Атаева Фариза Амангелдіқызы
Айдос баяғы әдетіне қайта басты. Ол ол ма, одан да сорақы тірліктерге көшті. Күнде кешкісін үй іші Айдоссыз тамақтанады.
Бала-шағасы әкесінің бейнесін ұмытып кеткендей сірә. Күнде-күнде осындай жағдай орын ала берді. Енді сезіктеніп, сөйлесем деп отырғанда бір күні аяқ астынан түнде Айдос ешкімге байқатпастан үйден шығып кетті.
Сол кеткеннен үш күн бойы оралмады. Үйдегілердің іздемеген жері жоқ. Адамға бірінші болып арам ой келеді емес пе? Тірі ме екен деген жалғыз үміт анасын үш күн ішінде біраз жылға қартайтып жіберді. Онсыз да жасы жетпей ағарған шашы үш күнде аппақ қудай болды. Әкесінің де тамағынан ас батпай сырт көзге құр сүлдері қалды. Келіншегі бишара көздері жәутеңдеп кім көрінген үйге кіріп келсе "жамандық алып келмесе екен" деп тілейтін болды. Төртінші күні әкесінің телефоны тағы да безектей жөнелді. Бәрі үнсіз тұрып қалды. Дереу телефонды алып үлгерген әкесі:
- Алло! Саламатсыз! Иә мен... деді де үнсіз тұрып қалды.
- Не болды? Тыныштық па? Айтсаңшы?- деген әйеліне қолымен "қоя тұршы" дегендей белгі берді.
- Сол өзім де ұлымды таппай отырмын үш күннен бері. Егер сіз білетін болсаңыз... Жарайды, бірінші ұлымды тауып алайын. Жақсы. Сау болыңыз,- деген Мейіржан түрі бозарып, қолдары дірілдеп столға сүйеніп әрең отырды.
- Айдос... Бұл бала қайда жүр? Уф, жүрегім. Айсұлу, дәрімді әкелші, - деді жүрек тұсын ұстап.
- Қазір, қазір, келін!-деп келінін жұмсап жіберді да мән-жайды сұрады. Айдос жұмыс жасап жүрген фирманың кассасынан тағы да 800мың теңге ұрлап қашып кетіпті. Балаларыңыздың қажеті жоқ, қанша қатесін кешірдім, жұмысқа келмей-ақ қойсын, тек ақшамды әкеліп беріңдер депті. Мейіржан осы оқиғадан соң қан қысымы көтеріліп ауруханадан бір-ақ шықты. Екі көзі бірден көруден қалды. Ал Айсұлу амал жоқ туыстарды жағалап, қарызданып жүріп баласының қарызын жапты.
Ауруханада біраз күн жатып шыққан Мейіржан үйге келген соң да жағдайы оңала қоймады. Бір көзі түгелімен көрмей, екінші көзі ғана аздап көретін болды. Зағип жан қай бір тіршілік жасайды дейсің, жәутеңдеп кім жылы сөйлесе соған иіліп балаша көңілшек болып кетті.
Ал Айдостан үшті-күйлі хабар жоқ. Сол кеткеннен мол кетті. Іздеуге де берді. Өздері де іздеді. Дерегі шықпады. Анасы жүрегімен сезетін, еш жамандық болмағанына. Сонда да, хабар ала алмаған соң уайым шегетін. Бұл кезде келіншегі екінші перзентіне аяғы ауыр еді. Тек осы жұбаныш қана үй ішіне қуаныш сыйлайтын. Әйтеуір Алла бір жағынан қинаса, бір жағынан беріп қояды екен. Келінді адалынан берді. Осыған да шүкір. Қолды-аяққа тұрмай, балаларың өздеріңе бұйырсын деп жүгін жинап кетіп қалса ше? Масқараның көкесі сонда болғалы тұр ғой. Құдай бетін әрі қылсын деп күнде тілеуін тілеп отырады.
