Атаева Фариза Амангелдіқызы
Айдос фирмаға кіргелі өзгере бастады. Қолынан миллиондаған ақшалар өтеді. Күнделікті кешкісін кассаны тапсырады. Бір күндері ұмытып кетіппін деген сылтаумен екі үш күнге кассаны тапсырмай жүре беретін әдет шығарды.
Үйге үнемі кеш келеді. Тіпті, кей күндері келмей қалады. Уайымдап қоңырау соққан үй ішіне "жұмыс көбейіп кетті, басқа қалаға кетіп барамыз" деген сияқты неше түрлі сылтаулар айтатын болды. Осылай күндер өте берді. Бір күні әкесінің досы үйге келді. Шәй - тамақ ішілген соң, сыртқа шығып әңгімелесті. Сол кезде баласы жайлы әңгіменің бір ұшы шықты.
- Мейіржан, мен негізі сенімен Айдос жайлы сөйлесуге келдім.
- Не болды, тыныштық па? Біздің бала көңіліңнен шықпай жүр ме?- деді күліп.
- Мейіржан, Айдосты бір- екі рет байқап қалдым. Ауданның бұзылған жігіттерімен бірге жүр. Олар наркотикпен айналысады.
- Не дейсің? Қой, басқа-басқа біздің Айдостан ондай шықпайды. Өзі болмысы жуас, оның үстіне баяғы жол апатынан соң өте биязы болып кеткен,- деді Мейіржан ойланып.
- Жалған сөйлеп отырған жоқпын досым. Өз көзіммен көрген соң айтып отырмын. Қазірден жөнге салып, ара жігін ажыратып, анау бәлелерден басын ажыратып ал. Бұлай кете берсе нашақор болып өзінің де, сендердің де өмірлеріңді өксітеді,-деді досы күрсініп.
Түрі бұзылып кеткен Мейіржан аға аяғынан әрең тұрды. Қоштасып, шығып кеткен досын да шығарып сала алмады. Тәлтіректеп үйге кірген бетте бөлмесіне барып жатып қалды. Бүк түсіп теріс қарап жатқан күйеуін көрген Айсұлу жеңгей жанына келді:
- Мәке, тыныштық па? Не болды? Түрің өзгеріп кетіпті боп-боз болып. Қан қысымыңды өлшеп жіберейікші.
- Жоға ештеңе емес. Басым ауырып аяқ астынан. Біраз жатып дем алсам қоятын шығар.
- Салқын су әкеліп берейін бе?
- Жоқ керек емес.
Айсұлу бұдан әрі мазасын алмайын деп аяғының ұшымен бөлмеден шығып кетті. Мейіржан ұзақ ойланып жатыр. Соңғы кезде ұлының өзгеріп жүргенін байқағаны рас. Бірақ мұндай жағдаймен жүреді деп үш ұйықтаса да түсіне кірмепті.
Айсұлу жеңгей кеткен соң да Мейіржан аға ұйықтай алмады. Ары-бері аунап ұзақ жатты. Қалайша менің ұлым нашақор болды? Аузына темекі алмаған бала нашаға жүгіну деген сенбейтіндей нәрсе ғой, деп ұзақ ойланды. Не де болса өзімен сөйлесіп көрейін деп Айдосты күтті. Әдеттегідей баласы тағы кешікті. Түн ортасы болды әле жоқ. Таңға жуық көзі ілініп кетіп еді, қақпаның тарсылынан оянып кетті. Ақырын бөлмесінен шықты да, кіре беріс бөлмеге өтті. Үй іші тегіс таңғы тәтті ұйқыда. Үстел үстінде отырған әкесін көрген Айдос сасқалақтап қалды. Көзін тайдырып әкетті де:
- Көке, сіз... сіз неге ұйықтамай отырсыз,- деді миығынан күліп.
- Бері қара!-деді әкесі.
- Менің ұйқым келіп тұр,-деп аяқ астынан Айдостың қабағы қатуланып шыға келді.
- Бері қара дедім саған!
- Ал, не! Не болды соншама! Не көргің келіп тұр!- деген Айдостың көздері қып-қызыл болып әкесіне атылды.
- Оңбаған неме! Сен немен айналысып жүрсің а? Біз сені мақтан етіп жүрсек, бәрінен де асып түстің ғой сен. Наша шегіп жүргенің рас па?
- Қайдағы наша көке? Қазіргі тілмен айтсаңызшы "наркотик" деп, ха ха ха, - деді айқайлап күліп. Өз бөлмесінен сығалап тұрған келіншегі мына көріністі көрді де, қолдары дірілдеп дереу есігін жаба қойды.
