Жас ақын Дәурен  Тілеухан

"Өлеңді жаңа бастаған əрбір жастың жүрегінде əлсіз ұшқынды өшіріп алмауы керек. Өшірмеуге тырысуы керек" . Бұл -Назым Хикметтің сөзі. Өлең  өлкесінде сізді баласындай бауырына тартып, жүрегімен ақылын айтқан кім немесе кімдер болды?

Жоғарыда айтқандай, ақын Гүлімай Әбішқызына бір мүшайрада кез болдым.Сол сәттен бастап менің поэзия әлеміне енуім басталды.Гүлапамның айтқан әр сөзі,әңгімесі жадымда тұр.

Өлеңге адал бол дейтін әркез.Ауылым қаладан қашықта болса да,қалаға жол түссе Гүлімай Әбішқызына соқпай кетпейтін  едім,менің өз анам секілді өте жылы қарайды маған.Алғашқы жыр жинағыма алғысөз  жазған да Гүлапам! Жырдағы жанашырым, ақылшым осы кісі.

- Арманнан  асқан жүректен  ғазиз сезімді табу қиын. Сіздегі арман қандай?

Менде арман шексіз.Оның ішіндегі ең ұлы арманым-Алашқа айтулы азамат болып,елдің жүгін арта алатын халықтың  қалаулысы болу.Өлеңде өз ізімді қалдыру да менің үлкен арманымның қатарында."Үлкен болып қалу үшін ғаламда,Үлкен  арман керек екен адамға " деп Мұхтар Шаханов ағамыз жырлағандай, мен өмірге жәй келіп кетпей, жаңа жол қалыптастырғым келеді.Ата- анамды бақытты қылу да- арманым.

-Арманнан соң белгілі мақсат туатыны. Сіздегі дəл қазіргі күнгі  мақсатыңыз қандай?

Алдағы армандарыма жетуге әрекет жасау.Ол үшін мен көп оқу,көп іздену үстіндемін.Келешекте, Алла жазса, қазақ поэзиясына жаңа толқынның жарық жұлдызы ретінде қосыламын деп сенемін.Себебі, менен үміт күтетін адамдар өте көп.Мақсатым, солардың сенімдерін ақтау.

- Қазақ поэзиясынан кімдерді жиі оқисыз?

 Әрине,Абай,Шәкәрім,Мұқағали,Қадір,Жұмекен,Төлеген секілді ақындарды оқымайтын қазақ жоқ шығар.Мен де оқимын...Қазіргі қазақ поэзиясынан Есенғали Раушанов, Мейірхан Ақдәулет, Мұхтар Шаханов, Тыныштықбек Әбдікәкім, Ерлан Жүніс, Қалқаман Сариндерді оқимын.Маған Есенғали ақынның өлеңдері қатты ұнайды, Тыныштықбек ағаның өлеңдеріндегі теңеулер мен бояуды ешқандай ақыннан таба алмайсың.Ал Ерлан Жүністе сыршыл,нәзік сезімдердің үні бар,өлең  өрнегі де,бітімі  де бөлек ақын...Жастар поэзиясынан Батырхан Сәрсенханның өлеңдерін жоғары бағалаймын.

-Ақтөбелік жас ақындармен байланысыңыз қандай?

Өте жақсы.Ақтөбеде "Шұғыла" шығармашылық орталығы бар.Ақындардан құралған топтың мен биыл ғана мүшесі атандым.Ақтөбедегі әдеби орта жақсы.Бір біріне сыни пікір айта алатын,жырсүйер қауымға жаңа ой әкелген топ Ақтөбеде бар.Осы орталықтың ұйымдастыруымен биыл ғана менің жеке кешім облыс орталығында болып өтті.Онда поэзияның бүгінгі биігі, қазақ  поэзиясының классигі Мейірхан Ақдәулет,Бауыржан Бабажанұлы сияқты ақтөбелік  ақындар болды...Қазіргі таңда да ақтөбелік аға,әпкелеріммен,қатарластарыммен  байланысым бар.Жиі жүздесіп,өлеңдерімізді  оқып,талқылап тұрамыз.

-   Ақын шыңдалуы керек. Ол - заңды нəрсе. Ақынды шыңдайтын дода -жыр мүшайралары десем қате болмас. Сіз жыр мүшайраларына жиі қатынасасыз ба?

Иә.Мен өте жиі болмаса да,біраз мүшайраға қатыстым.Өзіммен бірге өрлеп келе жатқан қаламдастарымнан үйрендім десем болады.Олар да менен үйренген шығар...Мүшайра-тек жүлдеге ғана байланысты болса,ақын үшін ол пайданың бір көз ретінде қалыптасуы мүмкін.Ал негізінде ол үлкен тәжірибе алаңы,менің ойымша...

 Əлем əдебиетінен кімдерді оқисыз?

Өте көп оқымаймын.Себебі,менің ұстанымым бар сондай.Төл әдебиетімізді түгел танып білейінше,әлем әдебиетіне көшу әзір ойымда жоқ.Сондықтан,әлемге ауысу үшін қазір менде үлкен ізденістер болып жатыр.Қазақ әдебиетін толық оқып шығу үшін біраз оқуға кірісіп кеттім.

Өзіңізді үш сөзбен сыйпаттай аласыз ба? 

мен...

Қиялшыл, көңілді ,көп армандайтын,ойланатын ...адам секілдімін.

Жаныңызға жақын жыл мезгілі қайсы?

Күз.Мен үшін күз-адам атаулының ерекше сезімге еніп, қиял пен бақытқа ұмтылатын кезеңі.Сағыныш та,аңсау да,елеңдеу, күту де осы мезгілде.

Оңтүстікке оқуға келмек екенсіз. Жетістігіңіз бұдан да зор болсын!

Иә,бұйырса Түркістан шаһарында білім алмақпын...Сұхбатқа шақырып,риясыз әңгіме жасағаныңыз үшін үлкен алғыс білдіремін.Көп рақмет,еңбегіңіз жемісті болсын!