Фариза Амангелдіқызы

Ауылға келген соң ертеңіне екеуі ең алғаш танысқан жерде кездесті. Көл жағасында аяғын суға салып Ақтоты отыр. Жасұлан жанында көк шөпке жайғасқан. Ол Ақтотының самал желден әлсін-әлсін желбіреп тұрған шашының әр талын теріп отыр.
- Қойшы, Жасик. Біреу көріп қойса ұят емес пе? Ауылда өсекке қалғым келмейді.
- Ешкімнің бізде шаруасы болмасын. Біз ересек адамдармыз. Жас емеспіз дұрыс па? Арамызда сезім бар. Махаббат бар.
- Әрине. Сонда да ауылды білесің ғой.
- Жарайды,- деп күлімсіреген Жасұлан сүйіктісінің бетінен сүйіп алды.
- Жасұлан? Мен не айтып отырмын, сен не істеп отырсың? - деп бұртиды қыз.
- Жарайды, жарайды, қойдым. Кеттік менің достарым келе жатыр. Бірге шомыламыз.
- Жоқ, менің кетуім керек. Қазір жездем келіп қалады.
- Айтпақшы, ол саған тиісіп жүрген жоқ па?
- Жоқ...
  Екеуі ауылға беттеді. Үйіне жақындаған сайын Ақтотының жүрегі дүрсілдеп, қорқа басып келеді. Бір жағы Жасұланнан ұялып та келеді.
- Сен қайта берсеңші.
- Неге?
  Осы кезде үйден айқай-шу шықты. Жүгіре басып үйге кірген Ақтоты дереу әпкесін іздеді. Өз бөлмесіне кіріп есікті іліп алған Талғат әйелін аяусыз ұрып жатыр екен. Ақтотының соңынан келген Жасұлан баяғыдан білетін бұл отбасының жанжалына алғаш рет араласқалы тұр.
- Есікті ашыңыз жезде, - деген Ақтоты есіктің тұтқасына жармасты.
- Ооо кім келген үйімізге? Кеше кеш келіп көрмей қалыппын. Өзің қалаға барып әдемі боп кетіпсің ғой,- деп есікті аша сала алдында тұрған балдызының шашынан сипады.
- Тарт қолыңды!- деген Жасұлан Талғаттың қолын қағып жіберді.
- Сенің шаруаң болмасын, шық менің үйімнен!
- Ұялмайсың ба Талғат? Не жүріс мынау? Әлің тек әйелге жете ме?
- Сен күшік маған ақыл айтайын дедің бе? Шық дедім мен саған үйден?
- Кеттік Ақтоты. Бұл қазір мас, не айтып не қойғанын білмейді.
- Сен бара бер. Мен әпкемнің жанында боламын.
- Бірақ Талғат саған да тиседі ғой.
- Жоқ. Ол қазір ұйықтайды уже. Кете бер.
  Жасұлан үйіне келе жатып тек бір ғана ойды ойлады. Үйлену керек. Солай ғана Ақтотыны мына тозақтан құтқарады.
 Үйіне келген Жасұлан мазасыз күй кешіп бөлмесіне кіріп кетті. Әдеттегідей анасы бұлқан-талқан болып бір нәрсеге көңілі толмай күйеуінің жер-жебіріне жетіп отыр екен. Ал күйеуі бұған еті үйреніп кеткен. Тыңдап та отырған жоқ, кітапқа шұқшиып басын көтерер емес. Жасұланның түрін көріп анасы артынан бөлмесіне кірді.
- Балам, бір жерің ауырады ма? Көңілсізсің ғой.
- Жоқ бәрі дұрыс.
- Неге мазаң жоқ?
- Ештеңе дедім ғой мам.
- Жарайды, ендеше біраз дем ал,- деп баласының мінезін білетін ол үнсіз есікке беттеді.
- Мам, мен үйленемін.
  Жалт бұрылған анасы күлімсіреп баласының жанына жетіп келді.
- Не дейсің? Кімге? Менімен таныстырмадың ғой. Қаланың қызы ма? Әдемі ме? Бүгін келем десең де дайынмын балам,- деп Жасұланды сөйлетпей үстін-үстін сұрақ қойып жатыр.
- Мама, сізден жасыратыным жоқ. Ол Талғаттың балдызы. Бірге оқимыз.
- Қай Талғат? Ол кім еді? Танимыз ба?
- Ия арғы көшедегі Талғат.
- Тоқта, әлгі алқашты айтасың ба?,- деп орнынан атып тұрды.
- Сенің есің дұрыс па?
- Есім дұрыс. Біз Ақтоты екеуміз бір-бірімізді жақсы көреміз.
- Оттапсың ! Міне әперем саған ол қызды,- деп анасы екі саусағының арасынан бас бармағын шығарды.
- Мен сізден рұқсат сұрап отырған жоқпын. Мен тек ескертіп жатырмын.
- Сені қазір әкеңе айтып мойныңды үздіремін.
