«Балам, мәселемді шешіп берші...» Бізге хабарласып, арызданатын кісілердің айтар сөзі көп жағдайда осылай аяқталады. Не айтарыңды білмей қаласың кей кезде. Өйткені, әртүрлі мәселені, көпке беймәлім жайттарды естисің. Естисің де шынымен көмектескің келеді. Бірақ қалай?
    Осы сұрақ әр журналисті мазалайтыны анық.Мәселені шешетіндей шенеунік емеспіз. Қолда билік, құзырет жоқ. Бар білеріміз – сол түйткілді біріміз жазып, екіншіміз сюжет арқылы қоғамға жеткізу ғана. Оны көрген қарапайым халық мұқтаж жандар туралы болса аяп немесе көмектесіп жатады. Заңсыздық, әділетсіздік жайында ақпарат болса бірге қынжылып отыратыны рас. Алайда, басты мәселе – жарыққа шыққан ақпараттың негізінде тиісті мемлекеттік мекемелердің қандай шешім шығаруында. Қызу қоғамдық талқыға түсіп жатқан материал болса шенеуніктер жылдамырақ реттеуге тырысады кей жағдайда. Сондай кезде шынымен мамандығың үшін мақтанып қаласың. Ал, елеп-ескермесе мәселесін айтып шағымданған кісілердің алдында өзің ақталасың. «Не болатын болды?», «Шешілетін түрі бар ма?» деген сауалдар санаңнан шықпай қояды. Әрине, ол кісілерге де ренжи алмайсың. Бізді алтын көпір санайтын болар. Бірақ, сол сенімдерін, артқан үміттерін ақтай алмай қалғандай сезінетінімізді көбі білмейді.
    Журналист өз басынан өткен немесе өз басында бар мәселені іштей түйсініп, тұщынып жазады. Өзіне жақын тақырыбы да болады. Мысалы, 31 арнаға келгенде бір байқағаным – «Информбюро» шеттегі қазақтардың мәселесіне баса көңіл бөлетіндігі. Бұл – мен үшін де күрмеуі қиын түйін сияқты көрінетін. Енді, осы арнамен бірге шырмалған сол түйнекті шешуге ат салысып жатқаныма қуаныштымын. 
    Министр мен депутаттың жанында жүргенге солармен еркін амандасып, етене араласады деп ойлайтындар да бар. Өзімнің бір жақын туысым: «Осы министрлер туған күн, анау-мынау той-томалақтарына сендерді шақыра ма?» деп сұрағанда әбден күлгем. Олардың бізді сұраққа жауап бергеннен кейін ұмытып қалатынын қайдан білсін. 
    Қорыта айтсам, журналист деген – халық атты біртұтас тұлғаның жан күйзелісін тыңдайтын психолог іспетті. Әрбір азаматтың айтқан арызы мен жеткізген мұңын – тілші жүрегінен өткізіп, жадында мәңгі сақтап қалады. Ресми орган өкілдері баяндама оқып жатқанда айтылған мәліметтерді өзінің көзімен көрген жайттармен салыстырып, саралап отырады. Ол бірақ шенеунік емес.