гуманитарлық ғылымдар магистрі,

Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының экс-дикторы

 

  - Эфир көшінде өз орныңды табу үшін қандай қарекет етпек керек?

  - Қайырлы күн, Мейірхан! Негізі «тележүргізуші боламын» деп алдына мақсат қойған адам эфир көшінде ғана емес, өмір көшінде өз орнын таба білуі қажет деп ойлаймын. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген емес пе?!

Ал жекелей алғанда, эфир көшіне ілесу мен онда өз орныңды табу үлкен қарекетті қажет етеді. Себебі камера мен көрермен алдындағы жауапкершілікті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрбір сөзді көгілдір экранның арғы жағындағы мыңдаған адамның жүрегіне жететіндей етіп айту қиынның қиыны. Қазіргі тележүргізушіге дұрыс қойылған дикция, келісті келбет сияқты талаптар жеткіліксіз, одан бөлек ол қоғамның әр саласынан сауаты бар, сөйлеу және өзін-өзі ұстау мәдениетін білетін, әрбір сөзді жете түйсіну қабілетіне ие болуы маңызды. Бүгінгі таңда бірқатар жастар журналистиканы оқып алып немесе кастингтен өтіп кетіп тез арада «экран жұлдызы» болып шықсам деп ойлайды. Бірақ олардың дені жоғарыда айтылған жауапкершілікті жіті түсіне бермейді.

Менің «Дидар»-ға диктор болып келуімнің өзі мен үшін күтпеген жағдай болғанын айта кеткен жөн. Алайда алғаш келген күннен бастап өз-өзімді жетілдіру жағына көп көңіл бөлдім. Студенттік өмір мен алғашқы жауапты қызмет – екеуін қатар алып жүру бастапқыда қиынға соқты, сол үшін өзімді біраз қамшыладым да. Өйткені, оқуым жұмысыма, жұмысым оқуыма зияны тимейтіндей жолды ұстану керек болды. Өзімнің пайымдауымша, нәтижесі де жаман емес секілді.

 

 - Қарағанды жұртшылығына жаңалықтар жүргізушісі ретінде жақсы танылдыңыз. Соңғы уақытта эфирден көрінбейсіз. Қайда жүрсіз?

 

 - Рақмет. Иә, Жезқазғандағы «Дидар» телеарнасынан кейінгі қызмет жолымды облыс орталығындағы «Бірінші Қарағанды» телеарнасында жалғастырғаным рас. «Дидар» - адам болып, маман болып қалыптасуыма даңғыл жол салып берген қара шаңырағым. Ал «Бірінші Қарағанды» - тележүргізушілік шеберлігімді шыңдаған, алдымнан жаңа мүмкіндіктер ашқан орта болды.

Негізі айналамдағы адамдардың басым бөлігі менің мамандығым журналист деп ойлайтынын аңғардым. Асылында, бітірген оқуым қазақ тілі

мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы. Мамандығымды мақтаныш тұтатындықтан, Қарағандыда екі жыл жүріп ғылыми дәреже алғаннан кейін телевизиядан уақытша қол үзіп, мамандық бойынша қызмет етіп көруді жөн көрдім. Оның өзіне жүз ойланып, мың толғанғанымды мойындаймын. Қазір альма-матерім – Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде «Рухани жаңғыру» орталығына жетекшілік етемін және өзім білім алған кафедрамда сабақ беремін. Соңғы уақытта эфирден көрінбей кетуімнің сыры осы.

 

 - Эфирді сағындыңыз ба?

 - Шынымды айтсам, сағындым! (үлкен тебіреніспен айтамын). Түбінде осы сағыныш сезімі мені телевизияға қайта әкелетін сияқты. Бәрі де уақыттың еншісінде.

 - Аға, эфирге ынтық шəкірттеріңіз бар ма? Оларға ең жиі айтатын кеңесіңіз қандай?

 - Эфирге шәкірт тәрбиелейтіндей дәрежеге жеткенім жоқ. Өйткені менің әлі бұл салада білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз. Ал телевизияға, оның ішінде тележүргізушілікке қызығатын жастар көп. Олардың ішінде дикторға қойылатын талапқа сай келетіні де, сай келмейтіні де бар. Міне, мәселе осында. Адам әуелі өзін анықтап алуы керек. Себебі түрі келісті адамның дауысы эфирге келіңкіремеуі мүмкін, ал кейде керісінше...

«Тележүргізуші болу үшін не істеу керек?» деп сұрайтын жастарға менің айтарым: әуелі «Тележүргізушіге қойылатын талап қандай? Сол талаптар менің бойымнан табыла ма?» деп өзіңе сұрақ қой. Егер табылса өз мәдениетің мен сөз мәдениетіңе көп көңіл бөл. Телевизияға бет бұрған жастарға жиі айтатын кеңесім осы.

 

 - «Абыройлы азамат - өзін үздіксіз дамыта білген тұлға». Бұл - Толстойдың үзік ойы. Осы ойды қалай жалғар едіңіз?

 - Мен бұл ойды өзін «Толстойдың шәкіртімін» деп бағалаған Шәкәрім Құдайбердіұлының мына сөзімен сабақтайын:

«Біреудің мінін тергенше,

Жамандығын көргенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап

Өзіңмен күрес өлгенше». Шіркін, қалай ғана дөп айтылған, иә?! Шынымен де, адам баласы өз бойындағы кемшіліктерімен күресіп, өзін дамытуға күш салса тұлға болып қалыптасатынына еш күмән жоқ. Күресу мен даму қатар жүргенде ғана белгілі бір нәтижеге жетеріміз анық.