Фариза Амангелдіқызы
Автобусқа билет алып, сөмкелерін жайғастырып сыртқа шықты. Автовокзалға анасы мен әкесі де келген. Ұлдарын шығарып салмақшы.
Әкесі анасы сияқты емес, балаларына өте көп көңіл бөледі. Қайта-қайта затынтүгендеп, қажет нәрсесі бар ма екен деп сұрап әуре болуда. Ал, анасы ондай емес. Баласының бетінен сүйді де жолың болсын деді. Жасұлан қоштасып, автобусқа жайғасты.
Екі адамдық қатарда Жасұлан бір өзі отырды. Іштей қуанып та қояды, қалаға дейін еркін ұйықтайтын болдым деп. Автобус енді жүргелі жатқанда Жасұлан терезеден асыға басып жүгіріп келе жатқан екі әйел кісіні көрді. Біреуі жас қыз сияқты. Біреуінің басында орамалы бар. Аяғын сылтып басатын сияқты. Айқайлап атобусты тоқтатқан олар ентелей кірді.
- Кешіріңіздер, сәл болмағанда сіңлім оқудан қалып қоярдай болды ғой. Бағана билет алып кетіп едік. Ағай, менің сіңліме қарайлап барасыз ғой, жарайды ма? Алла разы болсын сізге. Құрбым күтіп алады қаладан. Рақмет, - деп кішкентай бір сөмкені жас қызға ұстатты да, жыламсырап қайта-қайта бетінен сүйіп қоштасып, түсіп қалды. Жасұлан өз көзіне өзі сенер емес. Мынау Ақтоты ғой. Көзін алмай қарап қалды.
Мөлдіреген көздерінен аққан жасы иегінен жерге құлап, Ақтоты есік жабылғанша әпкесіне қарап тұрды да, есік жабылып автобус қозғалғанда қолын бұлғап тұрып қалды. Бетін қолымен сүртті де, билетіне қарап, өз орнын іздей бастады. Дәл Жасұланның жанына келіп тоқтады. Сөмкесін орналастырып өзі отыра кетті. Көздерін терезеден алар емес. Ойының бәрі әпкесінде. Әпкесі автобус соңынан әле қарап тұр екен.
- Ақтоты!- деген дауыс оның ойын бөліп жіберді. Жалт бұрылып қарады да, үнсіз көзін тайдырып әкетті. "Жасұлан" деді іштей. Ал Жасұлан болса іштей құдайына рақмет айтып, қуанып әңгімені неден бастарын білмеді.
- Мені таныдың ба, Ақтоты?
- Жоқ,- деді өтірік. Іштей өтірігімді біліп қоймаса екен деп қысылып, екі беті қызарып кетті.
- Мен Жасұланмын ғой. Жаз басталған сәтте, көлде танысып едік қой. Есіңде ме?
- Иә, есіме түсті деді,- жерден көзін алмай.
Екеуі де іштей қуанышты.
Ақтоты жалғыз өзі алғаш рет жыраққа шықты. Дәл осы уақытқа дейін ол қорқынышпен жүрген болатын. Үлкен қала. Бейтаныс адамдар. Бейтаныс орта. Бейтаныс жер. Бірақ, Жасұланды көргенде бұрыннан таныс адамындай қуанып, өзіне сенімді күйде арман қуып Алматыға аттанды.
Ал, Жасұлан өте қуанышты еді. Тіпті, қобалжып алақаны терлеп, жүрегі кеудесіне сыймай, тыпыршып орнында отыра алмады. Жаз бойы бір тілдесе алмаған ару қыз дәл бүгін жанына келіп жайғасады деп үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. Екеуі де үн-түнсіз ұзақ отырды. Жасұлан құдды бір, тілін жұтып қойған адамша сөйлей алар емес.
Ақтотының бар ойы әпкесінде. Әпкесінің үйіне келмегенде оның өміріне қанық болмас еді. Қазір енді әпкесіне алаңдап отыр. Ендігі өмірі не болады? Жездесінің таяғынан қашан құтылады? Оның ойы Жасұланның жылы алақаны бетіне тигенде бөлініп кетті. Селк етіп шошып кетті. Жасұлан Ақтотының бетіндегі домалап ағып жатқан жасын сүрткен екен. Сонда барып Ақтоты көзінен жас тама әпкесін уайымдап отырғанын сезді. Тамағына өксік тығылып бетін басып жылап жіберді. Жасұлан қалай жұбатарын білмей Ақтотының қолынан қысып ұстап отырды да, іштей өзімен-өзі сөйлесті: "Мен сені бақытты етемін, Ақтоты!"