Осылайша біраз күн өткен соң ақырындап үйге бөтен адамдар Айдосты іздеп келе бастады. Бәрінің айтатыны бір сөз:
- Айдос қайда? Менен пәлен теңге қарыз еді!-дейді. Әр кісі келген сайын жүзін төмен салып, баласының тірлігі үшін ұялатын отбасы амалсыз жер басып жүрген еді... Сөйтсе фирманың ақшасынан бөлек, Айдос жора-жолдастарынан да қарыз алып, онымен шектелмей жауып тастаймын деп кредит алғызып бәрін құмар ойынға тігіп жіберген екен. Әкесінің сағип жанға айналғанымен қоймай, анасы да күннен-күнге қажып шөгіп бара жатыр. Айсұлу жеңгейді қажытатыны бәрінен бұрын елдің өсегі еді. Көрші-қолаң бетіңе мейірбан күліп, мұңын шертіскенімен, екі аттап теріс бұрылып бетін шымшылап, келесі көршіге барып "үйтіпті-мыс, бүйтіпті-мыс" деп өсек тарқататын. Айсұлу білмейді емес, біледі. Бірақ өз қолын өзі кеседі ме? Қайтсін енді, іштен шыққан шұбар жылан нақ осы көршісі айтқандай болып шықса. Қалай ақтап алады? Үнсіз төзеді...
Арада біраз уақыт өткенде Айдостан хабар да келді-ау әйтеуір. Қалада құрылыста жұмыс жасап жүр екен. Ауылға келуге беті жоқ. Қалай келеді? Иттен бір сүйек қарыз. Келсе ортаға алып бәрі түтіп жемей ме? Сол үшін де, жұмыс жасап жүр екен. Бір сыныптасы көріп қалып сөйлесіпті. Үй ішіні амандығымді жеткізсең болды деген екен, бірақ сыныптасы бүге-шүгесіне дейін айтып мекен-жайын берді. Бірақ, әкесі мекен-жайы керек емес іздемейміз, аман болса болды, қатесін түзеп қарызынан құтылып бір-ақ келер бір күні деді де қойды. Күйеуінің сөзінен аса алмай Айсұлу жеңгей де, қайын атасына тіке қарай алмайтын келін де осымен жым болды. Күндер өтіп жатты... Бірнеше ай да өтті...
Үй іші әдеттегідей жиналып кешкі асқа отыра бергенде Айдостың бір жолдас жігіті үйге кіріп келді. Суыт хабар алып келгені түрінен-ақ белгілі еді.
- Аға Ассалаумағалейкүм! Ас болсын. Сіздерге бір хабар жеткіз деп еді.
- Уалейкүм... Иә жайшылық па балам, екі кештің арасында?
- Жайшылық болғанда, не ғой... Айдосты білесіздер құрылыста істеп жүр еді. Ол тіпті демалыссыз бірнеше ай істеді.
- Оны білеміз. Істесе өзі үшін істеп жүр. Біз оны қинап ақша тап дегеміз жоқ.
- Иә, дұрыс қой. Бірақ, Айдос қазір ауруханада. Құрылыста этаждан құлап кетіпті... Сіздерді дәрігер шақыртып жатыр...
Ас үйден қонаққа тамақ құйып әкеле жатқан келіннің кесесі жерге түсіп кетті. Сілейіп тұрып қалды. Сөйлейін десе тілі күрмеліп икемге келер емес. Тек бір ғана сөз шықты аузынан:
- Тірі ме?
- Иә тірі. Бірақ халі нашар дейді... деді басы салбырап.
- О қу құдай. Енді осыны көрсеттің бе бізге, балам-ау... Құлыным... деп зар илеген ана жылап жүріп жолға дайындалды.
- Мен де барамын!- деген келінді бір сөзбен ғана тоқтатқан қайын атасы тез-тез жиналып ертеңді күтпей кеш те болса таксилетіп шығып кетті. Алладан амандығын тілеп, үйде келіншегі баласымен және кіші қайын-қайынсіңлілерімен қала берді.
Алматыға таң ата кіріп келген Мейіржан аға мен Айсұлу жеңгей ешқайда бұрылмастан ауруханаға тартты. Бұлар келгенде ота да басталғалы жатыр екен. 8 сағат...
Ота өте ауыр өтті. 8 сағат өмір мен өлім арасында жанталасқан ұлының халін көрген ата-ана барлық қатесін бір-ақ мезетте кешіріп жіберді. Міне, ата-ана деген осындай. Бауыр еті баласын өлімге қимай, қандай болса да кешіріп, жанынан табылды. Ота аяқталып, Айдосты жансақтау бөлімінен шығарды. Уф деп терең дем алған ата-анасын дәрігер кабинетіне ертіп әкетті.
- Ұлдарыңыздың жағдайы біршама жақсарды. Қорқыныш артта қалды. Бірақ, мынаны ескеріңіздер, оның омыртқа мен аяғына зақым келген. Жүріп кетуіне мүмкіндік аз. Отадан оянған күннің өзінде арбада отырады.
- Бірақ жүруі де мүмкін ғой иә?
- Мүмкін, бірақ дәл кесіп айту қиын. Ұзақ уақыт керек.
- Мейлі, бастысы аман қалса болды. Күтеміз, Алладан үмітімізді үзбейміз,- деген әке-шеше кабинеттен көңілсіз шықты.
Айдос палатада жатқанда құрылыста істейтін жолдас жігіт жағдайын сұрап келген еді. Сол барлығын баяндап берді.
- Айдоспен құрылыста таныстым. Алғаш клгенде өте көңілсіз жүретін. Бригадирден қосымша жұмыс сұрайтын. Мен неғыласың өзіңді қинап, осы жұмыстың да ақшасы жақсы ғой десем, ештеңе айтпайтын. Біраз уақыт екі жұмыс жасап жүрді. Соңғы күндері тіпті көп ойланатын болып кетті. Себебін сұрасам тек "Өткеніме өкінемін" дегеннен басқа ештеңе жарытып айтпады. Осылай күнде жұмыста ойланып жүретін. Бір күні біраз демалайық деп темекі шегіп отырғанбыз. Айдос бізден бөлініп терезе жақтауына сүйеніп отырған. Әдеттегідей ой үстінде отыр екен. Бір мезетте қатты айқайлаған дауыс шықты. Жалт бұрылып қарасақ үстіне бетон түсіп кетіп, сонымен бірге этаждан құлап бара жатты. Барлығы көзді ашып жұмғанша орын алды. Дереу жедел жәрдем шақырдық. Сосын сіздерге хабар жібердік. Жағдай осы...- деген досы үнсіз жер шұқып отырып қалды.
Айдос аз күнде ауруханадан шықты. Бірақ, арбаға таңылған күйде. Ата-анасы оны дереу ауылға алып кетті. Қазір үйде тек төсекте жатады. Көңілі қаласа бірауық сыртқа шығып қайтады. Оның өзінде бір адам керек. Өздігінен арбасына отыра алмайды. Баяғыдай зіңгіттей жігіт емес, құр сүлдері қалған. Күлімдеп тұратын көздері шүңірейіп ішіне кіріп кеткен. Жағы сопайып беті де азып кеткен.
Сол күннен бері Айдостың халі белгілі, жұмысқа жарамайды.Мейіржан ағаның да бір көзі көрмейді, екінші көзімен саңылау ғана көріп, жүріп-тұрады. Оның үстіне қан қысымы қалыпты емес. Кез келген уақытта көтеріліп кете береді. Жұмысқа жарамсыз болып қалған.
Миллиондаған кредиттер мен қарыздар жан-жақтан қысып жатыр. Айсұлу жеңгей ғана күні-түні тынбай еңбектеніп, үйдегі бала-шағаны да бағып жатыр. Жұмысқа шығайын десе келінінің де айы-күні жетіп отыр. Оқуын жалғастырған Ердос амалсыз тағы да академический алып Россияға жұмысқа кетті. Қайтсін енді, үйдің бітпейтін қарызын кім жабады? Жалғыз анасы қай жағына болысады?
Үй ішіне көрік кіргізім отырған келіні болса, ешқашан бұл үйден кетпейтінін айтып, Айдостың үлкен-кіші дәретіне дейін өзі тазалап, үйдің тірлігіне де үлгеріп жүр. Жақында екінші баласын өмірге әкеледі. Күйеуінің көңілі құлазыса көңілін аулап, әңгімелесіп шүйіркелесіп қалады. Қайын атасының да жағдайын жасап отыр. Сондықтан да бүкіл ауылға сыйлы, көрші-қолаңның аузынан түспейтін жақсы келін атанып кетті. Енесі күн ұзаққа Жетісай базарында көкөніс сатады. Екі қызы тұрмыста. Екінші ұлы Россияда. Кішкентайы мектепте. Үйде жүгіріп жүрген немересі бар. Әйтеуір осылардың несібесіне Алла беріп жатыр. Соған да шүкір.
Ал Айдостың жағдайы бір қалыпты. Төсекте. Омыртқасы мен аяқ сүйектері түгел майдаланған. 10% ғана жүріп кетуге үміт бар. Ал, інісі Ердос ағамды қалай да аяққа тұрғызамын деп Россияға жұмысқа кеткен.
Бұл күнде Айдос тек "ӨКІНЕМІН" дегеннен басқа ештеңе деп тіс жармайды...
Соңы...