп, құран оқуға болмай ма?
Түнде Нәби екеуміз тым кеш қайттық. Таңертең әкемнің азан шақырған даусынан оянып кетіппін.
– Әке, Махмұд көке кешке келем деді, - дедім әкемнің намаз оқып болғаным күтіп тұрып.
– Ертерек айтпадың ба? Уақыттарың болса бір қойдың басын ала кетіңдер. Кеше Жаңғабыл үйіне елді жимақ болып еді. Сен барып жиын біздің үйде болады деп айтып келе ғой.
Қабыл аға бір қойын дырылдатып сүйреп келе жатыр екен, әрең үлгердім.
– Аға, тоқта!
– Тыныш па, бала?
– Тыныш, жиын біздің үйде болады, әкем айтты. Қойыңызды соймай-ақ қойыңыз, атаға айтыңыз.
– Үйге кір, шай іш.
– Рахмет, жұмысқа кетуім керек.
– Таңғы асты тастама деген бар. Берекенің бәрі таңғы аста.
Дінге ден қойған Қабыл ағаның әр сөзі насихат. Оны тыңдайтын біз бе? Талай жыл мектепте сабақ берген. Бізге де сабақ берді. Мектеп бәрімізге атеистік тәрбие берді ғой. Сонда осы кісі «құдай жоқ» дейді екен де, сыныптың есігінен шыға сала мұғалімдер бөлмесіне барғанша «құдай бар, құдай бар» деп күбірлеп баратын көрінеді. Жасырын намаз оқиды екен. Кейіннен мұғалімдікті тастап, сиыр фермаға сипаратор болып ауысып кетті. Кім біледі, күнәсін көбейткісі келмеген шығар. Әйтеуір, шалдардан кейінгі ағалардың ішінде намаз оқитын осы кісі ғана. Қалғандары шал болғанды жығыламыз деп жүрген жайы бар.
Бір қойды жайратып салған соң ағам екеуміз жұмысқа аттандық.
– Аға, осы дұрыс па?-деймін маған қарағанда әкем айтпақшы «түсінігі бар» ағама қарап.
– Не?
– Әкемнің үйге елді жинап жатқаны.
– Несі бар? Ет жеп, сорпа ішіп әңгіме-дүкен құрады да. Содан басқа не тірліктері бар дейсің олардың.
– Жоқ, олар Алматыдағы жағдайға байланысты жиналайын деп жатыр ғой.
Ағам бетіме қарап күлді.
– Жиналар, болған жайды талқылар, одан не өзгереді дейсің?
– Әйтеуір, зияны тиіп жүрмесе.
– Сен ол жағын уайымдама.
Кешкісін келсек үй толы адам. Кәрісі де, жасы да осында.
– Осы мені сырттай үйлендіріп жатқан жоқсыңдар ма,-дедім етегіне сүрініп жүрген жеңгеме әзілдеп.
– Қане, солай болса. Осындайда қызмет ететін бір адамға көбейетін едік.
Жуынып келіп төменгі жаққа отыра кеттім. Мәжіліс әлде қашан басталып кеткен сияқты.
– Елдің көтерілуі дұрыс. Қазақ қазақ болудан қалып барады. Алматы дегенің тіпті қазақтың жеріне ұқсамайды. Қазақша сұрасаң орысша жауап береді. Ана солтүстік жақтарың тіпті...
– Соны айтсайшы, - Уәли қарияның аузындағы сөзді Қалмұрза ата жұлып алып кетті. –Дінді ұмытқан, мұсылмандықтан ада. Тіпті кемпір шалдарына дейін намаз оқымайды дейді ғой.
– Намаз оқу былай тұрсын, бас қоса қалса кемпірлерінің өзі жүз грамнан тартып жіберіп, «алма ағаштың гүліндей-ау» деп шыға келеді.
– Астапыралла...
– Құдайдың өзі кешірсін...
– Әйтеуір, осылай болатыны белгілі еді ғой. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Мына союздың да қирауына сәл қалған сияқты, не дейсіңдер?
Садықбай атаның көріпкелдігі бар кісі. Пал ашып, болашақты болжамаса да бірдеңені сезетіні бар. Және онысы алдамайды, дәл келеді.
– Әй, Садықбай, атаңның сәуегей болғанын үлкендерден естігенбіз. Бірақ, не десең де Совет Одағын қирайды дегенің ақылға сыймайды екен.
– Мына, бұзақыларды Совет Одағын қиратып тастайды деп ойлайсың ба?
Шалдар өзара бәстесіп кеткендей.
– Олар бұзақылар емес,-деді Махмут көке әдеттегідей салмақты үнмен. Олар қазақ еліне өзге жақтан келген басшыға білдірген наразы халықтың өкілдері. Дені жастар дейді. Тек өкімет оны бұзақылар деп бүркемелеп отыр. Осылай ете берсе әрине кез-келген биліктің ғұмыры қысқа. Жоғары жақ енді оны дұрыс жағына шешсе, екі жағына да пайдалы. Олай болмаса кім біледі...
– Мына үкімет қарап отырар деймісің, жаншып тастайды ғой.
– Иә, қазақ момын ғой. Сол жастарына өздері қарсы шықпаса деңіз...
– Осы мен көшсек деймін,-деді Садықбай ақсақал бүйректен сирақ шығарғандай болып. Бәрібір түбі көтерілеміз. Бұл жерде қашанға дейін тұрармыз дейсің. Мына балалар ертең тілді ұмытып кетер. Салт-дәстүр ұмытылады.
