el24.kz Қарағанды облысында цифрландыру бағытында жаңа жоба іске қосылды. Көпқабатты үйлердің кіреберістеріне іздеуде жүрген адамдарды автоматты түрде анықтай алатын «ақылды» домофондар орнатылуда. Жүйе күдікті азаматтарды камера арқылы танып, ақпаратты бірден полицияға жеткізеді.
Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, жаңа технология қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
«Домофондарды арнайы деректер базасына қосамыз. Егер іздеуде жүрген адам камераның алдынан өтсе, жүйе оны автоматты түрде танып, құқық қорғау органдарына сигнал жібереді», – деді Ильницкий.
Жоба өңірдегі цифрландыру бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша шамамен 4 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. «Ақылды» домофондар осы жалпы бақылау жүйесімен біріктіріліп, нақты уақыт режимінде ақпарат алмасады.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйе:
-
қылмыстық істер бойынша іздеуде жүрген адамдарды анықтау;
-
қауіпсіздік деңгейін арттыру;
-
көпқабатты үйлер тұрғындарының қорғалуын күшейту;
-
құқық қорғау органдарының жұмысын жеделдету мақсатында енгізілуде.
Жаңа домофондар орнатылған үйлердің саны кезең-кезеңмен артады деп күтілуде.