Өз-өзіне келіп Ақтоты бетін сүртті де жерге қарап отырып бірден әңгімесін бастап кетті.
- Мен ес біле бастағанда әпкем ұзатылып кетті. Үйде әкем мен анам және мен үшеуіміз өмір сүрдік. Әпкем екі жылда бір келіп тұрды. Бірақ, ол бала сүйе алмады.
Соның кесірінен жездем оған қол көтере бастады. Бар кінәні әпкеме аударып, бала тумайсың деп ұрып-соғатын болыпты. Бірақ, оның біреуін де келіп айтқан емес. Мен әпкемнің үйіне келіп білдім бәрін. Әпкемнің үйіне келмес те едім, ата-анам тірі болғанда.
Олар көлік апаты болған кезде қайтыс болды. Бірақ, маған ештеңе болған жоқ. Содан бері көлік қатты айдалғанын көрсем қорқа берем. Ата-анам қайтқан соң әпкем өз үйіне алып келді. Аяғының ақсақтығын да сол кезде байқадым.
Бір аяғын сылтып басады. Себебін сұрасам айтпайды. Көршілерден естідім, жездем арақ ішіп келіп ұйықтап жатқан жерінде қыстық аяқ киімімен қатты тепкен екен. Айта алмаймын, әпкемнің өмірі ит азап. Қанша кетейікші деп жалындым.
Дипломы бар, жұмыс істейміз қалаға барып дедім. Көнбеді,- деп ары қарай сөйлей алмай Ақтоты жылап жіберді. Жасұлан тағы да қолынан ұстап үнсіз отырды.
- Ең болмаса сен қалаға барып білім ал, оқы. Жұмыс жаса. Тұрмысқа шықпа. Есіңді жиып, ақыл тоқтатқанда біреу кезігер. Болмаса мен секілді отырасың қапасқа тығылған құстай болып. Мені уайымдама, менің енді өлгенше көрген күнім осы.
Хабарласып тұр деп бағана оқуға шығарып салды. Кеткеніме қатты қуанды білем. Себебі жездем маған да тыныштық бермейтін. Тестке дайындалып отырсам кітабымды жыртып, жарықты сөндіріп ит қылатын. Әпкем үнсіз көндігетін. Болмаса аяғы таяқ жейтінін жақсы біледі.
Мен сөйлеп қаламын. Соған сөз қайтардың деп бір- екі рет қол да көтерген. Айтпаған сөзі жоқ. Арамтамақсың, жетім, сүмелек деп ылғи түртпектеп отыратын. Енді құтылады ғой арамтамақтан, - деп Ақтоты жерден көзін алмай отыра берді.
- Ақтоты, уайымдама. Қалаға барған соң бәрін ұмытасың.
- Қалай ұмытамын. Мұнда әпкем қалды ғой. Өз көзіммен өмірін көрген соң жаным ашиды қатты. Тек қорлықпен өмір сүріп жатыр.
Жасұлан Ақтотының көңілін басқаға аударғысы келді ме, әңгімені басқа арнаға бұрды:
- Айтпақшы, оқуға грантпен түстің бе?
- Әрине,- деді күлімсіреп. Күлген кезде бетінде құйын секілді екі шұңқыр пайда болады екен. Өзі сондай сүйкімді. Жасұлан Ақтотыдан көзін алмай қарап отырды. Екі беті қызарып Ақтоты төмен қарады.
- Қай универде оқитын болдың?
- Политех.
- Рас па? Мен де сонда оқимын. Мәссаған не деген сәйкестік? Қайда тұрасың? Жатақханаға ма?
- Иә.
- Дым уайымдама. Бізге жақын жерден бөлмеге орналастырамын,- деді де іштей қатты қуанып отырды.
Аздан соң Ақтоты ұйықтап кетті. Ал Жасұлан оның жүзіне қарауын тоқтатар емес. Не деген сұлулық? Ұзын кірпіктер, кішкентай картошка мұрын, шиедей қып-қызыл ерін, томпайған аппақ беті, қою қара шашы иығына төгіліп ұйықтап жатыр.
Автобус Алматыға келіп ат басын тіреді. Таң алакеуімнен қайда барарын білмей сасқалақтаған Ақтоты:
- Тым ерте келдік пе? Әпкемнің құрбысы 9-дар шамасында келемін деп еді.
- Иә, қазір автобустар ерте келетін болған ғой. Қазір сағат жеті болмады . Қаласаң автобуста күтуіңе болады. Есесіне рақаттанып ұйықтайсың,- деді күліп Жасұлан.
- Сен кетесің бе? Аузынан еріксіз шығып кеткен сөздері үшін Ақтоты ұялып қалды.