– Мұның да дұрыс шығар. Бірақ, осы күнге дейін ұмытылмаған тіл ендігі жерде де ұмытылмайды. Бұған дейін де ата-бабамыз талай заманды бастан өткерді. Тілін, ділін ұмытпады. Ендігі ұрпақтың да ұмытпайтынына сенемін.
– Олардың болашағы біздің қолымызда. Біз қандай бағыт берсек, солай жүреді. Құдайға шүкір жастарымыз жаман емес. Алқашы жоқ, алаяғы жоқ... Осы жердегі бар қазақ әйтеуір абыроймен өмір сүріп келеді.
– Дұрыс қой, бірақ мына үкіметтің тәрбиесі біздің берген тәлімімізден басымырақ болып бара жатқан жоқ па? Осы жастардың ішінен намазға мойын бұрайын дегенін байқағаным жоқ. Біз де дінді ұмытып бара жатқан сияқтымыз.
– Құдай жүректе. Өкімет қазір намаз оқуға мұрша беріп жатқан жоқ. Бірақ, ертең біздің жасымызға барғанда бұлар да оқиды. Себебі, бесікте жатқанда атаның азан шақырған даусы
құлақтарына құйылған. Көз ашқалы бері шалдардың намаз оқып, құран түсіргендерін көріп біліп келеді.
Бұрын-соңды шалдардың мұндай жиынында болмаппын. Жоғары кеңестің жиынынан бір кем емес. Бәрі ақылгөй, бәрі дана. Осы ауылдың ұйымшылдығы да осылардың арқасы екен ғой. Садық шал қайта сөйледі:
– Бәрібір көтерілмесек болмайды. Ақыры көшетін болған соң мына алып өкімет құламай тұрғанда барып жайғасып алсақ балаларға қиын болмас еді. «Мың асқанға бір тосқан» деген бар. Мына астамшылықтың да бір таршылығы бар. Қазір барсақ, мемлекеттің өзі көмек береді дегенім ғой.
– Әй, Садық-ай, сен де қапылттың-ау. Бір-екі жылда құлай қоятын СССР деймісің?
– Бұдан екі жылдай бұрын анау Әмзе ақсақал Жамбыл жаққа көшті емес пе? Сіңісе алмай қайтып келді. Біз де солай болмаймыз ба дегенім ғой.
– Жаңа жерге, жаңа елге сіңісу оңай болмайды. Бәріне уақыт керек.
– Атамекен дейсіңдер. Бірақ осында да Бұхара Әмірінің Жарған қажыға басыбайлы берген жері бар емес пе, оны қайтпекпіз?
Бұл жайлы аз-кем естігенім бар. Әсіресе, жастар жағы осы бір әңгіме жайлы тағы естігісі келгендей үлкендердің аузын бағып қалыпты.
– Сол жайлы айтыңызшы. Сол рас па?
– Ол өзі он тоғызыншы ғасырда болған. Мына алпыс үйлі Аман қырықмылтықтар ата-жұрты Жем мен Сағыздан би мен болыстардың қысымы мен зорлығына шыдай алмай осы Тәжік жеріне ауып келеді. Одан Ауған асады. Бірақ, қайтадан Қорғантөбе мен Көлапқа келіп қоныстаныпты. Амударияға құятын Вахш, Пяндж өзендерін бойлапты. Олардың басшысы Жарған қажы ізінен ерген елін қорғап, жерсіндіру үшін жер иесі Бұхара Әміріне барыпты.
– Біз қазақ деген ел едік, тағдырдың жазуымен осы қос дарияның бойына қоныстанып қалдық. Осы аймақты басыбайлы еншімізге сұрап, құзырыңызға келдік,- деп уәжді әңгімесін алға тартады қажы. Келіссөз оңай болмайды. Бірақ Бұхара Әмірі Жарған қажының сөзіне қарсы шыға алмай бас шұлғи беріпті. Қазақтар қоныстанған жердің жағрафиялық картасын киіктің терісіне сызғызып, мөрін басып, басыбайлы сыйға тартыпты. Қазақтарды зор мәртебемен шығарып салған соң уәзірлері бұған наразылық білдіреді.
– Тақсыр, өзімізге қимай жүрген шұрайлы, шүйгін жерді бір қазаққа бере салғаныңыз қалай?-десіпті.
Сонда Әмір:
– Ана дәу қазақ кіріп келгенде екі иығынан екі айдаһар көрінді. Әруақты кісі екен,-деген екен. Міне, марқұм Жарған қажы сондай текті кісі болатын. Ал сол жерлерде замана ағысымен ағып келген бар қазақ өмір сүріп келеміз. Шалдар жағы «иә» дескендей бас шұлғысты.
– Сол киіктің терісі қайда екен қазір? - дедім қызығушылығым оянып.
– Кім біліпті дейсің. Мұрағатта ма, әлде жоқ болып жойылып кетті ме?
– Одан бері бір ғасырдан аса уақыт өтті.
– Енді осы жерлерді тастап көшейік дейсіздер.
– Көшуге келсек ол ата-баба аманаты, ұрпақтың болашағы үшін. Бір ғасырда тілімізге өзбек пен тәжіктің сөздері кіріп барады. Тағы бір ғасырда қандай боламыз. Заман не болады? Ел аман, жұрт тынышта көшіп алайық дегенім ғой.
– Сендерді білмеймін, өзім осы тәжіктер қуса да кетпеймін бұл жерден, - деді Әмзе ақсақал баяғы қырсықтығына салып.
– Шынында да қуып жатқан ешкім жоқ, неге көшуіміз керек?
– Мейлі, күні ертең көшті артқалы отырған жоқпыз. Сонда да болса екі-үш азаматты жіберейік. Жер көріп, ел көріп қайтсын.
Жалғасы бар...