Қытайда жаңа коронавирустың ошағы болған Ухан қаласының (Хубэй провинциясы) тұрғындарына көшеге шығуға уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

 
«2020 жылдың 23 қаңтары сағат 10:00-ден бастап қалалық автобустар, метро, паромдар және халықаралық жолаушылар тасымалы тоқтайды. Ухан тұрғындары себепсіз қаладан кетуге болмайды. Ухан қаласындағы әуежайлар мен теміржол вокзалдарынан жүретін рейстер уақытша жабылды», - делінген жаңа коронавирустық инфекциямен күрес және алдын алу жөніндегі қалалық штабтың хабарламасында.
 Мұндай шаралар жаңа коронавирустың берілу жолдарын тиімді қысқартуға, індеттің таралу қарқынын ұстап тұруға және халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ухан – Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы, ол 17 адамның көз жұмуына әкеп соқтырған жаңа коронавирустың таралу ошағына айналды. Қытайда коронавирустың жаңа үлгісін жұқтырған 544 адам тіркелді, оның ішінде 444-і – Хубэй провинциясында. Еске салсақ, Қытай ресми түрде дүйсенбі күні вирустың адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін мәлімдеді.
 
Ол елде коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны 440 адамға жеткені және осы аурудан тоғыз адамның көз жұмғаны хабарланды. Сондай-ақ, Қытайда тараған пневмония Тайланд пен АҚШ-та тіркелді. Еуропа Қытайда тараған коронавирустан қауіптеніп отыр.