Жұлдыз Аймашева , "Бірінші арна Еуразия" арнасының тележүргізушісі:
"Тікелей эфир – өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді"
- Сəлеметсіз бе, Жұлдыз ханым. Жаңа маусым, құтты болсын! Əңгімеміздің əлқиссасын қазақ эфиріне келу жолыңыз жайлы əңгімеден бастасақ.
- Сәлеметсіз бе, Мейірхан. Ниетіңізге рахмет! Жалпы, телевизия саласына 2009 жылы келдім. "Астана" телеарнасының "Ақпараттық бағдарламалар бөлімінде" қазақ және орыс тілдерінде тілші қызметінен бастадым. Кейін "Таң" арнасында мемлекеттік тілде, сосын "Мәдениет" арнасында мәдени жаңалықтарды қазақ және орыс тілдерінде жүргіздім.
- Алғашқы эфир - ең бір естен кетпес толқынысты сəттер, камераның жарығынан жасқанған кез... Сол сəттерді бір еске алсақ.
- Алғаш рет 2011 жылы "Таң" телеарнасында "ГКЧП" атты қылмыстық жаңалықтарды жүргізіп бастадым. Әрине, эфир алдында толқыныс болды. Тіпті, күні бүгінге дейін болып тұрады. Бірақ, мен бірден бір нәрсені ойға түйдім. Ол - камерамен дос болу, одан қысылмау керек. Ал, мені мына камераның ар жағында миллион адам көріп отыр деп ешуақытта ойлаған емеспін.
- "Бірінші арна Еуразия" арнасының "112" хабарын қалың көпшілік жақсы біледі. Өзіңіз тізгіндеген хабар жайлы аз-кем ой бөліссеңіз.
- Ал, "Бірінші Еуразия" арнасына осы жылдың маусым айының ортасында келдім. "112" - бұл оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлар қамтылған топтама. Еліміз бен әлемдегі әрбір оқиға тәулік бойы біздің назарымызда. Біз бұл ақпараттардың бәрін қорқыту үшін емес, ескерту үшін жинаймыз. Шынын айтсам, кейде мәтінді жазып, оқи отыра, болған жайтты көз алдыма елестетіп, көзіме жас алған сәттер де болады. "112" бағдарламасын жүргізудің стилі де өзгеше.
- Эфирдегі Жұлдыз салмақты жан сияқты. Өмірдегі Жұлдыз қандай?
- Өмірде де салмақтымын. Себебі, камераны алдай алмайсың. Одан ешнәрсені жасыру мүмкін емес. Тіпті, сенің көңілсіз күйіңді де көрсетіп қояды. Жалпы, ашықпын; кез-келген адаммен тіл табыса аламын. Сабырлылықты ұнатамын.
- "Туған топырақ - болмысыңның айнасы" дегенді парсылар жиі айтады. Туған топырағыңызға жиі ат басын бұрасыз ба?
- Жиі деп айта алмаймын. Бірақ, уақыт болған кезде барып тұрамын.
- Француз кино сыншылары: "Айташылық - айна секілді бүкіл эфирге жауапкершілік", - дейді екен. Осы сөзге алып-қосарыңыз бар ма?
- Келісемін. Тікелей эфир – өте үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сен халықтың көз алдындағы адамсың. Әрбір оқыған мәтініңе, әрбір сөзге шатаспай мұқият болған абзал және әріптестеріңнің еңбегін ақтау. Олардың күні бойы дайындап жасаған материалдарын көрерменге нақты әрі әсерлі жеткізе білу. Өйткені, бұл ұжымдық жұмыс қой.
- Адам ретінде, журналист ретінде сізді көп ойландыратын мəселе, яки мəселелер қайсы?
- Шешілмейтін мәселе болмайды. Онымен күресу қажет. Сондықтан қандай мәселе болмасын, оған тек уақыт керек. Бастысы еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
- Адамның бəрі - шешілмеген жұмбақ. Жалпақ жұрт білмейтін ерек қырларыңыз бар ма?
- Біреудің ала жібін аттаудан аулақпын. Көреалмаушылық деген жоқ. Адамдарға көбірек жақсылық жасау керек. Сонда ғана жақсы нәрселерге қол жеткізесің. Шынайлылықты, мәдениеттілікті, қарапайымдылықты ұнатамын. Әрқашан өмірдің жақсы жақтарын көруге талпынамын. Айналаға жақсы ниет, жағымды ой, жылы жүрекпен қараймын. Бүлдіршін кезімнен бимен айналысамын.
- "Эфир" атты аламан бəйгеде кімдерді бағалайсыз?
- Бала кезімде Айгүл Мүкей, Ләззат Танысбай мен Арман Сейітмамыт ағамызды "Хабар" арнасының жаңалықтарынан көріп отырып, қатты қызығатынмын. Сол кезден бастап диктор болуды армандай бастадым.
- Сұхбат басында Астанаға қоныс аударғаныңызды айттыңыз. Алматыға деген сағыныш көкейіңізді əлі күн тербейтін болар. Өзіңіз өмір кешіп жүрген Астананы бір ауыз сөзбен суреттесеңіз.
- Иә, қоныс аудардым. Біріншіден, Астананың ауасы ұнайды. Өте таза. Мұнда осыдан сегіз жыл бұрын тұрғанмын. Отбасылық жағдайға байланысты Алматыға қайтуға тура келді. Бірақ 2017 жылы елордаға қайта оралдым. Астанамыз жылдан жылға көркейіп, дамып келе жатыр. Маған екі қала бірдей. Екеуін де жақсы көремін. Тек, Астананың қысы өте суық болмаса... дегенмен, барлығы жақсы.
- Бүгінгі сұхбатты қорытар сауал: сіз үшін "эфирдегі риясыз бейне" деген не?
- Эфирде өзіңнің шынайы болмысыңды, бейненді ашық көрсете білу. Камераны алдай алмайсың, ол сенің қандай адам екеніңді бірден байқатады. – Әңгімеңізге көп рахмет!
"Жалын" дирекциясы