Қызылорда облысында 177 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың біррқатары мақсатты пайдаланылмаған болса, қалғанында тиісті заңнаманың бұзылғаны анықталып, тіркелген.

Облыс көлемінде былтыр мақсатты пайдаланылмаған немесе оған қатысты заңнаманы бұзылуы тіркелген 177 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың жалпы аумағы 225,4 мың гектар.

Оның ішінде егістігі 1,4 мың гектарды шамаласа, жайылымы – 223,9 мың гектар. «Былтыр ауыл шаруашылығы айналымына 76,1 мың гектар енгізілді. Биыл 70 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару көзделіп отыр.

Жыл басынан бері көлемі 11 237 гектар 23 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Ауыл шаруашылығы айналымына 36,9 мың га көлемде енгізілді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.

Ведомство мәліметінше, облыс бойынша өзіндік қосалқы шаруашылықтардағы 1538 мың бас шартты мал басына 1966,5 мың гектар жайылым алқабы қажет. Өңірдегі 146 ауылдық округтің 97 округі жайылыммен толық қамтамасыз етілген.

Дереккөз: Kazinform.kz