- Иттің баласы! Енді осы ма еді көрмегеніміз? Біз сені күйзелісінен арылсын деп үйлендірдік. Отбасын асырасын деп жұмысқа тұрғыздық. Айтқан рақметің сол ма? Әжептеуір жұмыс жасап жүр едің ғой, не болды саған?
- Өмір бір рет келеді, көке! Шалқып өмір сүрмегенде ше? Несіне тіріміз онда?- деп Айдос екі қолын жайды.
Бетіне шапалақпен салып қалған әкесі аяқ-қолы дірілдеп еденге отыра кетті. Бетіне ащы шапалақ тиген Айдос одан бетер құтырып, әкесінің жағасына жармасты.
Орнынан атып тұрған Мейіржан баласының есін жиғызу үшін асханаға кірді де бір кружка суды алып бетіне шашып жіберді. Селк ете қалған Айдос біраз үнсіз тұрды да, тәлтіректеп бөлмесіне кіріп кетті. Келіншегі қорыққанынан көрпені тас жамылып, өтірік ұйықтаған болып теріс қарап бүк түсіп жатып қалыпты.
Айдос сол жұмыс киімімен келді де диванға ет бетінен жата кетті. Ал, Мейіржан аға ойланып біраз отырды да, ертең сөйлесермін деп бөлмесіне беттеді.
Солай күндер өте берді. Айдос кешігуін үдетпесе тоқтатқан жоқ. Бұл баланы не істеймін деген ой Мейіржан ағаны жегідей жеді.
Күндіз-түні ойлана беріп ақыр соңында қажып бітті. Тіпті соңғы күндері Айдостың жағдайын үй іші түгел естіген болатын.
Ана деген перзентін жамандыққа қимайды емес пе? Сонда да ұлын уайымдап, ерте келсе қуанып, кеш келсе тілеуін тілеп отыратын. Бірақ күндер өте үйде бір өзгерістің болып жатқаны ақырын - ақырын біліне бастады. Үйдегі қомақты, жарамды заттар жоғала бастады. Әрине сырттан келіп ешкім ұрламайтынын бәрі де біледі. Неше жылдан бергі үй емес пе? Бұрын-соңды ондай болмаған. Бұл жағдайдың соңы ұрыс жанжалмен аяқталды. Себебі, мұның бәрін Айдос болмайтын ақшаға сатып қажетін өтеп жүрген екен. Әр жанжалдың соңында:
-Кешіріңіздерші, енді тоқтатамын! Адам боламын,- деген сылтаумен жылы жауып қоя салатын. Мұндай ұрыс жанжалдан соң Айдос бір жетідей әжептәуір өзгеріп, адамға ұқсап өмір сүреді де, бір жетіден соң сол баяғы "хәләуләйліміне" қайта басады. Бір күні Айдос тағы да қатты кешікті.
Іші бірнәрсені сезген Мейіржан ағаның қолы еш тірлікке барар емес. Бұл жолы оның тірлігіне қанық үй іші оны түгелімен күтті. Тағы да таң ата кіріп келген Айдос кірген бойда еңіреп жылап жіберді:
- Көке, маған көсектесші. Олар мені өлтіреді болмаса,- деді дауысы дірілдеп.
- Не болды? - деген үй іші орындарынан атып тұрды. Сөйтсе, Айдос жұмыс жасап жүрген фирмасының кассасынан 1 миллион теңгені алып құмар ойынына тігіп, ұтылып шыққан беті осы екен. Мына сұмдықты естіген Айсұлу жеңгей талықсып бара жатты. Ал, Мейіржан аға боп-боз болып орнынан қозғала алмай тұрып қалды.
Енді не істейді? Бақандай 1 миллион? Қайдан алады мұндай ақшаны? Кімнен сұрайды? Өздері әйтеуір өлместің күнін кешіп, ары тартса бері жетпей жүрген шаруа адамдары болса.
Тума туыстан қарыз сұрап топтаса да болар еді. Бірақ, не бетімен сұрайды? Ұлым нашақор еді, енді фирманың кассасын құмарға тігіпті, ұтылып боздап отыр, көмектесіңдерші дей ме? Жо-жоқ! Атама! Одан да өлгенім артық. Тыныш қана қара жердің астында уайымсыз жатқаным дұрыс деп ойлады Мейіржан аға.
