Назерке ата анасының тоғызыншы перзенті. Анасы Айымхан алпысқа жақындаған шағында құрсағын жарып шыққан кенже қызы. Өзінен үлкен алты әпкесі, екі ағасы бар. Кішкентайынан әке-шешесі өмірден озып, үлкен ағасы Қайрат пен Ләззаттың қолында өскен.
 
Әкесінің ізін жалғаған Қайрат пен Қасымханның өздері де көп балалы әке болып отырған жөндері бар. Соған қарамай Назеркені өз балаларынан кем көрмей, ештеңеден тарықтырмай өсіріп бақты. Енді міне мектептегі білімін жетік меңгерген бойжеткен ЖОО на түсуі керек. Алайда ақша мәселесі бәріне де кедергі болып тұрғаны. Өйткені Қайрат пен Қасымхан тұңғыш перзент болғандықтан өздерінің де ұл қыздары студенттік өмірге қадам басқалы тұр. Шағын ғана ауылда тұратын, бір екі қара мал бағып күнін көріп отырған отбасыға екі бірдей студенттің оқу ақысын төлеп, шығынын өтеу мүмкін емес еді.
 
Ағасының жағдайынан хабардар Астана қаласында ата енесінен бөлек тұратын, ұл қыздары кішкентай Айгүл әпкесі Назеркені өз қолына алуға, оқытуға ұсыныс білдірді. Ол кезде Астанадағы «Байтерек» ғимаратының енді ғана қолдануға берілген кезі.
 
Жұрттын бәрі бір көруге ынтық болып тұрған алып шаһарға шақырту алғаны Назеркеге майдай жағып кетті. Қуана қуана келісімін берді. Жездесі Самат жұмыс бабы мен Шымкентке келіп қайтар жолда Назеркені өзі мен бірге алып кетті. Жездесі мен әпкесі екеуі қаланың көрікті жерлерінің бәріне апарып, аралатып, Назерке мәз мейрам болып жүрді. Әпкесі оқуға түсіріп, киіндіріп, жездесі күн сайын жұмысқа барар жолда қымбат көлігі мен оқу орнына жеткізіп салып жүрді. Осы құрметтің бәріне жауап ретінде Назерке де Самат пен Айгүлдің ұл қыздарына қарап, үйдің шаруасының бәрін тындырымды жасап жүрді. Самат негізі Жетысай қаласының тумасы. Әке шеше, туған-туыстың бәрі де сол жақта. 
Жаңа жылғы демалыс қарсаңында, Саматтың ағасы қаза болып Жетысайға жол жүретін болды. Назерке үйде жалғыз қалатын болған соң, ол да ағаларының үйіне баратын болды. Қыс ауасы жол жаман, одан бөлек Самат пен Айгүлдің ұл қызы кішкентай болғандықтан поездбен жолға шықты.
 
Назеркені темір жол вокзалынан түсіріп, қаланың шетінде орналасқан ауылына таксиге міндіріп жібермек болды. Түнгі екілер шамасы, жас қыз жалғыз өзі таксимен баруға қорқып тұрғаны көздеріне жиналған жас тамшыларынан -ақ көрініп тұрды. Бірақ амал жоқ. Ағасының жаназасына асығып тұрған Самат, балдызын орта жастағы ер адамға аманат етіп ақысын төлеп көлікке отырғызып жіберді.
Такси жүргізушісінің телефон номерін жазып алып, Самат пен Айгүл Жетысай қаласына жолға шықты. Назеркенің бойын үрей билеп алған. Ол кезде шағын ауылдарда ұялы телефонның байланысы дұрыс жұмыс істемейтін. Такси жүргізушісінің айнадан қайта-қайта өзіне қарап отырғанын байқаған бойжеткеннің қорқынышы арта түсті. Денесінен мұздай тер шығып, ауызы қурап жүрегі тарсылдап ауызынан атқылап шығып кетердей.
- Қызым, бәрі дұрыс па? Мазаң болмай тұр ма? Су ішесің бе?
- Жо-жоқ, маған ештеңе қажет емес. Бәрі дұрыс.
- Сенен сұрайын дегенім, сенің үйіңе барар төте жол бар. Сол жол мен жүрсек тез жетеміз. Егер сен қарсы болмасаң...
- Мені тезірек үйіме жеткізсеңіз болды.
- Жарайды, онда төте жол мен жүрейік.
Көлік кенет бұрылып басқа жолға түсті. Айдала, айналада бірде- бір үй көрінер емес. Өтіп жатқа көліктер де көрінбейді. Назеркенің қорқынышы үдей түсуде. Денесі түгел қалтырап барады. Өне бойы түгел мұздап тістері бір- бірімен соқтығысып сақырлап жатыр. Кенет жүргізушінің телефоны шырылдады. «Жездем хабарласқан болар» деп, қуанып еңсесін көтеріп жүргізушінің жүзіне үңіле қарады.
Жүргізуші «Иә, басеке» деген кезде жездесінен қоңырау соқпағанын түсініп еңсесі қайта түсіп, көзі жасқа толып қалды. 
«- Бәсеке, неге қоңырау шала бересіз? Айттым ғой айтқаңызды орындаймын. Мен де сол ақша үшін осылай жүрген жоқпын ба? Сіз адамдарды дайындап отыра берсеңізші. Ақша жағын мен шешемін. Қазір барамын. Осы соңғы тапсырысты орындап алайын» деген, жүргізушінің әңгімесін естіген Назерке ақыл есінен айырыла жаздады. Айнадан қарап отырған жүргізушінің көздеріне қарап қара терге түсіп отыр. Бар білген дұға, құран аяттарын оқып күбірлеп отырды.
- Қызым-ау, мына суды ішіп алшы. Азда болса жеңілдеп қаласың.
- Жоқ, маған ештеңе қажет емес.
- Сен менен қорқып отырсың ба? Қорықпа мен адам жемеймін. Сен қатарлы қызым бар.
Назерке жүргізушінің « жеңілдеп қаласың» деген сөзін басқа мағынада түсінді. Мүмкін ұйықтататын дәрі қосылған болар. Немесе басқа бірдеңесі бар деп ойлады. «Күмән иманнан айырады» демекші неше түрлі ойлар санасын жаулап алды. Жүргізушіні қарғап сілеп, қорыққаннан не сөйлеп отырғанын өзі де аңғармады. «Көлігің бұзылып қалсын, сынып қалсын» деп, өзі мініп отырған көліктің бұзылғанын тілеп отырғанын білместе еді. Кенет көлік қатты сілкініп, жағымсыз иіс шығып дарылдап барып тоқтады.
Дереу айналаға көз жүгіртті. Айнала тас түнек қараңғы. Айналада бір де ,бір тіршілік иесі көрінер емес. Жүргізуші көлігін бір айналып шығып дөңгелегінің тесіліп қалғанын айтты. Өмірде мұндай жағдаймен бетпе -бет келмеген тек экраннан көргендері есіне түсіп, жүргізушінің арам пиғылы барын сезіп, жүргізуші дөнгелегін ауыстырып жатқанда алға қарай қаша жөнелді.
 
Жалғасы бар...
 
«Әсерлі әңгімелер» топтамасынан