el24.kz Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы жақында қайта көтерілуі мүмкін. Себебі тұтынушы құқығын қорғау туралы жаңа заң жобасына әуе билеттерін толық қайтару туралы өзгеріс енгізілмек.
Егер заң қабылданса, бұрынғыдай билет сатып алған кезде «құны қайтарылмайтын билет» деген айрықша белгі болмайды. Яғни, жолаушы рейске келе алмай қалса, билет құнын толық қайтаруды талап етуге құқылы болады.
Билеттің қымбаттауының себебі
ҚР Көлік министрлігі жаңа ереженің билет бағасының өсуіне әсер ететінін атап өтті. Вице-министр Талғат Ластаевтың айтуынша, жолаушылар әртүрлі себеппен рейсіне келе алмаған жағдайда әуе компаниялары билет құнын өзге тұтынушылардан өндіріп алуына тура келеді.
«Егер барлық билет қайтарымды болса, онда сәл қандай да бір себептің өзі билет қайтарғыштар санын арттырады. Әуе компаниясы мұндай жағдайда не істейді? Өзге сатылатын билет құнынан өндіреді», — дейді Талғат Ластаев.
Сол себептен бір билеттің орташа бағасы жоғарылап, әуе рейстерінің тарифі қымбаттауы мүмкін.
Лоукостерлерге жаңа талаптар
Сонымен қатар, заң жобасында қазақстандық лоукостерлердің тарифтері де қайта қаралмақ. Аты «лоукостер» болғанымен, ұшақтары үлкен лайнерлерге жататын компанияларға салынатын айыппұл мен қойылатын талаптар күшейтіледі.
Бұл ретте әуе компаниялары өз қызметінде тұтынушы құқығын қорғауды сақтап, билеттерді қайтару мен қайта сатуды тиімді ұйымдастыруға міндетті болады.
Егер заң қабылданса, жолаушылар үшін билеттерді қайтару жеңілдейді, бірақ әуе билеттерінің орташа бағасы өсуі мүмкін. Сонымен қатар, лоукостерлерге қойылатын талаптар күшейіп, тарифтерге өзгерістер енгізілуі ықтимал.