- Әкем мені жақтайды.
- Өшір үніңді,- деп бұлқан-талқан болып анасы шығып кетті. Жасұлан теріс бұрылып жатты да қойды. Бірер сағат өткен соң анасы кешкі асқа шақырып бөлмесіне кірді де, жаңағы тақырыпты талқылаймыз деп шығып кетті.
Дастархан басына жайғасқан соң бәрі үнсіз тамақтарын ішті.
- Ал, айт. Ол қандай қыз. Ата-анасы қайда тұрады? Жалғыз келінім болған соң қайтып алып келемін? Жездесі алқаш екен деп баламның болашағына балта шаппаймын. Келістім,- деді бұртиып.
- Анаңды көндіру оңай болған жоқ,- деп күлді әкесі.
- Бірақ тағы бір мәселе бар. Ол осында әпкесінің яғни, Талғаттың үйінде тұрады. Ата-анасы екі жыл бұрын көлік апатынан қайтыс болған. Содан бері осында тұрады.
- Сен... Сен не деп отырғаныңды білесің бе өзі? Енді жетпегені осы еді. Қайдағы бір жетімді келін ете алмайды екенмін. Ертең дүркіретіп той жасағанда құда болып жанымызда анау алқаш тұрады ма? Өліп кетсем де келіспеймін. Ешқашан. Одан да өлгенім артық,- деп ойбайлап үйді басына көтерді. Әкесі басу айтқанымен оны тыңдайтын анасы жоқ. Жасұлан:
- Мен Ақтотыға үйленемін, айттым бітті !- деді де ашуланып шығып кетті.
- Армандама, ешқашан үйленбейсің !- деп артынан айқайлап жатқан анасын тыңдаған да жоқ.
  Ертеңіне таңертең тағы да ұрыс-жанжал басталды. Үйленемін деп тұрып алған Жасұлан әпкелеріне хабарласып, келуін өтінді. Келуін келгенімен олар анасына қарсы шыға алмайды. Өздері табиғатынан жуас, тұрмыс құрған соң тіпті басылып кеткен. Анасына бір ауыз сөз айта алмады. Ақыры Жасұлан анасын көндіре алмасын білді де, бір жетіден соң Ақтотыны алып қалаға кетіп қалды.
Жездесінің күнде ішіп келіп тиісіп жүргенінен қорқып жүрген Ақтоты әпкесінің рұқсатымен қалаға кетті. Бірақ, әпкесі Жасұланмен бірге кеткенін білмеді.
Қалада оқу басталғанда жұмыс жасаймын деген соң :
- Өзіңе абай бол  !- деп шығарып салды. Автобус бекетінде кездескен екеуі ешкімге ештеңе деместен қалаға жүріп кетті.
  Ұлының қалаға кеткенін білген анасы дереу Талғаттың үйіне келе жатыр. Әй-шәй жоқ кіріп келген ол Ақтотының әпкесіне бас салды:
- Қайда әлгі сұмырай? Менің баламның басын айналдырып алып кетті ме? Тәрбиесіздер. Әке-шеше болмаған соң қайдан тәрбие болсын? Жетімек неме ! Сіңліңді менің балама беріп жетісе қалам деп ойладың ба?
- Тоқта! Жетер енді. Әркім келіп басынатын адамдарың мен емес! Содан соң, әке-шешеме де, сіңліме де тіл тигізбе! Тәрбиемізде жұмысың болмасын!- деген әпкесі өзі қазір ғана Талғаттан таяқ жеп ызаланып отырғандықтан, одан әрі күйініп кетіп алғаш рет адам баласына сөз қайтарды. Мына дүниеге лағынет айтқан оның көздері ызадан қызарып кеткен еді. Сескеніп қалған Айғаным(Жасұланың анасы) үн-түнсіз үйден шығып кетті. Ақдидар (Ақтотының әпкесі) қамқоршысы жоқ, панасыз құс секілді бір бұрышта бүрісіп отырып ұзақ жылады.
 Қалаға келген соң олар екі бөлек жайғасты. Ақтоты қалада жұмыс жасап жатқан құрбыларының жанына, ал Жасұлан бөлек пәтер жалдап тұрып жатты. Екеуі де жұмыс тапты. Қыркүйекке дейін осылай бөлек тұрып жұмыс жасады. Жұмыстан бос уақытта бірге қыдырады. Болашақтарына жоспар құрады. Ақтоты осы тақырыпқа келгенде кібіртіктеп ештеңе айта алмайды. Бар айтатыны :
- Жасик, ата-анаңсыз ештеңе жасай алмаймыз. Олардың рұқсаты керек. Оның үстіне сен жалғыз ұлсың. Қара шаңырақта тұруың керек. Яғни... ауылда болуымыз керек.
- Жоқ, ауылға ешқашан бармаймын. Білесің ғой олар көнбейді.
