Маман кеңесі

Әділбек Нұрымбет

Сарғаю - қан құрамындағы билирубиндердің шамадан тыс көбейіп кетуінен дүниеге келгеннен соңғы үшінші тәулікте пайда болатын құбылыс.
Ол "физиологиялық" және "патологиялық" болып екіге бөлінеді.

Құрсақтағы нәресте анасынан кіндік арқылы жеткізілетін эритроциттермен қоректенеді(мұндай эритроцит- "фетальді" деп аталады). Бала дүние есігін ашқан соң өкпесімен дем алып, өзінің эритроциттерін шығара бастайды. 

Осы кезде керексіз болып қалған фетальді эритроциттері көп мөлшерде ыдырайды да құрамындағы билирубиндер босап шығады. Қан құрамындағы зиянды билирубиндер бауырға келіп, белоктармен байланысады да, зиянсызға айналып, өт жолдары арқылы нәжісімен сыртқа шығарылады.
Нәрестенің физиологиялық сарғаюы - жаңа дүниеге келген сәбидің бауыры толық қанды жетіліп үлгермеуінен - билирубиндерді залалсыздандырып үлгере алмайды. Зиянды билирубин қанда жиналып қалуынан сарғаюға алып келеді.
Физиологиялық сарғаюдың тағы бір сирек кездесетін түрі - ана сүтінен болатын сарғаю. 

Жаңа босанған аналардың сүтінде - эстроген гормоны көп болады. Нәресте бауыры алдымен эстроген гормонын шығарады, содан соң ғана билирубиндерді шығаруға кіріседі. Сол себепті балада ана сүтінен соң сарғаю болады. 

  Әйтсе де анасының басқа қауіпті сарғаюмен шатастырмай, көңілі орнына түсуі үшін сарғаюдың ана сүтінен екенін ажырату мақсатында екі тәулік емізбей қойса болғаны, баланың терісі бозара бастайды. Бұл түрі қауіпсіз, емдеуді қажет етпейді, емізуді ары қарай жалғастыра беруге болады. Өздігінен үш апта ішінде кетеді.
Патологиялық сарғаю үш түрге бөлінеді:
1) Бауыр үстілік сарғаю.
 Қандай да бір аурулардың әсерінен болатын (мысалы: қан (гемолитикалық)аурулары, анасымен баласының резус-факторының бөлек болуы) сарғаю. яғни билирубиндердің өте көп мөлшерде бөлінуі.
2) Бауырлық сарғаю. Бауыр қызметінің (әр-түрлі тұқым қуалайтын бауыр аурулары нәтижесінде) бұзылуынан пайда болатын сарғаю. Қан құрамындағы қауіпті билирубинді бауырда залалсыздандыра алмайды, нәтижесінде билирубин көбейіп кетіп, сарғаюға алып келеді. 
3) Бауыр астылық (механикалық) сарғаю. Өт жолдарының қисаюы, бітелуі, және ісіктер болуы себепті, бауырдан бөлінген билирубиндер өт жолымен шығарылуы бұзылады немесе төмендейді. Сол себепті сарғаюға алып келеді.
Патологиялық сарғаюдың белгілері: баланың нәжісі ақшылданып, зәрі қызғылт сары болады. Тәбеті төмендейді.
Балаңызда сарғаю пайда болса міндетті түрде дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Қан құрамындағы билирубинді уақытылы анықтап, деңгейін бақылап отыру қажет.
Физиологиялық сарғаю кезінде сіз:
- Ана сүтімен толыққанды емізу керек
,әсіресе "уыз" сүтінің маңызы өте зор. Уыз сүтінде билирубинді залалсыздандыратын белоктар көптеп кездеседі.
- Таза ауада әлсін-әлсін серуендетіп отырған жөн.
- Күннің жылы мезгілінде далаға күн көзіне, салқын кездерде терезенің күн сәулесі түсіп тұрған жерге жатқызу керек.