el24.kz Қарағанды облысында инкассатор көлігі қатысқан ауыр жол апаты орын алып, бір адам қаза тапты. Оқиғаға қатысты ресми ақпаратты облыстық Полиция департаменті таратты.

Ведомство мәліметінше, жол апаты 2 желтоқсанда сағат 16:40-та Қарқаралы – Қарағайлы тасжолында болған. Алдын ала деректер бойынша, Toyota Camry маркалы көліктің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, қарсы бағыттағы Lada Largus көлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан инкассатор көлігі өртеніп кеткен.

Өртті сөндіру кезінде көліктің ішінен жүргізушінің денесі табылды. Ол алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмған.

Апат кезінде тағы екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғамдық талқылауға себеп болды.

Қазіргі уақытта апаттың нақты себебі анықталуда. Полиция жолдың жағдайы, көліктердің жылдамдығы және техникалық ақаулардың болуы секілді жайттарды зерттеп жатыр. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалған.