Қайрат Дүйсенов Парман
Ақын, сазгер, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстандағы Әлем халықтары жазушылары одағының президенті жəне негізін қалаушы
- Аға, əңгімемізді өлең өлкесіне келу тарихыңыздан бастасақ...
– Алғашында төртінші, бесінші сыныпта оқып жүргенде бірдеңелерді шатып-бұтып жаза бастадым. Сол кезде «Пионер» журналынан «өлеңді жақсы жазу үшін саған көп оқып, көп іздену керек» деген мағынада бірнеше рет хат алғаным есімде. Ауылдағы пошташы әкеп тапсырған осы хат мені ағайын жұртымыздың алдында бір сәтке болса да кәдімгідей абыройлы қып тастайтын. Әскерден келген жылы Шымкенттегі «Қорғасын» газетіне Ұлы Отан соғысына қатысқан Құрбан деген атамызға арнап жазған, 8 Наурыз күнгі сол газетке басылған анама арнаған өлеңім маған кәдімгідей үміт сыйлады. Бұл 1984-1985 жылдар болатын.
Ал 1986 жылы Желтоқсан айында өлең толы қалың дәптерімді қанды қырғын болған алаңда жоғалтып алдым. Мен ол қалың дәптерімді Мұхтар Шаханов ағамызға бір оқытып, сынатып алу үшін сонау Ташкент қаласынан Алматыға арнайы келіп едім. Әрине, басқа да шаруам болған. Басты себеп осы күнгі біздің үйдегі апаңмен кездесу болған. Содан кейін көп кешікпей Алматыға келіп алдым, ҚазҰУ ге оқуға түстім дегендей. Содан бері өлеңді том-том етіп мандытып жазбасам да, поэзиядан біржолата қол үзіп кете алмадым.
- Сіз үшін ақындық дегеніміз не?
– Ақындық – кәсіп емес. Онымен ақындар тек лайықты қаламақы төленген КСРО кезеңінде ғана тәуір күнелте алған. Соның өзінде көбіне журналист, баспагер тағы басқа кәсіпті қоса алып жүрген. Сондықтан, ақындық – мен үшін өнер сияқты. Өнер болғанда да жанды сөз өнері дер едім. Өйткені, ақын жүрегінің тереңінен мөлдіреп шыққан тірі шумақтар адамға рухани азық, ойлы пәлсапа, ыстық ләззат, тәтті сезім, шуақты қуаныш сыйлайды. Тұнба суындай тұнық лирикалық жырлар сені бірде алақайлатып шаттандырса, бірде жаныңды ауыртып қайғырта да алады. Яғни, ақындық – адамды жансыз қуыршақ болып кетуден сақтайды. Қысқаша айтқанда бұл бір Құдайдың қалаған құлына берген ерекше қасиеті дер едім.
- Ақын деген кім?
– Бар болғаны адам. Дені дұрыс ақын – адам. Есінен адасқаны – надан. Қай аят екенін ұмытып тұрмын, анығын бір Алла ғана біледі, шамамен мағынасы былай: «Ақынға азғындар ереді, көрмейсіңдер ме біздің оларды үйсіз, күйсіз далада тентіретіп қойғанымызды, сонда да соңынан ересіңдер ме? Бірақ олардың иман келтіргендерінің жөні бөлек» (дұрысырағы Құранда жазылған Қ.Д.П). Ал оның қоғамдағы алар орны жайында тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ: ақын – ұлттың, тілдің, дәстүрдің, отбасының, ағайынның, халықтың, жердің, Отанның, адамдықтың, махаббаттың, сезімнің, жақсылықтың, тарихтың, шежіренің жоқтаушысы.
- Қазақ əдебиетін əлемге таныту үшін қандай нəрселер керек?
– Біріншіден ақын мен жазушыға әлеуметтік жағдай жасалу керек. Мәселен, мал екеш малдан да сүт, ет, жүн, сапалы тері өндіру үшін оған қажетті азық-түлік, шем-шөп дайындаймыз ғой! Немесе, спортшыларымызды алайықшы. Олимпиада чмпиондарын дайындау үшін, қандай тамаша спорт сарайларын салдық! Қаншама футбол, валейбол, баскетбол, теннис алаңдарын, мұзайдынын, жүзу қауыздарын дайындадық! Сол сияқты ақын мен жазушы да әлеуметтік жағдайы жасалғанда ғана жан-жақты ізденуге, оқуға, жазуға мұршасы жетіп, дүниеге сапалы туынды әкеледі.
Екіншіден, әдеби үздік шығармаларды жинастырып оқырманы ең көп тілдерге аударуға барынша күш салу керек.
Үшіншіден, «пияр» деп жүрміз ғой қазір, яғни әдеби кітаптарға жарнама жасау керек. Жарнама болғанда, әуелі бұрынғы жоғалтып алған оқырмандарымызбен қайта қауышудың жолын қарастыру керек. Қазір кітап таралымы жағынан біз ең мүшкіл хәлдеміз. Мәселен, биыл Алматыда өткен халықаралық Биенналеде Олжас Сүлейменов ағамыз қазақстандағы басылым көріп жатқан кітаптардың таралымы орташа есеппен 260 (екі жүз алпыс) -тың о жақ жұ жағында екен деп қалды. Оның бұл сөзінің жаны бар. Мысалы осыдан бірер жыл бұрын мен де баспагерлікпен айналыстым. Сонда маған келген бірен-саран ақын-жазушылар кітаптарын бар болғаны 100-200 данамен шығартатын. Көкем-ау, бұл әдебиеттің өгей бала сынды ешкімге қажет болмай жапан далаға лақтырылып тасталғаны емей немене? Қазір елімізде тұратын қазақтар саны 12 миллион, ал кітап таралымы 260-ақ дана. Әлемде ең көп оқылатын кітап таралымы 1 миллиардқа жетті. Бізде 12 миллион қазақ дұрыстап кітап оқитын болса, ең үздік туындылар таралымы жарты миллионға жетіп жығылуы керек емес пе еді? Жарайды, қарапайым елдің жағдайы жоқ делік, ал дәулетті адамдар ше? Олар кітап оқи ма? Еліміздегі өз қолы өз аузына жететін қалталы азаматтар қазақша әдеби кітап сатып алатын болса, 260 дана таралым, ең кемі 50 мың данаға жетер еді ғой! Сондықтан, халықты әдеби кітап оқуға үгіттейтін арнайы топтар жоғарыдағы айтқанымдай «пияр», яғни жан-жақты жарнама жасауы керек. Сонда, бізде кітап шығару, оны тарату, сату мәселесі жолға қойылады. Соңынан көп ұзамай кітап шығаратын агенттер де құрылар еді.
- Сіздің қазақ əдебиетін əлемге танту үшін ұйым құрғаныңызды білеміз. Сол ұйымның бүгінгі жай күйі қалай?
– Бастаған ісімді бірден дөңгелетіп әкеттім десем, күлкілі болар еді. Қаржы, инвестиция құйылмаған жерде қайбір жұмыс оңсын. Дегенмен, мүлдем тұралап қалдық деуге де келмейді.
Құдайға шүкір, насихатымыз болмаса да ісімізде аздап ілгерілеу бар. Мәселен, біздің тарапымыздан Қазақстан тәуелсіздігінің 26 жылдығына арнап ұйымдастырылған «Temirqazyq – әлемнің ең үздік ақыны/жазушысы, 2017» халықаралық әдеби онлайн бәйгесі ірі жоба дер едім. Оған әлемнің 26 мемлекетінен 60-тан астам танымал қаламгерлер қатысты. Бәйгеге тіпті Нобель сыйлығына кандидат ақын да (Димитри П. Краниотис, Грекия) өлеңдерін жіберді. Әлемдегі ең ірі халықаралық тіл – ағылшын тілі болғандықтан, бұл жолы қатысушылардан тек ағылшын тілінде жазылған шығармаларды ғана қабылдадық. (Бұл жөнінде кеңітіп айтуды басқа басылыммен келісіп қойып едім, айып етпеңіз).
- Мерейлі марапатты иеленген екенсіз. Ол қандай марапат?
– Бұл халықаралық сыйлық маған ойламаған жерден келді. Мен әдеттегідей ФБ –дағы жеке парақшама өзімнің ағылшын тіліне аударылған өлеңдерімді жариялап жүргем. Содан бір күні албаниялық Агрон Шеле есімді танымал ақын менің бір топ өлеңімді өзінің қарауындағы үлкен әдеби сайтқа жариялап жіберді. Оны сілтемесінен көріп сүйсініп қалдым. Содан көп ұзамай тағы да ағылшыншаға аударылған өлеңдерімді жариялай бастадым. Бір күні жекеме Джетон Келменді есімді Бельгиялық ақыннан хабарлама келді. Онда: «Сіздің өлеңдеріңіз бізге ұнап қалды. Бізге ағылшын тіліне аударылған 50 өлеңіңізді жолдауыңызды сұраймыз. Шығармаларыңызды үлкен бір сыйлыққа ұсынғымыз келеді» деп жазыпты. Ол кезде менің бар болғаны 12 өлеңім ғана ағылшын тіліне аударылған болатын. Содан, мен ол кісіден кішкене күтулерін сұрадым. Ол «Қарашаның 24-інен кешіктірмеңіз» деп ескертті. Мен айналдырған 20 күннің ішінде оның өтінішін орындадым. Ұзын саны 53 өлеңімнің ағылшын тіліндегі аудармасын оған Қарашаның 20 күні жолдадым. Содан көп кешікпей ИВА БОГДАНИ Халықаралық Жазушылар Ассоциациясы комиссиясының шешімімен Қарашаның 27 күні ИВА БОГДАНИ халықаралық әдеби сыйлығының иегері атандым. Олар бұл қуанышты хабарды Ассоциациасының арнайы сайтында жариялады. Онда Үндістан, Украина, Молдован ақын-жазушыларымен қатар мен жайлы да ақпарат берді.
- Ақын хəм азамат ретіндегі жүрегіңіздегі ғазал арманыңыз?
– Халқымыздың тұрмыс жағдайы түзеліп, ақын-жазушыларымыз еңбегіне лайықты жалақы, жазғанына татитын қаламақы алатын күн ертерек туса екен.
- Оқырман қауымға айтар тілегіңіз...
– Әдеби кітаптарды көбірек сатып алып оқыңыздар!