Амал жоқ, сол баяғы кредит деген атың өшкір пәлеге жүгінді. Солай баласының былығын тазалап шықты. Қуана -қуана әке-шешесіне рақметін айтып, енді қайталамаймын деп уәдесін беріп жұмысына кірісті. Келіншегі де момын болғандықтан бәріне үнсіз төзді. Ажырасуды тіпті ойлаған да емес. Бір күн болмаса біп күні Құдай нысап беріп қалар деген үмітпен өмір сүріп келеді.
Оның үстіне екіншісіне аяғы ауыр. Қайда барады? Төркінге тіс жарып ештеңе айтқан емес. Осынысы үшін ата-енесі келіндерін қатты бағалайды. Өз туған қыздарындай жақсы көреді. Сондықтан да, келіні бұларды тастап кеткісі келмейді. Қайтадан қалыпты күндер өтіп жатты. Баласының жаман қылықтарынан жүрегі шайлығып қалған ана байғұс баласы сәл кешіксе қорқып отыратын болған. Мейіржан ағада баяғы тыныш ұйқы атымен жоқ.
Жасы келсе де әр жерде жалдамалы болып жұмыс жасап жүр. Бір баласынан жақсылық көре алмаған әке екінші баласынан үміті зор еді. Сабақты жақсы оқып, жоғаиы оқу орнына өз күшімен түсіп білім алып жүр. Айдос сияқты емес, бәрінің тілін тауып, қалалық жігіттермен достасып студент атанып кеткен. Бір күні түскі астарын ішіп отырғанда Мейіржан ағаның телефоны шырылдады. Еш уайымсыз тұтқаны көтерген әкесінің түрі бозарып кетті:
- Алло!... Иә мен. Неге?... Жарайды сөйлесейін... деп тұтқаны тастай салды.
- Тыныштық па? Не болды? Кім хабарласты? Не деді? - деп кемпірі жаны қалмай сұрап жатыр.
- Бұлар мені тірідей көрге тығатын шығар!- деген әкесі орнынан атып тұрды.
- Қайда әлгі балаң? Бірінің күйігі аз еді, екіншісі қосылды.
- Мәке, айтсаңшы көкем-ау. Не болды? Айдос па тағы?
- Жоқ, Ердосың. Бұлар мені тірідей көрге тығатын шығар. Сабағынан хабарласты. Бір ай болыпты бармағанына.
- Не дейді құдай. Бұл балаларға не болды? Өзіне хабарлассаңшы. Ұрыспай сұрап көрші жарайды ма Мәке? - деп анасы байғұс сонда да баласын ойлап тұр.
- Қазір хабарласайын.
Мейіржан дереу телефонды қолына алды. Ашумен қолдары дірілдеп Ердостың нөмірін әрең тапты.
- Алло? Ердос? Сен ба? Қайдасың балам?
- Көке қалайсыздар? Қазір хабарласам, сабақтамын. Жарай ма?
- Тоқта! Қайдасың? Сабағыңа бармай жүргенің рас па? Мұғалімің хабарласты.
- Көке, екі күннен соң демалыс болады. Үйге барған соң айтамын. Жақсы, қолым босамай тұр еді,- деген баласы тұтқаны қоя салды.
- Не деді? Тыныштық па екен? Аман ба өзі?- деген Айсұлу жаны қалмай тыпыршып тұр.
- Ештеңе жоқ, дін аман. Екі-үш күнде келеді,- деген Мейіржан үнсіз қалды.
Айтқандай-ақ Ердос үш күннен соң қаладан келді. Әкесінің бірінші әңгімесі оқу туралы болды.
- Көке, мен... Сіз қиналып жүрген соң көмек болсын деп жұмыс жасап жатыр едім,- деді де әкесінің алдына бір бума ақша қойды.
- Жұмысы нес балам-ау? Сені оқысын деп жібердік емес пе?
- Иә, бірақ... Оқимын ғой. Азда ақша жағынан қарасайын дегем... Оқуымды қайта жалғастырамын. Бірақ сізден сұрайын дегенім, анда-санда жұмысқа шығып тұрсам болады ма?
- Жарайды, бірақ оқуыңа кесірі тимейтін болсын,- деп қатал ескертті әкесі. Қуанып кеткен Ердос ауылда аунап-қунап екі күн болды да, қалаға қайтты. Тыныш күндер алма-кезек өтіп жатты. Бірақ бұл тыныштық үлкен дауыл алдындағы тыныштық еді. Себебі, Айдос баяғы әдетін қайта бастап кеткен болатын.
Жалғасы бар...