  Осылай тақырып аяқсыз қалады. Жаз аяқталуға жақын қалды. Ақтоты екінші, ал Жасұлан үшінші курсқа көшті. Оқуға дайындалып, керек-жарақтарын алуға базарға келді. Екеуі де конц.товар алып алдымен Ақтотыны жолай қалдырып Жасұлан пәтеріне келді. Досы жұмыста. Есік алдында біреудің тұрғанын байқады. Анасы. Жасұлан өзін кербез ұстап, аяғын еркін басып жанына келді.
- Қалайсыз мам?- деді күнде көріп жүргендей.
- Осы жерде тұрасың ба? - деді анасы сәлемін қабыл алмай тұрып. Екеуі үйге кірді. Үстелге отырып, бір стакан су сұрады.
- Жалғыз тұрасың ба?
- Жоқ, және бір жігіт бар.
- Шынымен жігіт пе?- деді анасы сеніңкіремей.
- Ақтоты деп ойладыңыз ба? Ол сіз ойлағандай тәрбиесіз емес. Бөлек тұрады. Екеуміз де жұмыс жасап ақша жинап жүрміз,- деді мысқылмен.
- Балам, осылай үй бетін көрмей жүре бермекпісің? Әкеңнің жалғыз арқасүйері өзіңсің. Бір шүйкебас деп бізден бас тартпайтын шығарсың. Оның үстіне  оқуың бар. Аяқтап жұмысқа тұрып ал, сосын бір мәнісі болар.
- Олай алдаусыратпай-ақ қойыңыз. Білем, оқуымды аяқтауым керек. Ақтоты оқуын  бітірген соң үйленеміз.
- Сендер туралы ауылда өсек қаптап жатыр. Бірге тұрады екен... Әлгі қыздың...
- Әлгі қыздың аяғы ауыр екен деп жүр ме?- деді кекете күліп. - Менің Ақтотым сияқты болып алсын олар. Некеміз қиылмайынша Ақтотыны тіпті өзіме қимаймын, түсінесіз бе? Оның ары- менің намысым. Ертең-ақ ауылға барып, керек болса әр үйдің есігін қағып айтып шығамын,- деді ашуланып.
  Анасы мен баласы көп сөйлесе алмады. Ауылға қайтуға ыңғайланған анасына қал демеді. Шығып бара жатқанда:
- Мені қалай таптыңыз? -деп сұрады.
- Әпкеңнен алдым мекен-жайыңды,- деді бұрылып.
  Жасұлан екінші әпкесімен сөйлесіп тұратын. Жездесі қалаға көкөніс таситын. Әпкесі бір-екі рет келген де еді.
- Жарайды... деп үнсіз тұрды да, шығарып салмақшы болып анасымен бірге шықты.
Амалсыз салы суға кеткен анасы үн-түнсіз ауылға қайтты. Автобус бекетіне дейін келген Жасұлан анасын шығарып салды. Анасы ауылға жеткенше көз іле алмады. Баласынан айырылып қалардай болған соң амалсыз көнді. Бірақ ой баласына айтпады. Мүмкін аралары үзілер деген үміті де жоқ емес. Ал егер бір беткейлікпен тұрып алса, көреміз де, амал нешік деп ойлады. Бірақ, іштей Ақтотыны жеп барады. Осыдан келін болып үйіме келсе көресіні көрсетемін деп тістеніп те қояды.
  Осылайша Жасұланда да үміт пайда болды. Анасы көнген секілді ме қалай? Алып-ұшып Ақтотыға келді. Жаңалығын қуана айтып жатыр. Сұйіктісінің де жүзіне қан жүгіріп, бал-бұл жанып барады. Іштей өзін келіндік өмірге дайындап та қояды. Қуана соққан екі жүрек өмірдің дайындап қойған ауыр соққыларынан хабары жоқ, өте бақытты еді. Жасұлан оқуын да тәмамдады. Ақтотының арқасында қызыл диплом иегері болды. Жоғары степендиаттықпен оқуын аяқтады. Енді алда жаңа өмір, жаңа белес күтуде. Жұмысқа тұрып, үй болып Ақтотымен бақытты күн кешем деген арманына бір қадам қалды. Ол сүйіктісінің оқуының аяқталуы. Бірақ оған тағаты жетер емес. Тіпті, қазір үйленсем де болады ғой. Бір жыл оқуы аяқталғанша қалада болып, сосын ауылға бірге қайтады. Ұсынысын Ақтотыға айтып көріп еді, ол бірден ат-тонын ала қашты:
- Менің оқуым аяқталсын да Жасұлан.
- Онда тұрған не бар? Қалада бірге тұрып оқи бересің. Мен жұмыс жасаймын. Диплом алған соң ауылға қайтамыз ғой.
- Саған айтуға оңай. Бізде бір қыз оқуын аяқтамай тұрып тұрмысқа шығып енді отыр, үйінде бала бағып. Бір жыл кейінге шегерді оқуын. Қанша қалада болғанымызбен ойланшы, мен диплом алатын уақытта осылай отырсам не болады?
 
Жалғасы бар...