- Асығыс болсаң оқуыңа бара бер дейін дегенмін, - деді төмен қарап.
- Сені тастап қайда барамын? Әпкеңнің құрбысы келгенше жаныңда боламын. Кейін жатақханаға келерде маған хабарлас. Айтпақшы, телефон нөміріңді алмаппын ғой,- деп Жасұлан телефонын шығарып нөмірін жазуға ыңғайлана бергенде Ақтоты:
- Менде телефон жоқ,- деді.
- Аа, ештеңе жоқ. Онда мен саған нөмірімді беремін. Біреудікімен болса да, хабарласып тауып аласың ғой мені. Қорқыныш жоқ, бір универде оқимыз енді,- деп Ақтотының күлімсіреген жүзіне қарап тұрды да, бетіне пайда болған шұңқыр тесіктерінен шымшып алды.
Өз қылығына ұялып қалған ол, күліп жіберді. Кешірім сұрап, не үшін олай жасағанын өзі де түсінбей қалғанын айтты. Осы бір арман қуып Алматы деген алып шаһарға алып келген соқпақ жол екеуінің арасына жылулық сезім салғандай болды. Күн көрініп, адамдар қыбыр-жыбыр тіршілікке кіріскенше екеуі автобуста әңгімелесіп отырды.
Сағат 9-дан өте бір келіншек келіп Ақтотының атын атап жүргізушіден сұрастырып жатты. Жасұланның құлағы шалып қалып, екеуі тез-тез басып сыртқа шықты. Қоштасып екеуі екі бөлек кетуге ыңғайланып жатыр. Жасұлан нөмірі жазылған бір жапырақ қағазды Ақтотының қолына ұстатты да, өзі де қоғамдық көліктер аялдамасына беттеді.
Бүгін сабақ басталғанына екінші күн. Жасұлан Ақтотыны іздеп таба алмады. Не жатақханадан, не оқу орнынан.
Сонша сағат бір автобуста бірге отырып неге қай мамандыққа оқуға түскенін сұрамағанына ашуланып іштей өзін жазғырумен болды.
Ертеңіне барлық бірінші курс мамандықтарының тізімін алып, іздестіре бастады. О Алла, екеуі де инженер мамандығында. Екеуі де бір жатақханада. Қалай мен көрмей жүрмін деп ойлады. Сабақтың аяқталғанын әрең күткен ол жатақханаға құстай ұшты.
Ия бірінші курс студенттеріне арналған қабатқа орналасыпты. Ақтоты өте ұяң, қылтың-сылтыңы жоқ болғандықтан, көзге түсе бермейді, сол себепті осы уақытқа дейін көрмепті. Түс ауа Ақтотыны ауладан тапқан ол, жанына жүгіріп барды.
- Ақтоты!
Жалт қараған Ақтоты Жасұланды көргенде тап бір туысын көргендей қуанып кетті. Екі бетіне шұңқыр тесік үйіріле кетті.
Сол күннен бері екеуінің жұптары жазылған емес. Жасұланның махаббатына айналғысы келетін не бір қаланың сылқымдары екеуіне қызғана қарайтын.
Тіпті дөрекі біреулері Ақтотыға тиісіп те кететін. Ондай жағдайларды сүйіктісіне мүлде айтпайды. Бір қызығы екеуі де бір-біріне ғашықтық сезімін білдірген емес. Сүйем-күйем деп те айтпайды. Сол автобуста табысқан жүректер үнсіз түсінеді бір-бірін.
Іштей бір-бірінсіз өмір сүре алмайтынын білсе де, бетіне келіп айтқан емес. Бірақ, қол ұстасып бірге жүреді. Сабаққа да бірге барып, бірге келеді. Онсыз да Жасұлан сабақ үлгерімі жақсы студент. Ал, екінші курста ол білімге қатты ден қойды.
Себебі, Ақтоты көп уақытын кітапханада өткізеді. Жасұланды да пайдасыз ойын-сауық орталығына жібермей, кітапханаға сүйреп келеді. Бірге кітап оқиды. Қызықты студенттің шақтарын керемет өткізіп жүріп Ақтоты да бірінші курсты үздік тәмамдады. Жасұланның оқуы біршама бұрын аяқталғанымен былтырғыдай бірден ауылға аттанбады. Ақтотыны күтті. Екеуі ауылға бірге келді.
Сыныптастары Жасұланға таңданып, қалайша Ақтотымен табысқанына түсіне алар емес. Біріншіден, оның кербез мінезін алға тартса, екіншіден анасының екеуіне қарсы болатынын жарыса айтып жатты. Ал қызықтың бәрі ауылға келген соң орын алды.
Жалғасы бар...
⠀